Дмитрий Карпов: Көпсайысшы қыздарымыздың нәтижесі жаман болған жоқ

11 Қыркүйек, 01:30 432

Жеңіл атлетикадан Қазақстан командасы үздіктерінің басым бөлігі биылғы жарыстар тізбегін аяқтап, жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Осы орайда, құраманың бас бапкері Дмитрий Карпов Олимпиада ойындарын қорытындылап, келесі маусымға команданың қалай жасақталатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетелік, отандық жеңіл атлеттер Парижде жарқын нәтижемен көзге түсе алмады. Финалда сынға түскен үш спортшымыз да жүлде ауылынан алыс қалды. 

Команданың нәтижесі қанағаттанарлықтай. Олимпиада ойындарында бәсекенің қандай болатынын бәріміз де білеміз. Біздің спортшылар қаншалықты дайын болса, соншалықты нәтиже көрсетті. Маусым бойы осы көрсеткіштен аса алмаған. Әлем чемпионы Нора Джеруто Олимпиадаға дейін бір ғана жарысқа қатысты. Сол сында сәтті өнер көрсетіп, жолдама алған еді. Десе де, жарыстарға көп бармағаны Париждегі нәтижесіне тікелей әсер  етті. Қорытындысы – тоғызыншы орын ғана, - деді Карпов. 

Қазақстан командасы биіктікке секіруден финалда өнер көрсетуі мүмкін еді. Надежда Дубовицкаяның жеке рекорды оның жүлдеге таласуына да мүмкіндік беретін. Бірақ әлем чемпионатының қола жүлдегері Франция астанасында бар әлеуетін көрсете алмады. Тіпті, іріктеуден өткен жоқ. 

Надежда Дубовицкая өте қиын маусымды өткерді. Ол әлемдік рейтинг бойынша жолдама алу үшін бірқатар жарыста бақ сынады. Денсаулығында аздаған кінәрат бар, соның салдарынан өз биігіне жете алмады. Қазір спортшылар маусымаралық үзілісте. Жақын арада қысқы маусым алдындағы дайындыққа кіріседі, - дейді бапкер. 

Париж Олимпиадасынан соң жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Аталған сында Алина Чистякова көпсайыстан ондыққа енген болатын. Бас бапкер бұған қатысты да өз пікірін айтты. 

Әлем біріншілігінде көпсайысшы қыздарымыздың нәтижесі жаман болған жоқ. Алина Чистякова мен Ирина Конищева тиісінше 9-12 орындарды иеленді. Богдан Гончаров кедергілер арқылы жүгіруден жартылай финалға өте алмаса да, уақыт көрсеткіші жақсы. Әзірге, келесі маусымға команда жасақталған жоқ. Жақсы нәтиже тіркеген резервтегі  спортшыларды бақылап, командаға қосуды ойластырамыз, - деді ол. 

Маусым соңында қазақстандық жеңіл атлеттер бірнеше турнирге қатысады. 

30 тамыз күні Нора Джеруто «Гауһар лигасы» кезеңіне қатысады. Біздің спортшылар бақ сынайтын тағы бірнеше турнир бар. Әзірге, 2025 жылға арналған толық жарыс кестесі жоқ, десе де, команда жоспар бойынша дайындалады, - деді Дмитрий Карпов. 

Зарина Арман
Бөлісу: