30 Маусым 2014, 12:18
Ұлы мұраттардың беймәлiм
күрескерлерiне арналады
Балалардың сүйiктi қаламгерi Ханс Кристиан Андерсеннiң «Үйректiң сүйкiмсiз балапаны» деп аталатын әйгiлi ертегiсiн оқырман ағайын үшiн төменде баяндалмақ әңгiмемiздiң мазмұнына енуге мүмкiндiк берер кiлт деуiмiзге болатын секiлдi.
Ертегiнiң нобай-сұлбасы жадыңызға оралған болар. Онда ана үйрек мәпелеп басып шығарған жұмыртқалардың iшiнен бiреуiнiң әлдебiр жолдармен өзге тумаластарына ұқсамай қалатыны туралы сөз болатын едi ғой. Осы балапан өзгелерден болмыс-бiтiмi бөлектiгi үшiн маңайындағылардан әбден зәбiр көретiн-дi. Төңiрегiндегiлерден тартатын теперiштiң мұның өзiнiң үйректiң балапаны емес, аққудың көгiлдiрi екендiгiн түсiнетiн сәтiне дейiн үздiксiз жалғасатыны бар-ды. Иә, ертегiдегi «Сүйкiмсiз балапанның» жүзi өзiнiң тегi сырбаз да сұлу аққулар санатынан екендiгiн сезiнгенде жайнап сала беретiн. Ал бұған дейiнгi өмiрi... Ол тек қара бояудан ғана тұратын.
Ендi осы ертегiнiң айтпағын, ол көтерiп отырған сауал-мәселенi тарихта көрiнiс берген оқиғаларға, олардың адамзат баласы талайына ендiгi қарғыс таңбасын басып үлгерген қайсыбiр кейiпкерлерiне бағыттап бұрып көрейiкшi. Олардың арасында да тегi аққу, бiрақ бiз шын қадыр-қасиетiн ұғына бермейтiн, жұмбағын шешуге мүмкiндiгiмiз, яки құлқымыз жоқ жоғарыдағы «сүйкiмсiз үйрек балапандары» секiлдiлер ұшырасып қалмас па екен?..
Қисын бар нәрсенiң бәрi де салғастырулар арқылы танылады дейдi. Кiм бiледi, ертегiге арқау болған аянышты һәм ақыры сүйiнiштi болып аяқталатын ақындық қиялдан шығарылған осынау астарлы оқиғаның түпнұсқасы атануға лайықты жайттар түйгенi мың қатпар, жасырған құпиясы одан да қалың абыз-Тарих парақтарынан да жолығысып қалуы бек мүмкiн ғой.
Бiз ендiгi бастай беруiмiзге де болатын достық туралы әңгiмемiзде негiзiн ертегiден алатын осындай тұспалды сауалға өз хал-қадерiмiз жеткенше жауап iздеуге талпынып көрмекшiмiз. Ал назар аударылмақ оқиғаларына қарай бiрнеше бөлiмнен тұратын бұл iзденiстерiмiздiң қайсысы мазмұны жағынан «үйректiң сүйкiмсiз балапаны» ертегiсiне жақындайтынын анықтау, әрине, оқырманның өз еркiндегi шаруа болмақ. Сонымен, кiрiспе сөздi соза бермей, кiлтi кәдуiлгi ертегi болып табылатын достық туралы бiрнеше тараулы әңгiмемiздiң өзiне, оның алғашқы бөлiмiне кiрiсейiк.
Пайғамбар һәм пенде. Жазушы Анатоль Франстың «Эпикур бағы» атты топтамасына кiретiн шағын дүниелерiнiң бiрiнде Париж соборының бiрiншi викарийi (дiни лауазым) аббат Эжже туралы әңгiмеленедi. Автор «жандүниесi өзгелердiң қайғы-қасiретiне бейғам қарай алмайтын осы бiр дiн қызметшiсiнiң санасына опасыз Иуданың мәңгiлiк тозақ отына күйiп жатқандығы туралы ой еш дамыл таптырмайтын. Әрдайым осы туралы ойлана беретiндiктен, оның мазасыздануы да күн өткен сайын күшейе түстi» дейдi.
Мiне, осы аббат Эжже ақыр соңы барлық «Iзгi хабарлар» мазмұны мен қалыптасқан шiркеу дәстүрлерiне қарсы шыға отырып, «Иуда тозақ отына қақталмауға тиiс, ол құтқарылған, қазiр Иса мәсiхтiң жанында отыр» деген байламға келедi.
Тәңiрге кезектi құлшылықтарының бiрiнде ойын Иуданың тағдырына деген күмәннен сейiлту үшiн: «О, Жаратқан ием, шын шексiз мейiрiмдi екенiң рас болса, сенiң Иуданы өзiңнiң қасыңа алғаныңа титтей де күдiгiм жоқ. Он сегiз ғасыр бойы қарғыс арқалап келе жатқан ол расымен сенiң жаныңда болса, төмен түсiп, маған бiр белгiсiн бiлдiрсiн», – деп көз жасы көл бола тiлек еткен аббаттың тiлегiн Құдай да сол сәт қош көрiптi дейдi қаламгер. Анатоль Франстың жазуынша, дәл осы сәтте Көктен түскен Иуданың екi алақаны аббаттың басынан сипап, оған ризашылығын бiлдiргендей болған.
Франс осы оқиғадан кейiн Иуданың Исаның жанында екендiгi туралы iзгi хабарды таратуға ел аралап кеткен аббат Эжженiң сведенборгшы болғанын және Мюнхенде жоқшылықта өлгенiн хабарлайды. Әңгiме «Ол соңғы және ең момын қабылшы едi» деп (Қабылдың ақтығына сенушiлер) түйiнделедi.
Бұл баяндауымыздан оқырманның алғашқы әңгiмемiз айқышқа керiлген Иса мәсiх пен оны жауларына отыз сөлкебайға сатты делiнетiн сахабаларының бiрi Кариоттан шыққан Иуда туралы екендiгiн аңғарғанына еш күмәнiмiз жоқ.
Шiркеу мойындайтын Iзгi хабарлардың бәрi де осы Иуданы Иса ғалайссалам сахабаларының iшiндегi ең сүйкiмсiзi, өзiмiз аттаныс нүктесi етiп алған ертегiмiздiң тiлiмен айтқанда, «үйректiң жексұрын, сұмпайы балапаны болатын» деуден әсте танбайды.
Ал бiз христиан шiркеуi қарғыс таңбасын басқан осы «үйректiң сүйкiмсiз балапанын» өз тарапымыздан «асылтектi аққудың көгiлдiрi» етiп шығаруға талпынып көрсек ше? Жалпы, мұндай әрекет жасап көруге мүмкiндiгiмiз бар ма? Егер солай етуге батылымыз жетiп жатса, Иуданы ақтап алмақ талпынысымызға қол ұшын беретiн қандай да болсын көнекөз тарихи деректер мен дәйектердi таба аламыз ба?
Иә, бiзге, бұл сауалдарға жауап iздейтiн болсақ, христиан әлемiнде жиырма ғасыр уақыт бойы үздiксiз қалыптасқан қатып қалған догма деңгейiндегi түсiнiктерге қарсы шығуға тура келмек. Қорқынышты-ақ...
Әйтсе де, бiзге қолымызда бар бастаухаттармен тиянақты жұмыс iстей алсақ, үрейленетiн де ештеңе жоқ секiлдi. Мысалы, Кипрден шыққан әулие Епифаний дегеннiң бiр еңбегiнде Иуданы Иса мәсiхпен бiр деңгейде құрмет тұтатын белгiсiз қабылшылар сектасы туралы әңгiме болады (Анатоль Франстың әңгiмесiндегi аббат Эжженiң соңғы қабылшы болғандығын еске түсiрiңiз). Осы қабылшылар Иуда Иса мәсiхтi Жаратқанның өзiнiң қалауымен жау қолына ұстап бердi деп уағыздайтын болған көрiнедi («Книга Иуды». Санкт-Петербор, 2006 ж., 94-бет). Аңғаруымызда олар бiзге белгiлi әңгiмелердегiдей Иуданың дүниеқұмарлығы адамзатты құтқарушының айқышқа қағылып, азаппен өлуiне себепшi болды дегенге тiптi де сенбейтiн болған.
Иә, бiздiң байқағанымыз, Иуданы ақтап алуға тырысушылардың христиан дiнi мен шiркеу ендi-ендi қалыптаса бастаған сонау II-III ғасырларда да аз болмағандығы. Иса мәсiх пен Иуда заманынан аса алыстай қоймаған олардың бiзге беймәлiм әлдебiр шындықтарды бiлетiн болған болуы әбден мүмкiн ғой. Ол шындықтар қандай едi?
Бұл сауалымызға III және IV ғасырлар аралығында Таяу Шығыс немесе Мысырдағы қайсыбiр гностикалық секталардың бiрiнде жазылып, бүгiнге жеткен «Иудадан қалған iзгi хабар» атты жәдiгер жауап бере алатындай («Книга Иуды». Санкт-Петербор, 112-125-бб.).
Әрине, бұл жәдiгердi Иса мәсiхпен бiр күнде фәниден көшкен Иуданың өзi жазбағандығы анық. Ал жәдiгердiң бiз бiлмейтiн белгiсiз авторы болса Иуданы Иса ғалайссаламның ең сүйiктi шәкiртi едi деуден әсте танбайды. «Он екi сахабаның iшiндегi Исаның жанын, оның мұрат-мақсатын ең жете сезiнетiн де, оған бiлiмiмен һәм бiлiгiмен жақын келе алатыны да осы Кариоттан шыққан Иуда болатын». Жәдiгердiң белгiсiз авторының бiзге жеткiзбекке талпынған басты ұстанымы осыған саяды.
Иуда өзiнiң Иса мәсiхтi сатуға тиiстi болатынын, пайғамбардың өзге сахабалары тарапынан қуғынға ұшырайтынын бiлдi ме? «Иудадан қалған iзгi хабар» бұл сауалдарға да жауап бередi.
Иә, Иса мәсiх те, сахаба Иуда да өздерiнiң фәни жалғандағы тағдырларының қалай аяқталатынын өте жақсы сезiнген. Әйтпесе, жәдiгер мәтiнiнен оқып бiлгенiмiздей, Иса мәсiхпен оңашада болған әңгiмеде Иуда қалған сахабалардың өзiн таспен атқылап қуалап жүргенiн аян түсiнде көргенiн, сол түсiнде өзiнiң Иса мәсiхке iлесiп Тәңiрiнiң үйiне көтерiлгенiн әңгiмелемес едi ғой. Ал өз кезегiнде Иса мәсiх оған мұны Иуданың опасыздық жасау арқылы құрбандыққа шалуы керек екендiгiн, күндердiң күнiнде өзге сахабалардың үстiнен Иуданың билiгi жүретiн болатынын жеткiзедi.
Бұл не? Екi сырлас достың өзара құпия келiсiмге келуi ме?
Не дегенмен де «Иудадан қалған iзгi хабар» авторы пайғамбар мен оның пенде шәкiртiнiң арасында осындай жасырын ұғынысу болғанын бiздiң санамызға шегелеп, барынша ұғынықты етiп жеткiзуге тырысады.
Егер бiзде ақиқаты солай едi деп жәдiгер авторы ұстанатын осы ұйғарымға тоқтайтын болсақ, Иса мәсiх пен Иуда сахабаның өлiмiнен кейiнгi оқиғалардың даму барысы «көп қорқытады, терең батырады» дегеннiң керiне саятындай. Бәрi де, пайғамбардың айқышқа керiлуi де, оны Иуда сахабаның отыз сөлкебайға сатып жiберуi де Жаратқанның өзiнiң қалауымен, ұйғаруымен болған. Бiрақ мұны, оқиғалардың шын даму барысын, көпшiлiк те, Иса мәсiхтiң қалған сахабалары да аңғара алмай қалады. Нәтижесiнде бiзге «үйректiң жексұрын балапаны» сипаттағы опасыз Иуда туралы әңгiме ғана жетедi. Ал «Иудадан қалған iзгi хабардың» беймәлiм авторы бiзге Кариоттан шыққан осы бiр пенденiң христиан дiндарлары айта беретiндей ешқандай да «үйректiң жексұрын балапаны» емес, керiсiнше, «асылтектi аққулар» санатынан екендiгiн аңғартып тұрған жоқ па?
Иә, Иуда опасыздығы тек дiн өкiлдерiнiң ғана емес, ақын-жазушылардың да сүйiктi тақырыбы. Орыс Леонид Андреев, оның баласы Даниил Андреев, аргентиналық Хорхе Луис Борхес, немiс Клеменс Брентано, жапон Дадзай Осаму, бұл тiзiм осылай созыла бермек. Егер Леонид Андреевте ол өмiрге бiр табан жақын, батыл да парасатты, бәлкiм, ақынжанды қарапайым адам ретiнде суреттелсе, оның ұлы Даниил Андреев «Әлем раушаны» атты еңбегiнде әкесi хикаят арнаған атышулы сахабаны тозақтан жұмақтың әлдебiр қабатына апарып орналастырады. Ал Борхес... Борхес бәрiнен де асып түсетiндей. Бiз оқырманға осы жазушының «Иуда опасыздығы жайлы үш жорамал» атты шағын әңгiмесiн ерiнбей оқып шығуды ұсынған болар едiк.
Дос мұратын iске асыру үшiн дүшпанның табасына қалар опасыздық деп аталатын күнәлi әрекетке батыл барған ақжүрек адам баласы туралы әңгiмемiздiң бiр бөлiмiн осымен тәмамдауымызға да болатындай.
Ендi «үйректiң жексұрын балапаны» қатарынан «асылтектi аққулар» санатына өтуi мүмкiн, бiздiңше, расында да солай болуға тиiс тағы бiр тарихи тұлға туралы бөлiмiмiзге көшейiк. Бұл бөлiм де «досымның тауы биiктесiн деп, өзiнiң шығар шыңын аласартудан еш арланбаған» пенде баласы туралы.
Қаған мен ноян. Бұл тарауша кезiнде әлемдi тiтiреткен жаһангер Шыңғыс хан мен оның андасы Жамұха шешен жайлы болмақ.
Бала Темiжүн немесе болашақ Шыңғыс хан дүниеге келген тұс әйгiлi Iстеми, Бiлге қағандар негiзiн қалаған түркi қағанатының құлағанына бiрнеше ғасыр болған, жеке-жеке ұлыстарға бөлiнiп кеткен түркi және моңғол ру-тайпаларының басынан бақ кеткен дәуiр-дi. Халық өзара соғыстардан әбден қалжыраған болатын. Моңғолдың ханы Амбағайды Алтын патшалықтың (Қытай) шерiктерi опасыздықпен ұстап алып, айқышқа керiп өлтiргенi де кеше ғана болғандай едi. Сондағы оның «Түбi кегiм алынар» деп күркiрей үн қатқаны да халық жадынан әлi ұмытыла қоймаған-ды.
Осындай алмағайып заманда дүниеге келген алысты болжай алар жанның нендей мұраттарды мақсат тұтуы мүмкiн? Әрине, ең алдымен елдiң басын бiрiктiрудi, сосын «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» алтын дәуiрдi орнатуды (мұндай дәуiрдiң шынымен-ақ орнағанына ортағасырлық жыраудың жыр үзбелерi куә бола алады).
Бiрақ алдыңа мақсат, биiк мұрат қою бар да, оны iске асыру деп аталатын қиямет-қайым тағы бар. Бұл қиямет-қайымның барлық азап-тозағынан аман-есен жүрiп өту екiнiң бiрiнiң талайына және жазылмақ емес. Миллиондардың iшiнен таңдап жүрiп бiрiнiң маңдайына ғана жазылмақ ерекше бақ. Тәңiрiм сенiң ойың мен бойыңа өзгелерде жоқ ерекше қасиеттер дарытуға тиiс. Мазмұны бөлек тағдырдың иесi етуi шарт. Мiне, осы тағдырды түркi-моңғол керегесi шайқалғандай болған сол замандарда талай ойлы жан армандағаны анық-ты. Бiз, мiне, осындай жүрегi шерлi жандардың қатарында Шыңғыс ханның андасы Жамұха шешен де бар едi деп есептеймiз. Бiрақ ол, амал қанша, тарихқа ұлы мұратты орындаушы емес, сол мұратқа бүкiл саналы ғұмырын арнаған арда досына опасыздық жасаушы қара бет санатында ғана кiре алды. Асқақ ойлы осы бiр азаматтың тағдыры әп-сәтте астаң-кестең болып кетуi, бiзге, бүгiнге сөзi бiр қиыр, өзi бiр қиыр, iсiнiң тиянағы жоқ жiгерсiз де жексұрын жан сипатында жетуiне не себеп болды? Ол да «асыл тектi аққу» санатындағы жан емес пе едi? Неге бiз оны «үйректiң жексұрын, сүйкiмсiз балапаны» ретiнде танимыз?
Салмағы ауыр бұл сауалға жауап беру үшiн бiзге «Моңғолдың құпия шежiресiне» көз жүгiрту керек болмақ. «Шежiренi» зерделей оқыған жан оқиғалардың жалпы даму барысын қызықтап кетпей, Жамұха жайлы тұстарына ой жүгiрте оқитын болса, ненi аңғаруы мүмкiн?
Ол шежiренiң белгiсiз авторының Жамұхаға бүйрегi бұратындығын, оның азаматтық кескiн-келбетiне титтей де кiреуке түсiртпеуге талпынатынын түйсiнер едi.
Мiне, Жамұха Шыңғыс ханның бәйбiшесi Бөрте ханымды меркiттердiң тұтқынынан қайтару жорығына қатысты. Мiне, ол бiр жарым жылдай андасымен бiрге көшiп-қонды. Сырт қараған адамға ешқандай да опасыздықтың салқыны сезiлмейдi. Екi дос күндерiн емен-жарқын ашық әңгiме-дүкен құруға арнаған. Ал ол оңашада өткен әңгiме-дүкендердiң тақырыбы не едi?
Бұл сауалға екi сайыпқыранның достығына сына болып қағылды делiнетiн «Шежiредегi» Жамұханың аузынан шыққан мына жолдар жауап бере алатындай:
«Темiжүн анда,
Тауға таман қонайық,
Ықтын болсын жылқышыға,
Өзiң қалай көресiң?
Өзенге жанай қонайық,
Өлжал алсын тоғайып,
Қозышы мен қойшы да.
Айтқайсың өзiң төресiн»
(«Моңғолдың құпия шежiресi»,
Алматы, 1998 ж., 61-бет).
Шыңғыс хан Жамұха бұл сөзiмен ненi тұспалдағанын түсiне алмадым деп, апасы Уәлiн мен жары Бөртеден ақыл сұрай барғанда, анасынан бұрын Бөрте әңгiмеге араласып: «Жамұха тез зерiгедi дейтiн. Тегi, бiзден зерiккен шығар. Жамұханың жаңағы айтқан сөзi бiздi бопсалағаны болар. Бiз қонбайық. Түн бойы үдере тартып, Жамұхадан ат бойын аулақ салайық», – дейдi. («М.Қ.Ш.», сол бет).
Бiздiңше, осы жолдарда бiр-бiрiнен зерiге бастаған екi достың өзара кетiсуiнiң себебi емес, олардың болашаққа ұстанатын ортақ бағдарламаларының, мұрат-мақсаттарының мазмұны жатыр. Шамалауымызша, бағдарламаны түзушi Шыңғыс хан емес, Жамұха шешеннiң өзi болған сияқты. Ал бағдарламаның негiзiнде байырғы ата-баба салтанатын қайта қалпына келтiрiп, түркi-моңғол әулетiнiң басын бiр ортаға қосудың жатқандығы күмәнсiз. Қиялы зерек, сөзге шешен Жамұха тарапынан Шыңғыс ханға осындай ұсыныс түскендiгiн жоғарыдағы Жамұханың аузынан шықты делiнетiн сөздiң ой ауаны да аңғарта түседi. Онда ел тоғайған мамыражай заманды аңсайтын пейiл танылады. Ал екi достың арасындағы құпия келiсiмдi үшiншi бiр адам – Шыңғыс ханның сүйiктi жары Бөрте ханым да бiлген. Ендiгi жерде аялдатпай әрекетке кiрiсу керек екендiгi де осы әйел затының аузымен тұспалданып айтылады. Бiздiңше, құр жатудың, зерiгудiң осындай құпиясы бар.
Иә, екi дос ендiгi жерде ұлы мұратқа жету жолындағы өздерi атқаруға тиiс iс-әрекеттердi де бөлiсiп алған-ды. Бұдан кейiнгi оқиғаларда Жамұханың әрдайым Шыңғыс ханның жауларын арандатып майдан алаңына шығаруына, оларды сын сәтi туғанда алдап кетулерiне куә боламыз. Және осындай сәттердiң бәрiнде де ол өзiнiң андасы Шыңғыс ханға қол көтеруге жүрегi дауаламайтынын ешқандай бұлталақтамай-ақ ашық жеткiзiп отырады. Сонда Шыңғыс ханның жаулары Жамұханың сөзiне қалай сенiп қала бердi екен?
Әрине, сенулерiне бiр-ақ себеп бар-ды. Жамұха да Шыңғыс хан секiлдi ел бастай алар дара тұлғалы жан болатын-ды. Қол бастар серке керек болған Шыңғыс ханның жауларын Жамұханың бойындағы өздерiнде жоқ осы қасиет қызықтырды. Бiрақ олар бiлмейтiн Жамұха, өзiн ұлы мұраттың құрбандығына шалған құпия Жамұха, Шыңғыс ханның бiтiспес жауы емес, керiсiнше, андасы екеуiнiң ойы iске асу үшiн қанын да, жанын да аямайтын, Шыңғыс ханға құлай берiлген арда досы едi.
Егер бүгiнде Шыңғыс ханның даңқы бүкiл әлемге жайылған болса, ойлаған мұратына жете алған болса, ол бұлардың бәрi үшiн ең алдымен осы «үйректiң сұмпайы балапаны» iспеттес Жамұха досына қарыздар.
Ұлы Даланың бiр-бiрi үшiн жанын iбiлiске де беруге бар өр перзенттерiнiң асқақ достығы туралы тарауымызды осымен тәмам деуiмiзге болады.
Сөз арасында осы тараушада әңгiме болған оқиғалармен тереңiрек танысқысы келетiн оқырмандар табылып жатса, олардың Лев Гумилевтiң «Қиял патшалығын iздеу» атты еңбегiне зер салуларына болатындығын да айта кеткiмiз келедi.
Иә, оқырман, егер ол көзi қарақты оқырман болса, уақыты, заманы, кейiпкерлерi мен олардың мұрат-мақсаттары бөлек болғаны болмаса, жоғарыдағы екi оқиға да өзара ұқсайды дер едi. Бiз де осы пiкiрге қосыламыз. Және жоғарыдағы екi тараушаға мазмұны жағынан егiз қозыдай ұқсас бүгiнгi күннен сыр шертетiн тағы бiр тараушаны оқырманның назарына ұсынғанды жөн көремiз.
Елбасы және ақын. Мiне, бiз ауруханада жатқан ақынға келiп тұрмыз. Ол өзiнiң халықтың төл мұрасы – батырлар жырын оқып жатқандығын айтты. Соңғы оқығаны «Ер Тарғын» екен.
– Талапты туған жiгiтке,
Тәңiрiм қайғы бермесiн.
Алтыннан соққан жүрегi
Ат басындай шер табар!
Ақын осы жолдарды оқып болып күрсiнген. Бiзге қарап: «Жырда осындай жолдар бар екен, бұдан артық айту мүмкiн емес қой...», – дедi. Бiз де бiр нәрсенi түсiнгендей, түйсiнгендей басымызды шұлғыдық. Ненi түсiндiк, ненi түйсiндiк, дәл осы арада оған есеп берiп жатпағанымыз да анық.
Орыс ақыны Андрей Вознесенскийде тiкелей аударғанда «Атқармақ парызың ауладағы ауа райына қарай анықталады» деп келетiн жыр жолдары кездеседi. Бiрнеше рет өлiп тiрiлген әйгiлi Владимир Высоцкийге арналған өлеңiнде. Осы жолдарды бiздiң ақынымызға да қаратып айтуға болатындай.
Ол өр едi. Қырыққа келер-келмесiнде әйгiлi «АЗиЯ»-ны жазды. Қалың қазақтың, бүкiл түркiнiң махаббатына бөлендi. Дүниеге жаңа келген сәбилердiң арасында ақынмен есiмдес ұлдар көбейдi. Ақынға бұдан артық не бақыт керек?
Кейiн ақынның Республика сарайында өткен кешiне қатыстық. Қасымдағы жiгiттер ақынмен жүздесу аяқталғасын ендiгi өмiрiмiзде дәл мұндай мазмұнды кешке куә бола аламыз ба, бола алмаймыз ба десiп жатты. Бұл халық ақынын тапжылмай тыңдаған кеш едi.
Кеште ақын өзiнiң билiкке неге таласпайтынын айтқан.
– Мен елдiң басына ақын немесе ақынжанды адамдар келетiн болса ақыры қандай қайғылы жайттарға апарып ұрындыруы мүмкiн екендiгiн жақсы сезiнемiн. Грузиядағы Гамсахурдия, Әзербайжандағы Елшiбейлердiң тағдыры сөзiме жақсы дәлел бола алады. Ақындар – өте намысқой, шалт қимылдайтын халық. Кейде өз iс-әрекетiне есеп бере алмай қалатын кездерi де бар. Ал асығыс шешiмдердiң ауыртпалығы қашанда халықтың иығына түспек.
Сөз арасында ақын өзiнiң Елбасының саясатын кейбiр қателiктерiне қарамай қолдайтындығын да айтып өткен.
Бүгiнде осыбiр саналы ғұмырын қазақтың ой кеңiстiгiн кеңейтiп, түркi рухын асқақтатуға арнаған ақынға сын айтушылар көп. Ақынға айып тағушылардың арасында оның жүрек тұсы түгiлi белiнен де келмейтiн рухани ергежейлiлердiң де ұшырасып қалатыны бар. Ал айып тағуға негiздi көбiнесе ақынның өзi тауып бередi. «Айтылған сөз – атылған оқ» екендiгiн бiле тұра, ақынымыздың кейде өзiне әбден мәлiм бiр тұстан, әдейi iстейтiндей, қайта-қайта сүрiне беретiндiгiне таң қаласың. Кешегi қазақ намысының жоқтаушысы уақыт өте келе орыс тiлiнiң қорғаушысына айналғандай аламан тасыр күй кешесiң.
Нелiктен бұлай? Ақын шынымен өзiне әруақты ұлындай сенiм артатын халқына опасыздық жасай бастады ма?
Бiздiңше, бұлай болуы мүмкiн емес.
Түйсiнуiмiзде, ақынның елiмiздiң сыртқы һәм iшкi саясатындағы қандай да бiр ұлттық мүдделердi қорғайтын жұмбақ, жай пенде бiлмеуге тиiс құпия бағдарламаларға қатысы бар секiлдi. Бұл саяси бағдарламалардың арасында, әрине, елiмiздiң орыстiлдi бөлiгiнiң белсендiлiгiн бәсеңдетiп отыруға тиiс әлдебiр тылсым механизмнiң де бар екендiгi анық. Халық даналығы «Егер айтар сөзiңдi бiреу айтып жатса, аузың қышып бара ма» дейдi.
Елiмiзде орыс тiлiнiң мүддесiн қазақ ақынының аузымен «қорғауда» да осындай астарлы, екi шоқып бiр қарайтын сұңғыла саясат жатқан секiлдi.
Ал мұндай, шахмат тiлiмен айтқанда, терең ойланып барып жасалатын саяси жүрiстердiң авторлары кiмдер болуы мүмкiн?
Әрине, жауабы бiреу-ақ. Ақын сөзiн тағы да сәл бұрмалап айтатын болсақ, «Ақын деймiз, Елбасы деп түйсiнемiз. Елбасы деймiз, Ақын деп қабылдаймыз».
Олай болса, ел алдындағы парызына адал қазақ ақынының «үйректiң жексұрын балапаны» емес, «асылтектi аққулар» санатынан екендiгiне күмән келтiру күнә болмақ.
P.S
Бiздiң Иса мәсiх пен Иуда, Шыңғыс хан һәм Жамұха, Елбасы және Ақын туралы осы әңгiмемiзде ұлы мұраттар жолындағы күрестердiң көпшiлiкке беймәлiм, тiптi кейде қалың жұрт күнәһар, опасыз деп қабылдайтын қаһармандары да бола беретiндiгiн айтқымыз келген. Амал қанша, ұлы күрестердiң басты қозғаушы күшi осы күнәһар, опасыз болып саналатын қаһармандардың өздерi болып табылатын болса да.
Халық мұндайда «бағынан соры қалың» дейдi. Кiм бiледi, бәлкiм, «Жүрегi алтыннан соғылған талапты ердiң талайына жазылар «ат басындай шер» дегенiңiз осы болар?!
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»