Достықтың көпірі – ортақ тіл!

6 Қараша 2019, 14:15 5189

Елордалық Достық үйінде Жастар жылының және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауы өтті.


Аталмыш кешке қоғам қайраткерлері, елордалық этномәдени бірлестіктердің және ҚХА жастарының өкілдері қатысты. Оның ашылуында сөз алған қалалық ассамблея кеңесінің мүшесі Амангелді Сыздықов: «Жаңа бір тілді меңгеру, бөлмеңізге жаңа терезе орнатқанмен тең. Мемлекеттік тілді меңгеру баршамыздың міндетіміз. Бұл байқау елордалық ҚХА жастарының белсенді әрі қазақ тіліне деген құрметінің жоғары екендігін көрсетеді», - деді.


Байқау нәтижесін ұстаз Айтолқын Күзембекова, тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұрзила Қасқатаева және қалалық «Қоғамдық келісім» КММ-нің өкілі Қадырбай Нұрпейісұлы бағалады.


Байқауға қатысушылардың қатарында ұйғыр, өзбек, қарақалпақ, беларусь, украин, поляк, дүнген этномәдени орталықтарымен бірлестіктерінің жастар қанатының өкілдері болды. Олар 3 кезең бойынша бақ сынасты. Байқау барысында қатысушылар бірлесіп «Тіл-достықтың алтын көпірі» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетті. Сондай-ақ, қатысушылар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын нақышына келтіріп оқыды.


Сайыс қорытындысы бойынша 1 орынды Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени орталығы, 2 орынды «Polacy» қоғамдық бірлестігі, 3 орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы иеленді. Байқау жеңімпаздары мен барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Бөлісу: