Озық мәдениеттің үлгісін көрсететін бұл өнер біздің елімізде де жыл санап қанат жайып, көрермен қатарын көбейтіп келеді.
Бүгінде Қазақстанда 70 театр жұмыс істейді, оның 57-сі – мемлекеттік театр. 11 республикалық, 46 өңірлік өнер ордасы бар. Соңғы төрт жылда елімізде бес жаңа мемлекеттік театр ашылды. Бұл театр өнерінің дамып келе жатқанын, сұранысқа ие екенін анық аңғартады.
Қазақстандық театрлар өз көрермендерін жаңа қойылымдармен қуантып қана қоймай, елімізді халықаралық деңгейде де танытып жүр. Өнер ұжымдары 2024 жылы 396 гастрольдік сапар ұйымдастырса, оның 350-і ел ішінде, 46-сы шетелде өтті.
Отандық театрларда 9 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның 4 200-і шығармашылық ұжым өкілдері. Бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден аса жаңа қойылым қойды, олардың 107-сі өз авторларымыздың шығармалары негізінде сахналанған.
Қазақстандағы осы бір жауһар өнердің бір ғана жетістігі деп Музыкалық жас көрермен театрының «Гауһартас» спектаклін атап өтуге болады. Бұл қойылымның әр сеансы аншлагпен өтті. Нәтижесінде, 100 мыңнан аса көрермен жинап, елімізде және жалпы Еуразия кеңістігінде рекорд орнатты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та IV Ұлттық құрылтайда театр мәдениетінің маңыздылығына тоқталып, оған «Театр – адам жанының айнасы, ой мен сезімнің үйлесімі, өмірдің түрлі қырларын сахнада шебер жеткізетін ұлы өнер» деп баға берді.