Дулати университетінің студенттері Наурызды жоғары деңгейде атап өтті

25 Наурыз, 07:34 598

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Дулати университетінің бастауымен атаулы мейрам лайықты деңгейде аталып өтті. Мерекелік шараға университет ұжымы мен студенттер қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Ұлыстың ұлы күнін зор ілтипатпен қарсы алуды дәстүрге айналдырған университет ұжымы биылғы тұспа-тұс келген қасиетті Рамазан айын назардан тыс қалдырмады. Ауызашар ұйымдастырылып, бас тағам – наурыз көже ұсынылды.

Ұлық мерекені оқу ордамызда атап өтудегі басты мақсат – ұлттық мерекені насихаттау және қалыптасқан жаһандану жағдайында оның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызын дәріптеу. Бұл – жастар тәрбиесіндегі басты қағида. 

Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор  Аслан Еділханұлы сөз алып, жиналғандарды мерекемен құттықтап, бұл күн береке мен бірліктің, мейірімділік пен өзара сыйластықтың қасиетті мерекесі екенін атап өтті. 

Сән мен салтанаты келіскен мерекелік шарада  концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнерпаздар әнмен әуелетіп, күмбір күйден шашу шашты. Мың бұрала билеген бұрымдылар көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.

Университеттің спорт алаңында ұйымдастырылған қазақтың ұлттық ойындарын қызықтап мәз-мейрам болғандардың да қатары қалың. Жастар әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, қол күрес, асық ату мен ләңгі тебу секілді ойындарға белсене қатысты.Салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, мерейлі мерекенің сәнін кіргізді.

Наурыз біздің бай рухани мұрамыздың, ұрпақтар арасындағы ажырамас байланыстың, жаңарудың және жаңа өмірге деген ұмтылыстың жарқын нышаны.Бейбітшілік пен жақсылықты бейнелейтін, қуаныш пен сүйіспеншілікке толы, достық пен өзара сыйластықты нығайтуға ықпал ететін мереке.

Шара соңында, ізгілікке жетелейтін өсиет-тілектер айтылып, елді бірлікке бастайтын мағыналы ойлар қозғалды. Мерекеге арнайы келген қауым өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты.

Зарина Арман
Бөлісу: