100 домбырашы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткен азаматтарға алғыс айтып, ерекше флешмоб өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, олар ашық аспан астында халыққа рух көтеретін бірқатар күй орындап, өнері арқылы отандастарына қолдау көрсетті.
Айта кетейік, кеше алматылықтар табиғи апаттан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Бұл – 12 тонна азық-түлік, шамамен 10 тонна киім, 7,2 тоннадан астам гигиеналық заттар, 2 тоннадан астам тұрмыстық заттар, 200 келіден астам дәрі-дәрмек және т.б. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ алматылық өнерпаздар қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қалада тазалық сақтауға шақырды. Бұл флешмобқа «Алатау» фольклорлық ансамблінің домбырашылары мен жас таланттар қатысты.
Мұндай жағдайда шетте қала алмаймыз. Еріктілер ретінде де көмек көрсетіп жатырмыз, ел азаматтармен біргеміз. Біз өнер адамдары ретінде өз қолдауымыз бен алаңдаушылығымызды шығармашылық арқылы білдіреміз. Сондықтан халықты жігерлендіру, қуаттандыру және қолдау үшін қазақ күйлерін орындауды ұйғардық. Біздің халқымыз қашанда өзгенің қасіретіне бейжай қарамайтын, табиғатқа үлкен құрмет танытып, тазалық пен тәртіпті бағалайтын. Қазір Алматы тұрғындары ауқымды экологиялық жобаға да қатысып, азаматтық белсенділік таныта алады», - деді «Алатау» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Тұрсынай Пазыл.
Естеріңізге сала кетейік, қалада «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Мегаполистің әрбір тұрғынын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысуға және экологиялық жобаларды қолдауға шақырамыз. Қала тұрғындары өз ауласында көшет отырғыза алады, осылайша қалаға деген сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсетіп, 20 сәуірде өтетін жалпықалалық сенбілікке де қатыса алады.