Дуэль, дуалы ауыз ақынға араша және Достоевский

30 Маусым 2014, 12:56

Дюманың «Үш ноянын» немесе Лермонтовтың «Бiздiң заманның қаһарманын» оқып өскен адамға дуэльдiң не екенi, неден шығатыны, түбi неге апарып соқтыратыны жап-жақсы-ақ белгiлi болса керек.

Дюманың «Үш ноянын» немесе Лермонтовтың «Бiздiң заманның қаһарманын» оқып өскен адамға дуэльдiң не екенi, неден шығатыны, түбi неге апарып соқтыратыны жап-жақсы-ақ белгiлi болса керек. Жекпе-жекте атысушы екi адамның бiрi көз жұмып, құрығанда, жаралы болуы мүмкiн. Оқ айдалаға қаңғырса, онда екеуi де сау...

Қайсыбiр оқырманның мынадай заманда дуэльдi сөз қылып жату iшi пысқан адамның әурешiлiгiнен туған дерттi һәлдiң көрiнiсi деп ойлауы кәдiк. Олай болуы да ықтимал. Кiм бiледi, арамызда обломовтар да, обломовшылдық та ендiгi пайда бола бастаған болар. Соның бiрi – бiз болып жатсақ, өзiмiзге де обал жоқ. Бiрақ заң-закон қорғай алмайтын, қорғауға құлықсыз ар-намысты қайда қоямыз?

Әдебиетшiлер қауымы дуэльшiлерге қашан да бай болған. Лермонтов, Пушкин, Гумилев... бұл тiзiм созылып кете барады. Бiз оқырманға есiмi бiрнәрсе айта алатындарын ғана екшеп алып отырмыз.

Ал, осы ақындарды көзi тiрiсiнде ақымақ болған деп ешкiм айта алмасы және шындық.

Дуэль дегеннен шығады, қазiргi қазақ әдебиетi әр түрлi жөндi-жөнсiз пiкiрталас, бiтпейтiн дау-дамайдың ошағына айналып тұр. Демократия екен деп, белден басып, тiзеге салып жатқандар да баршылық. Кейбiр тұста жеке бастың есебiн түгендеп алсам деген пендешiлiк пиғыл да қылаң берiп қалады. Қайсыбiр ақын-жазушыларымыздың тарапына айтылып жатқан жеке басқа, азаматтық ар-намысқа тиетiн сөздерден ол түгiлi, ол кiсiмен үш қайнаса сорпаңыз қосылмайтын сiздiң де жүрегiңiз бiрге шаншып кетедi кейде.

Мiне, бiр топ ақын отыр. Арасындағы бiреуi, тiзгiн ұстар жасқа жеткенi тура бiр өзi бүкiл әдебиеттiң шаруасын «тындырып» тастағандай, ақсақал ақынды жерден алып, жерге салып сыбап жатыр. Анау-мынау ақсақалшылдықтың пұт-құдайшығына айналған ақынды емес, азаматтығы да, ақындығы да халықтың көңiлiнен шығып, қошеметiне ие болған ақынды, және көзiнше емес, сыртынан. Осы ортада сен құрмет тұтатын, қазақ әдебиетi барда шығармашылығы да бiрге жасай беретiн ақынды қорғауға ниет танытып жатқан және ешкiм жоқ. Бәрi сыбаушымен бiрауыздан келiсiп алғандай. Iштей, сырттай болса да өзара сыйластық жоқ жерде, әдебиет қалай өркендемек деген ойға кетесiң. «Сен тимесең – мен тимен бадырақ көз» болып және қала бергiң келмейдi. Намысы қыз-қыз қайнаған бағзы дуэлянттар секiлдi «Аға, өзi жоқ, көзi жоқ жерде, ол кiсiнi былай балағаттай бермеңiз, қажет болса, ол кiсi үшiн оқырманы ретiнде сайысу алаңына баруға мен даярмын» дегiң келiп кетедi.

Қазiргi ақындар iстiң емес, құр сөздiң ақындары болып бара жатқан секiлдi. Бiлемiз ғой Расул айтатын тәмсiлдегiдей, имам Шәмiл секiлдi бiреу шығып, бiр сығып алса, көбiсiнiң өлеңдi қойып кететiндiгi де анық. Сiлкiлеп алатын адам жоқ, сөз тегiн болғасын осылай жөн-жосықсыз сайрайды-ақ келiп. Онысы құр бөспелiкке айналып бара жатқанымен де iсi болмай сайрайды.

Отызға жетер-жетпес жастағы Есенин «Ресей сенiкi емес, менiкi болады» деп, жолын кес-кестеп еңiреп жылағанда, «Оныңды бетiне май жаққан нан ғып же» деп, терiс айналып жүре берген Маяковскийлер ер екен ғой дейсiң осындайда. Жұдырығы дәу, мас болып мазамды ала берме деп көсеп жiберсе де болады ғой. Жоқ, өйтпейдi. Түбi Ресейдiң өзiнiкi емес, осы бiр аңқылдақ ақындiкi болатынын сезiнген ғой, асылы.

Осы күндегi әдебиетiмiздiң iшкi өмiрiндегi ахуалға қарап отырып, қазақ ақын-жазушыларының арасында дуэль дәстүрiн енгiзу керек пе деп ойлайсың. Сонда көп өлеңшi бүгiнгi «айбарынан» айырылар едi. Баспасөз беттерi жеке бастың қадыр-қасиетiн күстаналайтын былапыт мақалаларға толмас едi. Өзара ар-намыс үшiн атысқаннан қазақ баласы қырылып қалмайды, есесiне сөзi мен iсiне жауап бере алатын саналы да өр мiнез ұрпақ қалыптасады.

Дуэльдiң қажеттiгi туралы бiз ғана емес, кезiнде адам жанының бiлгiрлерiнiң бiрi ұлы Достоевский де толғаныпты. Жазушының 1875 жылы, 30-шы желтоқсанда күнделiгiне түсiрген ой-пiкiрлерi арасында дуэль туралы мынандай жолдар бар:

«Сондай-ақ, ар-намысты немен қорғап, дуэльдi немен алмастырмақ екенбiз? Дұрысы, 30-ыншы, 40-ыншы жылдардағы басшылықтың үйреткенiндей ар-намыстың болмағандығы жөн. Бiрақ шпаганы әкелуiмiз Еуропаны да әкелуiмiз ғой. Ал дуэль дегенiмiз, тiптi де топастық емес: оны жоққа шығаратындар келте ойлайтындар, дуэль болса ғасыр басынан қалыптасқан ақиқат. Шпага Отанды қорғау үшiн ғана қажет екендiгiн айта беретiн генералдар оны өзiнiң ар-намысын қорғау үшiн жалаңаштағандар жаумен шайқаста да нағыз ержүректiлiк танытып, қаһармандық көрсете бiлгендерiн бiлмейдi немесе бiлгiсi келмейдi, ал салқынқандылар... интенданттар мен «скептиктер» ғана болып шықты!»

Иә, интенданттар мен «скептиктер» бiзге де керек емес. Ал, ақынның жазушының жеке басының ар-намысын қалай да қорғалуы тиiс.

Бөлісу: