Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар орналасатын қонақүйлердің дайындығы қалай

27 Шілде, 12:15 538

Астанада қонақүйлердің Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы делегацияларды қабылдауға дайындығы көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы ДКО-ға келетін делегациялар орналастырылатын қонақ үйлердің дайындығы мен жұмысын ұйымдастыру бойынша презентация өткізді. 

Дирекция басшысы Наиль Нұров Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа қонақүйлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды ұсынды. Атап айтқанда, жұмысты ұйымдастыру, келу маршруттары, навигация, ойын стиліндегі көлікті безендіру, сондай-ақ қонақ үйлердегі еріктілердің жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар делегация мүшелерін орналастыру үшін нөмірлер туралы ақпарат берілді.

Одан кейін жұмыс тобы нысанның ойындарға дайындығымен танысу үшін Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына барды.

Жауапты мамандар нысанға кіруді басқару және бақылау жүйесін, сондай-ақ билеттерді тексеру және аккредиттеу процесін тексерді. Сонымен қатар бейдждер мен билеттердегі QR кодтарын қолдана отырып, көрермендердің кіруі қалай ұйымдастырылатыны егжей-тегжейлі зерттелді.

Айта кету керек, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйекте өтеді. Іс-шараға әлемнің 89 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Астанада өтетін Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Спорттық жарыстар мен мәдени іс-шараларға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: