Долларизация, Ұлттық валюта және Тәуелсіздік

27 Ақпан 2015, 08:29

Долларизацияға әсер ететін факторлар мен одан шығудың жолдары жайлы мақала

Үстіміздегі жылдың 11-ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы дедолларизация мәселесін көтерген болатын. Cебебі, дәл қазіргі таңда дедолларизация инновациялық-индустриялық өркендеуімізге көмектесетін амалдардың бірі болып отыр. Осыған орай, бүгін біз сіздердің назарларыңызға аталмыш тақырыпта жазылған авторлық мақала ұсынамыз.

Еркебұлан Нұрмаханов

экономист

Неге біз көлік, пәтер немесе шетелге жолдама іздеген кезде барлық бағамдарды теңгемен емес, доллармен есептейміз? Ол былай тұрғанда неге ресми дилерлер, агенттіктер мен туристік компаниялардың өзі прайс листтағы тауардың немесе қызметтің бағасын теңге емес, сол баяғы Сэм ағаның жасыл қағаздарында көрсетеді? Себебі, халық соған үйреніп кетті, баға жайында әңгіме басталса мидың өзі 185-ке көбейте есептеуге дайын тұрады. Себебі, біз ұзақ мерзімді немесе үлкен көлемді ақшаны теңгеден гөрі, долларда сақтағанды қалаймыз, сол біз үшін сенімдірек, жау алмастай берік көрінеді.

Міне дәл осы жағдай долларизация деп аталады. Яғни, қандай да болсын мемлекеттің халқы өз елінің Ұлттық валютасынан гөрі «қор валютасы» саналатын долларды көбірек пайдаланады. Айта кетер жайт, ол евро, ағылшынның фунт стерлингі немесе басқа валютада да көрініс табуы мүмкін, тіптен бірнеше шетелдік валютаның үстемдігі орын алуы да ғажап емес, маңыздысы ішкі валютаның екінші шепте болуы.

Долларизация белгілі бір факторлардың әсерінен бастау алады. Олар ішкі валютаға қатысты (біздің жағдайда – теңге):  

– Инфляцияның қарқынды өсімі;

– Девальвацияның бірнеше рет қайталынуы немесе қайталану қауіпі;

– Экономиканың сыртқы елдерге экспорт немесе/және импорт тәуелділігі, яғни сіздің кәсіпкер тәтеңіз де қытайға “тауарға” кетерде доллар іздейді, мемелекет те бидай мен мұнайды долларға сатады.

– Ішкі валютаны қолданушылардың аздығы, яғни бар болғаны 17 миллион адам мен олардың күнделікті тұрмысындағы теңгеге деген сұраныс макроэкономика мен бизнес саласындағы сұраныстан әлдеқайда төмен.

Сонымен сайып келгенде, Ұлттық валютаға деген сенім мен сұраныстың төмендігі мейлі, макро деңгейде немесе микродеңгейде болсын, долларизацияға жол ашады. Долларизация тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да көптеген елдерінде әр түрлі деңгейде орын алуда. Оның жоғарғы шегі ретінде келесі елдерді қарастырсақ болады: Латын Америкасында мұндай үш мемлекет бар.

  1. Панама – 1903 жылы Колумбиядан бөлініп шыққан соң бальбоа атты өз валютасын енгізген болатын. Бірақ көп ұзамай 1907 жылдан бастап АҚШ доллары Панама мемлекетінде ресми валюта ретінде еркін айналымға енді. Панама 1 және 5 балбоа номиналды тиын ақшаны өзі шығарады, алайда үлкен номиналды қағаз ақша ретінде АҚШ доллары қолданылады. 1934 жылдан бастап Панама билік өкілдері бальбоа мен доллар қатынасын 1:1 дәрежесінде сақтап келеді.
  2. Эквадор – 1984 пен 2000 жыл арасында сукре атты өз ақша бірлігін пайдаланды. 2000 жылдың 10 қыркүйегінде валюталық және экономикалық дағдарыстан соң АҚШ долларын ел ішіндегі ресми және жалғыз валюта ретінде бекітті. Ол жылы елдегі гиперинфляция әсерінен 1 доллар = 25000 сукре деңгейіне жетіп еді.
  3. Сальвадор – 2001 жылға дейін колон атты валюта қолданды. Сонан соң Салвадор билік өкілдері одан бас тартып, орнына АҚШ долларын пайдалана бастады. Колон айналымнан 2004 жылы толық шығып бітті.
  4. Бұлардан басқа толық долларизацияға ұшыраған әлемде Палау, Шығыс Тимор, Микронезия және тағы да аралдық мемлекеттер бар. Біз тоқталған елдер ең экономикалық және территориялық жағынан ең көлемділері.

Мұндай шектікке барудың себебі экономикалық мүшкілдік пен мемлекеттің қаржы жүйесін басқаруда қауқарсыздығы бола алады. Аталмыш жағдайдың кемшіліктері көп. Ең үлкен құрбан ретінде елдің қаржылық тәуелсіздігі жоғалса, қосымша туындайтын қауіп – егер нұсқалған мемлекеттің шығаратын тауарларын басқа мемлекеттер де экспорттап, оны АҚШ долларына қатысты арзан болатын өз бағамымен сататын болса, онда тұтынушылардың қай сатушымен жұмыс жасауға ынталы болатыны белгілі. Бұндай жағдай 1990 жылдардың соңында Аргентина мен Бразилия арасында орын алған еді. Мысал ретінде, Аргентинада 100 кг ет беретін сиыр 90 доллар тұрсын, кәсіпкер 1 сиырды сатып алып, 1 кг етті 1 долларға сатып отыр делік, нәтижесінде ($1x100кг)- $90=$10 пайда көріп отыр. Бірақ Бразилияда дәл сол сиыр долларға шаққанда ішкі валютаның арзан болуы себебінен, бар болғаны 80 ғана доллар болады. Бразилиялық кәсіпкер етті килограммына 0,9 долардан сатып ақ $10 пайда табады, себебі тапқан ақшасын қайта РЕАЛға (Бразилия Ұлттық валютасы) ауыстырғанда ол пайдасымен қоса сиырдың құнын да ақтап алады. Осылайша Бразилия Аргентина экономикасына үлкен нұқсан келтіріп, әлі күнге дейін әлемнің Ет сатушыларының алдыңғы қатарында келеді.

Жоғарыда айтқанымыздай долларизация елдің қаржылық тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Долларизация құбылысын «кедей мемлекеттер дерті» деп те атайды. Қазіргі таңдағы Қазақстанда  дедолларизация, яғни доллардан бас тарту, теңгеге деген сұранысты жоғарылату саясатын жүріп жатқаны да содан. АҚШтың долларынан тәуелді болудан бөлек, «кедей мемлекеттер дертіне» шалдыққан Қазақстан Әлемнің дамыған 30 елдер қатарына қалай қосылмақ?!

Осы мәселеден соң, елдің қаржысын қалай басқару қажет, қандай бағытпен жүріп отыру керек, идеалды валютаның рецепті бар ма деген сұрақтар туындауы мүмкін.  Негізі теория жүзінде Идеалды валютаның (ақша бірлігі) 3 негізгі сипаттамасы бар:

1. Валюта тұрақтылығы – бір мемлекеттің валютасы сырт елдердің валюталарына қатысты өз бағамын тұрақты сақтайды. Яғни, $1=180 теңге болса, ол онжылдықтар бойы солай қала береді деген сөз. Бұл шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер мен халыққа тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді.

2. Толық қаржылық интеграция (ықпалдастық) – елдер арасындағы қаражат айналымында және валюта айырбастауда толық еркіндік. Бұл дегеніміз, сіз Сауд Арабиясына бармақ болсаңыз теңгеңізді долларға, сонан соң долларды қайта Араб Риялына ауыстырмай ақ, теңгені бірден риялға ауыстыру мүмкіндігі. Бұл 1 тауарға/қызметке деген екі елдегі екі түрлі баға орнаған жағдайда пайда табуға жол ашады, арзанырақ тауарлар/қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, валюта айырбастаудағы шығындарды төмендетеді.

3. Монетарлы (ақша-кредит) саясаттың еркіндігі – ішкі монетарлы және кредит бағамдары (ставка) сыртқы күштердің әсерінсіз, мемлекеттің өзімен іске асырылады. Бұл мәселенің айқын мысалы ЕуроОдақ. Мәселен, ЕО-дағы барлық елдің қаржы-жүйесі ЕО Орталық Банкінің қолында, ешбір мемлекет өздігінен ақша шығара алмайды және оны басқара алмайды.

 

 

Бірақ, бұл көрсеткіштер “Қолжетімсіз Үштік” деп те аталады. Себебі, экономикалық күштер бұл үш жағдайдың бір уақытта орын алуына жол бермейді. Кез-келген мемлекет пирамиданың тек екі қырымен шектелген. Яғни, мысалы үшін егер мемлекет Монетарлы саясаттың еркіндігі мен Толық қаржылық интеграция мен валютаның еркін қозғалысын қаласа, онда мемлекет Валютасының тұрақтылығынан айырылады. Дәл осы жағдайдың көрсеткіші АҚШ доллары бола алады. Доллар әлемде еркін айналыста, АҚШ қаржылық саясатын жүргізуде тәуелсіз, бірақ доллар бағамы бекітілмеген – сұраныс пен ұсыныс арқылы анықталады. Доллардың позициясын Таза қалқымалы деп сипаттауға болады.

Долларизациямен күрестің негізгі әдіс-тәсілдерін жасақтау әр елдің өз қолында. Оған әмбебап құрал жоқ, себебі әр елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік, идеологиялық және т.с.с. жағдайлары әртүрлі.

Долларизациядан бөлек ел валютасына әсер ететін басқа да факторлар көп. Олардың бірі валюта бағамының еркін қалқымалылық жағдайда (сұраныс-ұсыныс арқылы) анықталуы мен елдің Орталық Банкінің бағамды бекітіп, сақтап тұруы. Мыңжылдықтар қиылысында әлемнің көптеген мемлекетінде осы фактордың әсерінен қаржылық дағдарыстар орын алды. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері, Латын Америкасы, Ресей, Аргентина және тағы басқа мемлекеттер бұл қиындықтармен соқтығысып, сол сәтте туындаған тығырықтан шығу үшін әр түрлі әдістерді қолданды.

Бірақ бұл мүлдем бөлек мәселе...


 

Бөлісу: