Дмитрий Баландинде тағы да мүмкіндік бар

4 Тамыз 2015, 05:44

Қазақстандық спортшы 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден финалға үздік көрсеткішінің нәтижесінде шыққан еді.

Ресейдің Қазан қаласында өтіп жатқан су спорты түрлерінен 16 әлем чемпионатында әзірге бірде-бір медаль жоқ. Қазандағы әлем чемпионаты 9 тамызға дейін жалғасады. Жарысқа әлемнің 190 елінен 2400-ге жуық спортшы қатысуда.  

 

Қазақстаннан да су спорты түрлерінен бірнеше спортшы жарысқа аттанған болатын. Сол спортшылардың ішінде бірі, әрі бірегейі жүзуден Азияның үздігі Дмитрий Баландин болатын.  

Қазақстандық спортшы 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден финалға үздік көрсеткішінің нәтижесінде шыққан еді. Медальға бір қадам жете алмай, төртінші орын алды. 

Қазақстандық жанкүйерлердің бар үміті Дмитрий Баландин 100 метр қашықтықты 59,42 секундта бағындырып, төртінші орынға тұрақтады. Бас жүлдені британиялық Адам Пити (58,52 с) иеленсе, екінші орынды Оңтүстік Африка республикасының өкілі Кэмэрон ван дер Бург (58,59 с) жеңіп алды. Ал үздік үштікті тағы бір британиялық спортшы Росс Мердок (59,09 с) түйіндеді.

Дмитрий Баландин қанша тырысса да Адам Пити (Ұлыбритания) мен Кэмэрон ван дер Бургты (ОАР) басып оза алмайтындығы белгілі еді. Өйткені, Адам Пити сәуір айында ғана Лондон қаласында әлемдік рекордты жаңартып, Қазан қаласында чемпионат рекордын жаңартып тастады. Ал, оңтүстікафрикалық спортшыға келсек, 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанған спортшы. 2009 жылы Римде өткен әлем чемпионатында 50 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден чемпион. 2013 жылдан бастап 100 метр қашықтыққа жарыстан үздік атана алмай келеді. Өйткені, Адам Пити сынды өте жылдам спортшылар қосылды.

Адам Питиге келсек, жасы әлі 20-да. Нағыз бабында тұрған спортшы. 2014 жылы Еуропа чемпионатында (Берлин) жекелей сында 50 метр және 100 метр қашықтықта алдына жан салмады. 2014 жылы Дохада өткен жарыста күміс жүлдегер атанды. Алдағы Риода өтетін Олимпиадада да брасс әдісімен 100 метрге дейінгі аралықта Адам Питиден алдына шығатын ешкім жоқ сияқты. Кэмэрон ван дер Бург та жыл өткен сайын жасарып бара жатқан жоқ, Адам Питидің кейінгі көрсеткіштеріне тіпті де ілесе алмайды.

Қола жүлдегер атанған Рос Мердок та (Ұлыбритания) небәрі 21 жастағы спортшы. Адам Питиден кейінгі ағылшындар үміт күтетін мықты спортшылардың бірі. Кеше Дмитрий Баландиннен сәл бұрын жетіп, жүлдеге ілінді. 2014 жылы Берлинде өткен Еуропа чемпионатында Адам Питиден оза алған жоқ, бұл жолы да солай. Бірақ, Дмитрий Баландинді артқа тастап жүлдеге ілінді.

Дмитрий Баландин де нағыз бабындағы спортшы. Азияның үздігі (2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзуден үздік шықты), 2015 жылғы Универсиаданың жеңімпазы (Кванджу қаласы, 100 метрге брасс әдісімен жүзуден).

Дмитрий Баландиннің көрсеткішінен тек ілгерілеушілікті, дамуды көруге болады. Қазандағы жарыс Дмитрий үшін әлі аяқталған жоқ, сондықтан жүлдесіз қайтару әлі ерте.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Фотолар чемпионаттың ресми сайтынан алынды.

Бөлісу: