Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы реформаларды қолдау жөніндегі бастамаларын құптаймыз – Байбазаров

30 Тамыз, 20:15 1186

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Астанада Дүниежүзілік банктің (ДБ) және Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC – Дүниежүзілік банктің тобына кіреді) өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс-шараға Орталық Азия бойынша ДБ өңірлік директоры Татьяна Проскурякова, Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Андрей Михнев, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша IFC өңірлік менеджері Зафар Хашимов және Қазақстандағы IFC өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджамин қатысты.

Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, бұрын қаржыландырылған инвестициялық жобаларды іске асыру барысын және Қазақстандағы Дүниежүзілік банк тобының бағдарламаларының тиімділігін арттыру үшін кедергілерді жою мәселелерін талқылады.

Нұрлан Байбазаров қазіргі уақытта Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасында экономикалық мәселелердің кең ауқымын қозғайтын тығыз байланыстар жолға қойылғанын атап өтті.

Дүниежүзілік банк өкілдері еліміздің экономикалық дамуы үшін, оның ішінде көлік және логистика, инфрақұрылым, энергетика, коммуналдық шаруашылық сияқты бағыттарда аса маңызды жаңа жобаларды іске асыру бағытында қаржыландыру ұсынуға өздерінің мүдделілігін танытты.

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі уақытта 2025-2030 жылдар аралығындағы бес жылдық кезеңге арналған серіктестіктің жаңа негіздемелік стратегиясын келісу рәсімдері өтуде. Стратегияда Қазақстандағы ДБ қызметінің негізгі бағыттары айқындалатын болады, олар: мемлекеттік сектор реформаларын қолдау, макроэкономикалық және фискалдық орнықтылық, қаржы секторы, ауыл шаруашылығын трансформациялау, цифрлық даму.

Әріптестік жылдарында біз өзара тиімді ынтымақтастық құра алдық және Банктің Қазақстанның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Елімізде неғұрлым инклюзивті әрі орнықты дамуға қол жеткізу үшін жүргізіліп жатқан реформаларды қолдауға бағытталған әріптестігімізге үлкен мән береміз, – деп түйіндеді Н.Байбазаров.

Зарина Арман
Бөлісу: