Қызылордада Қазақстандағы Өзбекстан жылын қорытындылау аясында мерекелік іс-шара өтті.
Достық үйінде ұйымдастырылған «Достық – баға жетпес байлық» мерекесіне облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдары, облыстық этномәдени бірлестік жетекшілері мен мүшелері, , «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері қатысты.
Мерекелік кешті облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов құттықтау сөзбен ашып, ұлтаралық достықтың нығаюына сүбелі үлесін қосқан бес азаматты өңір басшысының алғыс хатымен марапаттады.
Іс-шара аясында өзбек ұлттық нақышын айқындайтын қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға арнайы әзірленген бейнероликтер де көрсетілді.
Сыр еліндегі он бір этномәдени бірлестіктің ішінде өзбек ағайындардың орны ерекше. Өз тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін нығайтуда бірлестік мүшелері үлкен белсенділік танытуда, осы жылы олар Сыр өңірінде 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырды.
Концерттік бағдарламада облыстық филармония өнерпаздары мен Түркістан облысынан арнайы шақырылған шығармашылық ұжым өнер көрсетті.