Домбыра туралы 7 қызықты дерек

18 Маусым 2018, 12:13 43735

Нағыз қазақ - домбыра

Қазақ халқының өте ертеден келе жатқан ұлттық музыкалық аспабы - домбыра туралы не білеміз? Ол қашан пайда болған? Және тағы басқа қызықты деректерді бүгінгі топтамамыздан оқи аласыздар.

10 мың домбырашы бір мезетте орындаған күй

ҚХР, Толы ауданында 2010 жылдың 30 мамыр күні 10450 адам бір мезетте "Кеңес" күйін орындап, Гиннес рекордтар кітабына кірді. Домбырашыларды дайындауға шамамен екі жылға жуық уақыт кеткен. Бұл жобаға қарапайым тұрғындар, тіпті жылқышылар мен егіншілерге дейін ат салысып, домбырада ойнап үйрену үшін мектептердегі сабақтар тоқтатылған. Ұйымдастырушылардың «Кеңес» күйін таңдап алуында да өзіндік сыр бар. Қазақта «күйдің басы – Кеңес» деген сөз  жайден-жай айтылмаса керек. Ежелден үлкен дауларды билер кеңесі шешіп отырғандығын білеміз, бұл жиындарға күйшілер де белсене қатысқан екен. «Кеңес» күйі осындай тарихи жағдайда өмірге келген. 

Әрине, 10 мың адамды жинау үшін ұйымдастыру мүшелері тынбай еңбек еткен. Жергілікті мектептерден мықты деген 160 домбырашыны таңдап алып, олар жеке-жеке жүздеген шәкірттер тәрбиелеген. Тіпті, жергілікті телеканалдан 5 минуттық «Домбыра үйренейік» атты бағдарлама жүріп, онда «Кеңес» күйінің орындалуын көрсетіп отырған. Бір қызығы, 10450 адамның ішінде 20-ға жуық басқа ұлт өкілдері де болыпты.

"Алтын" домбыра

Алтынмен апталып, гауһармен әрленген домбыраның құны - 50 мың евроны құрайды. Бұл - кәдесый жасайтын Швецариялық компанияның өнімі. Оған барлығы 24 каратты гауһар тасы бар таза алтын пайдаланылған. Ұзындығы - 100 см, ені 25 см. Домбыра күнделікті қолдануға арналмаған, оның әуен ойнап беретін арнайы механизимі бар. Онда “Үшқоңыр” (Н.Назарбаев, А.Қоразбаев), ” Желсіз түнде жарық ай” (Абай) мен “Аққу” (Сүгір) әндері ойнатылады. 

Гиннес кітабына енген ең кішкентай домбыра

Болатбек Кәрімханұлы жасаған ең кішкентай домбыра Гиннес рекордтар кітабына енген. Оның ұзындығы – 4 см, 5 мм, ал ені – 1 см, 4 мм. Бала кезінен ағаштан бұйым жасауды жанына серік еткен шебер алғашында рекордтар кітабына ену үшін ең алып домбыраны жасау керек деп шешеді. Бірақ, оған қаржының жоқтығы кедергі болып, ең кішкентай домбыраға отырған. Сондай-ақ, Болатбек интернеттен іздеп қазақтың ең кішкентай домбырасы жасалмағанын көреді. Шамамен бір ай уақытта дүниеге келген бұйым ағаштан ойылып жасалған және құлақтары, ішектері, тіпті сыртқабы да бар.

Домбыра қашан пайда болған?

Ұлтымызбен жасасып келе жатқан төл аспабымыздың нақты шығу тарихы туралы ақпараттар жоқтың қасы. Ғалымдар IV ғасырда Хорезм мен Жамбылда жүргізілген археологиялық зерттеулерде табылған тасқа қашалған қос аспаптың суретінен кейін домбыраны тас дәуірінде пайда болуы мүмкін деп болжайды. Ал ғалым Кемел Ақышев болса, б.з.б 4000 жыл бұрын салынған домбыраның суретін тапқан. Яғни, содан бергі уақытты есептеп қарағанда домбыраның кем дегенде 6 мың жылдық тарихы бар.

Домбыра сөзі қайдан шыққан?

Кей деректерде "домбыра" сөзі көне шумерден аударғанда "кішкене садақ" мағынасында екені айтылады. Бірақ, бұл қаншалықты нақты дерек? Ғалымдар не дейді? Ахмет Жұбановтың айтуы бойынша «домбыра» сөзінің шығу тарихы «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен дүниеге келген. Расымен де, бұл музыкалық аспаптың пішіні конус секілді, яки қозының құйрығы сияқты аяқталады. Ал К.Жүзбасовтың мәліметінше, домбыра сөзі  музыкалық орындауға тікелей қатысты: дем және беру сөздерінен тұрады. Тағы бір деректерде "дом+бұра" сөздерінен шыққан делінеді. «Дом» сөз қазірге дейін "домығып, ісініп кетіпті" мағынасынта қолданыста жүр. Ал «бұра» яғни, "күйге келтір" дегенге саяды.

Өзі күй шертетін электронды домбыра

Ғылымның қарыштап дамуы, домбыраның да өзіне күй шерткізіп қойды. Осындай электронды домбыраның еліміз бойынша алғашқы түпнұсқасын Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары дайындап шыққан. Оны дайындауға бір ғана күн жұмсалса, бағдарламаны іске асыруға бір жеті кетіпті. Бұл домбыра әзірге тек «Еркемай» күйін шертіп береді. Болашақта күрделі деген күйлерді де, домбыраның өзі төгілтіп орындап беретініне сеніміміз мол.

Айтпақшы, енді домбыраны ұялы телефоныңыздан тартып, ән шырқауыңызға болады. Үйренгіңіз келсе, тегін жүктеп алыңыз. Жобаның авторы  Нұрлан Қамбар домбыра үйренуге әрі домбыра жоқ жерде ұялы телефоннан күй немесе ән тартуға осылай тамаша мүмкіндік тудырып отыр.

Домбыра аспабы тағы қандай халықтарда бар?

Домбыра – топшур, ұйғыр, түркімен халықтарында – дутар, қырғыздарда – комуз, әзірбайжандықтарда – гопуз, тәжіктердер – думрак, өзбектерде – думбыра, думбрак, ал ноғай мен башқұрттарда – домбыра деген атау алған. Әрине, олардың құрылыстары да біздің домбырамен салыстырғанда, айтарлықтай ерекшеліктері бар. XІV ғасырдағы жазбаларда көрсетілген орыстың музыкалық аспабы домраның алғашқы түрі қазақтың домбырасына өте ұқсас. Олардың аттарының ұқсастығы және пайда болуы бірдей екендігі де атап көрсетіледі.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: