Дизайнда үлкен жобаларды жалғыз адам істемейді – Ермек Асылханов

31 Мамыр 2023, 22:45 1937

«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Ресей Ұлттық дизайн академиясының академигі, ҚР Жоғары аттестаттау комиссиясының өнер профессоры, РФ-ның кескіндеме профессоры, Еуразиялық дизайнерлер одағының төрағасы, ҚР Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Ермек Сабырұлы Асылхановпен сұхбат.

El.kz: Ермек Сабырұлы, сұхбатымызды Қазақстан бейнелеу өнеріндегі бүгінгі педагогикалық қызмет жайына арнасақ деймін. Өзіңіз осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» маман ретінде сұрайын дегенім, елімізде бейнелеу өнерін оқыту жүйесі қай елдің бағдарламасына негізделген?

Ермек Сабырұлы: Қазақстанның бейнелеу өнері бүгінгі таңда жақсы дамып келеді деп айта аламын. Неге десеңіз осыдан 5-6 жыл бұрын бейнелеу өнері, көркем қол өнері тіпті оқу жүйесінен шығып қалған. Соңғы 2-3 жылда қайта орнына келді. Қазір көркем қол өнері, одан кейін дизайнның бастауы - шығармашылық жоспарлау жұмыстары жолға қойылды. Қазір елімізде этнодизайн, көркем өнер және материалдық құндылықпен байланысты үлкен-үлкен қоғамдық ұйымдар құрылды.

Ал енді біз қай мемлекеттің бағдарламасына сүйенеміз дегенге келсек, шынын айтсақ, біз ешкімнің бағдарламасына арқа сүйемейміз. Біздің өзіндік ұлттық ерекшелігіміз бар. Әрине классикалық академиялық оқыту жағынан халықаралық білім беру жүйесі бар.

El.kz: Болон процесі ма?

Ермек Сабырұлы: Иә, Ресейдің академиялық, классикалық бейнелеу өнері мектебі қазір өте жақсы деңгейде тұр. Неге десеңіз ХХ ғ. басынан 80-жылдарға дейін бүкіл дүние жүзінде, оның ішінде Еуропада академиялық, одан кейін классикалық өнерді оқыту жоқтың қасы болды. Себебі оларда абстракция, футуризм сынды түрлі бағыттар болды. Ал енді бір жағынан Кеңес одағындағы социалистік реализм - классикалық академиялық мектептерді сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Мен 1992 жылы Мәскеуге барған кезімде Суриков атындағы Бейнелеу өнері институтында 5-6 бала сурет салып отыр екен. Олардың 4-уі Батыс Еуропаның балалары. Олар көп ақша төлепті. Сонда менің сұрағыма профессор: «өткен 80 жылда өздерінің классикалық-академиялық өнерін оқыту жағы жоққа шығып, енді біздікіне қызығушылық білдіріп, келіп оқып жатыр» деп жауап берді.

Біз өзіміздің ерекшелігімізді, мәдени құндылықтарымызды сақтауға тырысамыз. Бұл жақсы үрдіс. Десек те, бізге әлемдік бейнелеу өнері тарихын білу міндет, бірақ біз өзіміздікін сонау түп-тамырымыздан бастап зерттеп оқып, оған сүйсініп, оны қайта өңдеп ары қарай насихаттауымыз қажет. Соңғы 20-30 жылдың ішінде өзіміздің мектеп қалыптасып келеді, Құдайға шүкір.

Енді ұстаздарға, оқытушыларға келетін болсақ, олар өз білімдерін қазақ жерінде алуда. Біздер көрші орыс жеріндегі Репин институтында, 1757 жылы ашылған Имераторлық бейнелеу өнері академиясында біліктілікті арттырып тәжірибе жинадық. Мәскеу педагогикалық университетінде оқып диссертация қорғап, классикалық өнерді біліп, оған өзіміздің қазақ өнерінің ерекшелігін ұштастырып келеміз.

El.kz: Жоғары оқу орындарындағы кейбір жалпылама білім беру стандарттары бейнелеу өнеріне қатысты пәндерді оқытуда көптеген түсінбеушіліктер туғызады...

Ермек Сабырұлы: Иә, стандарт дегеннен біз кете алмай жүрміз. Жасыратын ештеңесі жоқ, студенттер де өз наразылықтарын білдіреді. Қазіргі стандарт бойынша өзіміздің мамандық бойынша 1-курста оқыта алмаймыз. Неге десеңіз, орынды қоғамдық пәндерге берген. Ол пәндер де керек, олар жайлы өріс, білім, түсінік болуы керек. Бейнелеу өнері біздің барлық әлеуметтік өмірімізбен байланысты. Дегенмен де қол қусырып отырған жоқпыз, жоспарда таңдау компоненті деген бар. Сол арқылы «Дизайн негіздері», «Композиция» деген пәндерді оқытып, «алғашқы құрылым», «жобалау сараптамасы» дегендерді 1-курста балаларға үйретіп бастаймыз.

Стандарт әрине керек. Бәрі жайылып кетпей, бір жүйеде жүруі үшін. Бізде әр аймаққа, әр университетке өз стандартын жасауға болмайды. Неге десеңіз еліміздің аумағы үлкен болса да, ондағы халық саны, оқитын жастар саны аз, басқа көршілермен салыстырғанда. Дегенмен де бейнелеу өнерін оқыту бағдарламасы «көш жүре түзеледі» демекші, күн өткен сайын түзеліп келеді.

Бұрын біз шетелге ұмтылатынбыз, қазір олардың бізден көп артықшылығы жоқ. Қазір өзімізде түрлі деңгейдегі симпозиумдар, көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады. Кейде біз барып, сол жерде біреудің портретін айнытпай салып берсек, олар таң қалып, таңдай қағады. Дизайн саласында шетелдің мамандарын шақыруға болады, әдіс-тәсіл алмасу үшін, ал енді бейнелеу өнерінің басқа саласында олардың керегі шамалы деп ойлаймын.

El.kz: Студенттердің жұмысын бағалау кезінде бейнелеу өнерінің өзіндік ерешкеліктерін сақтамаса, келешекте өнердің сапасына әсер етуі мүмкін ғой?

Ермек Сабырұлы: Әрине. Біздің кезімізде мұғалімнің өзі баға қою деген болмайтын. Комиссия қарап бағалайтын. Ал Ресейдің жоғары оқу орындарында емтихан болған кезде балалар жұмыстарын көрмеге қояды. Оған мұғалім де, комиссия мүшелері де және студенттердің өздері де қатысады. Сол жерде студенттер кімді қалай бағалағанын көріп тұрады. Сол үрдісті, яғни комиссиямен қарап бағалауды бізге де енгізу керек. Содан кейін студенттермен бірге қарап бағалап, кем-кетігін, жетістігін бәрінің көзінше ашық айту қажет. Бұйыртса біз де осы үрдіске келеміз деп ойлаймын, сонда ол әділетті болады.

El.kz: Ермек аға, Сіз Ресейде оқып, докторлық диссертация қорғадыңыз, оларда бейнелеу өнерінен ғылыми диссертация жазу, оны Ғылыми кеңесте қорғау жайындағы ерекшеліктерін айта отырсаңыз.

Ермек Сабырұлы: Әрине олар академиялық-классикалық үлгіде оқытып, тәрбиелеп, ғылыми жұмысты сол бағытта жазуға бейімдейді. Бейнелеу өнерінің маманы ретінде оқыту және бейнелеу өнері саласында білім беретін мұғалімдерді дайындаудың айырмасы жер мен көктей. Жақсы суретші жақсы педагог бола алмайды, кейде жақсы педагог жақсы суретші бола алмайды. Мысал үшін айтсам, Честяков, Кардовский деген атақты әдістеме шеберлері (педагогтар) болған, Императорлық академияда. Сонда дүние жүзін аузына қаратқан И.Э. Репин, И.И. Шишкин, А.К. Саврасовтар жоғарыда айтқан екі адамды ауыздарынан тастамай, «Осы Честяков пен Кардовский болмаса біз мынадай дәрежеге жете алмас едік» деген екен. Содан мен сол Репин академиясына барғанда әлгі екеуінің «жұмыстары қандай екен?» деген қызығушылықпен іздедім. Олардың жұмысын қарасам, сюжетті композициялық жұмыс емес, бірақ көлемі, штрихтары, орындалуы өте тамаша, жоғары дәрежеде жасалған екен. Бірақ олар өздерінің шәкірттері Репин, Крамской сияқты суретші болып кетпеген. Олар әдістемелік жағын таңдаған.

Бізде де қазір әдістемелік жағы, яғни бейнелеу өнері саласы бойынша дәріс беретін педагогтар қалыптасып келе жатыр десем болады. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Көркемсурет және графика» факультеті әлі күнге дейін студенттерді оқытып келеді. Содан кейін Шымкентте де бар. «Бейнелеу өнері», «Сызу» пәндері бойынша мамандықтар қайтадан ашылып, мамандар дайындала бастады. Олар алдағы уақытта өз үлестерін қосады деген ойдамын.

Орыстарды алсақ, олар 1950 жылдарға жетпей педагогикалық институттарда осы мамандықтарды аша бастады. Бірақ оған қарсылық білдіріп, «суретшілерді дайындап жатырмыз ғой, солар мұғалім болады» дегендер де болды. Н.Н. Ростовский, В.С. Кузин, Е.В. Шорохов деген мамандар Мәскеудің «көркемсурет, графика» факультетінің іргетасын қалап, сол жерде кандидаттық, докторлық Диссертациялық кеңес ашып мамандарды дайындай бастады. Одан кейін олар бұл саланы жетілдіріп, одан әрі кетті. Тек қана мектепке баратын 7-8 сынып оқушыларын емес, Комарова деген педагог бастауыш мектепте бейнелеу өнерін оқыту әдістемесін жасап шықты. Кафедра ашып шәкірттерді оқытып, мамандар даярлап келеді. Ол кісінің оқушылары біздің де арамызда бар, Ұлықбек Ибрагимов оқып, ол «Бастауыш мектептегі бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі» бойынша диссертация қорғап, бастауыш мектептерге оқулықтар жазған.

El.kz: Ал, бізде қай жоғары оқу орны суретші-педагогтарды дайындайды?

Ермек Сабырұлы: Бізде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ғана дайындайды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы бейнелеу өнері мұғалімдерін дайындамайды, олар нағыз кәсіби мүсінші, кескіндемеші, график, дизайнер дайындап шығарады.

El.kz: Өнертану саласында қазақтілді кадр тапшылығы сезілетін сияқты. Өнертану бойынша докторанттар саны неге аз?

Ермек Сабырұлы: Елімізде қазір толыққанды шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да ғана өнертану кафедрасы бар. Кейіннен Астанадағы Хореография академиясы мен «Шабыт» университетінде де ашылды. Бұлар әлі даму үстінде, менің ойымша, оларды кеңейту керек.

Бізде материалдық мәдениетке арналған өнертану кафедрасы, пластикалық өнер түрлеріне арналған өнертану кафедрасы, бейнелеу өнері саласына арналған өнертану кафедрасы сынды 2-3 кафедра ашып, тереңдетіп оқытқан кезде ғана салалық өнертанушы мамандар шығады. Өзің сияқты мамандарды докторлыққа дайындап, сол жерге кіргізсе, сонда ғана оның теориясын да, әдістемесін де оқыған шәкірттер шығатын болады.

El.kz: Бейнелеу өнері бойынша жоғары оқу орындарында сапалы білім беру үшін тағы қандай мәселелер бар. Қазақ тілінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жеткіліксіз сияқты?

Ермек Сабырұлы: Өте жақсы сұрақ. Жетіспеушілік бар, бірақ мүлде жоқ деуге болмайды. Қазір Әбдуәли Төлебиев, Берікжан Әлмұхамбетов сынды көптеген авторлардың кітаптары қазақ тілінде шығып жатыр. Одан бөлек бейнелеу өнерінің теориясы, әдістемесі саласындағы қазақ тіліне өзге тілден аударылған кітаптардың саны да артып келеді. Біз де қазір кірісіп жатырмыз. Соңғы еңбегіміз «Қазақстан сәулет өнерінің қысқаша тарихы» деп аталады.

El.kz: Сәулет өнері деп отырғаныңыз архитектура ғой?

Ермек Сабырұлы: Иә, бірақ сәулет өнерін мүсін, басқа да бейнелеу өнерінен бөліп қарауға болмайды. Себебі сәулет те, дизайн да, мүсін де, кескіндеме де бір-бірімен тығыз байланысты.

Қазір дүние жүзінде «өнерді оқытудағы синтездік тәсіл» деген бар. Неге шетелдің бейнелеу өнері өте жоғары сапалы? Себебі оларда барлық өнер түрлерінің өкілдері бірге дамиды. Мысалы Франциядағы Монмартрде мүсінші де, кескіндемеші де, дизайнер де, график те, әнші-биші де, ақын-жазушылар да бәрі бір жерде отырады. Ал мына Ресейдің Шығармашылық үйінде ақын, жазушы, суретші, композитор және басқалары үнемі бас қосып отырады.

Ресей өнерінде ХІХ ғ. екінші жартысы - орыс өнерінің қайта өрлеу дәуірі. Бұл туралы мен баяндама да жасағанмын. Қарап отырсаң, атақтылар: П.И. Чайковский, Л.Н. Толстой, И.Н. Крамской, К.А. Коровин, И.Э. Репин, сыншы В.В. Стасов барлығы Мәскеудегі Толстойдың үйінде немесе Абрамцевта жиналып, көктемнен қара күзге дейін бірге болады екен. Композиторлар өздерінің музыкасын, жазушылар өз романдарын, суретшілер өздерінің картинасын жазып, кешке барлығы жиналады да әңгіме-дүкен құрады. Олардың бір-біріне реніштері жоқ, керсінше бірін-бірі толықтырып отырады.

Ал бізде қалай? Қазір қазақтың бір жазушысынан сұрашы, өзінің жасындағы суретшілерді біле ме? Олар Ә.Қастеевті ғана білуі мүмкін. Болды. Өзіне замандас мүсінші қандай мүсіндер сомдады, білмейді. Ал біз композиторларды білмейміз. Қандай мықты туынды жазып шықты? Жазушылар қандай тақырыпта жазып жүр? Байланыс жоқ. Арасында әйтеуір журналистер дәнекер болып жүгіріп жүреді, бір-біріне жақындатқысы келіп. Журналистер сезімтал ғой, біз сияқты қатып қалған емес. Содан кейін қазақтың өнерлілері сынды дұрыс қабылдап, көтере алмайды.

El.kz: Көрші Қытайда соңғы кездері бейнелеу өнері өте ерекше қарқынмен дамып жатыр. Олармен осы салада білім беруде әріптестік орнату жағы қалай?

Ермек Сабырұлы: Қытайлық әріптестермен жақсы қарым-қатынас орнап жатыр. Әсіресе Абай атындағы ҚазҰПУ Көркемсурет және графика факультетінің ұстаздары барлығы дерлік Қытайда болды, біліктілігін жетілдірді. Мысалы үшін Рамазан Мизембаев, Баймұрат Оспанов сол жақта сабақ беріп, Хайнань университетінің профессоры атанды. Содан кейін қытайдың мамандары осында келіп сабақ беріп жүр. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ.

Қытайдың жалпы бейнелеу өнерін оқыту мәселесіне келетін болсақ, оларда бағзы заманнан бері қалыптасқан, қандай басқару жүйесі болса да ұлттық ерекшелігін сақтап келе жатыр.

Біз неге өзіміздің ұлттық өнердегі ерекшелігімізден ажырап қала жаздадық? Кеңес одағында 15 одақтас республика бәрі бірге, негізі орыс өнері болып, басқасы қосалқы болып қойыртпақ болып кетті. Енді ғана бәрі өз орнына келіп жатыр десем болады.

El.kz: Елімізде шетелдің бейнелеу өнерін ғылыми-зерттеумен айналысатын орталық бар ма?

Ермек Сабырұлы: Жалпы қазір Астанадағы педагогикалық академияда осындай зерттейтін халықаралық бөлім бар деп білемін. Менің ойымша. Одан кейін әлгіндей орталықта жұмыс істеу үшін ол адамдардың бейнелеу өнерінен хабары болуы керек, тілді білуі керек, сонда ғана жұмыс жүреді. Ол елдерде қандай оқыту жүйелері бар соны зерттеу шынымен де керек. Шетелдерге студенттерді, магистранттарды, докторанттарды тәжірибе алмасу үшін тұрақты түрде жіберіп тұру керек.

Әрине дизайн саласын алатын болсақ, олармен байланысымыз бар. Олардың бізге деген қызығушылығы бар. Мен мысалы шетелге шыққанда екі видеоматериал алып шығамын. Біреуі қазақтың көркем қол өнерінің ерекшелігі туралы, екіншісі Астананың сәулеті мен өнері жайлы. Соны уақыт тауып көрсетуге тырысамын.

El.kz: Еуразиялық дизайнерлер одағын құрып, басқарып келесіз. Оған қандай және қанша елдің өкілдері тартылған. Одақтың жұмыс жайлы айта отырсаңыз?

Ермек Сабырұлы: «Еуразиялық Дизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігі 2012 жылы 11 маусымда Астана қаласында құрылды. Біздің алға қойған мақсатымыз - жалпы дизайнмен бірге материалдық құндылық - этнодизайнды дамыту, 2-ден жастарды тарту, 3-ден аймақтарда осы дизайн мәселесін қозғау. Еліміздегі басқа шығармашылық одақтармен салыстырғанда тұрақты жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған үлкен ретроспективалық көрмеміз Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетте бір ай бойы өтті. Былтыр Астанадағы Әскери музейдің «Вернисаж» залында Еуразиялық Дизайнерлер одағының кең көлемді көрмесі өтті. Өткен жылы Бурабайдағы «Балдәурен» деген мекемеде 4 күндік көрме, әдістемелік симпизиум, семинар өтті. Көркем қол өнері мен дизайнды оқыту және оны ары қарай дамыту үшін осындай іс-шаралар өткізіп жүрміз. Оған еліміздің барлық аймақтарынан, сонымен қатар Қырғызстан, Башқұртстан және Татарстаннан мамандар келіп өздерінің этнодизайн саласындағы көркем туындыларын көрсетіп, әдіс-тәсіл алмастық. Жоғарыдағы шаралардың барлығының каталогі жарық көрді.

Енді бұйыртса, жақын арада Жетісу өңірінде көрме өткіземіз, одан кейін шілде айында қырғыздың Ош университетімен бірігіп Ыстықкөлдің жағалауында көркем қол өнері, этнодизайн бойынша әдістемелік секциялар өткізу жоспарланып отыр.

El.kz: Еуразиялық Дизайнерлер одағының бүгінгі таңда қанша мүшесі бар?

Ермек Сабырұлы: Қазір Одақтың мүшелер саны 800-ден асып кетті, олардың арасында Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Армения, Нидерланды, Жапония, Португалия елдерінен және еліміздің облыстарынан шығармашылықпен қатар педагогтік қызметті де бірге алып жүрген мүшелеріміз бар.

2020 жылы қаңтар айында, дәл Пандемияның алдында Астанадағы Ұлттық музейде үлкен ғылыми-тәжірибелік симпозиум өткіздік. Астананың бас жоспарын жасаушылардың бірі, жапондық дизайнер Юджи Имайо, армениялық Наира Туманян өздерінің баяндамаларын жасады. Соңынан көрмеге қойылған дизайн туындылары көрсетілді.

El.kz: Шетелдегі суретші қандас әріптестеріңізбен байланысыңыз қалай?

Ермек Сабырұлы: Осы El.kz порталындағы өзіңіздің қандастар туралы ақын ағамен болған сұхбатыңызды оқыдым. Сол кісі «бауырластар» деп айтсаңыздар жақсы болар еді деді, сол маған да ұнады. Әрине біздің бауырластарымызбен байланысымыз бар. Қазипа Мұхамедиқызы атты азаматша бастаған осында өнер саласындағы ұйым бар. Олар жуырда ғана Парижге барып келді. Сол кісіні біз өзіміге тартып, оның ең бірінші көрмесін өткізіп, одан кейін ол біздің Президиум мүшесі болды. Енді қытайдағы қандастарымызбен бірлесіп бір көрме өткізсек деген ойымыз бар.

El.kz: Енді Өзіңіздің шығармашылығыңызға ойыссақ...

Ермек Сабырұлы: Соңғы кездері түрлі ұйымдастыру шараларымен, әкімшілік жұмыстармен айналысып кеттім де шығармашылыққа уақыт аз бөлініп жүр. Айта кетейін 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне Астанадағы мұз айдынында үлкен шара өткіздік. Ол енді жеке менің жұмысым емес, ұжымдық жұмыс. Бірақ соның материалдық еңбегі, дизайны, жалпы тұжырымдамасы менің жұмысым. Дизайнда үлкен жобаларды жалғыз адам істемейді.

Одан кейін Алматының 1000 жылдығы болды. Осыған орай ірі жоба жаңа мұз айдынында жасалды. Оны да мен басқардым. Ондағы негізгі артефакт Таулы қырат жақтан табылған тиын болды. Ондағы бес әріптің үшеуі және өрнектерінің жартысы өшіп кеткен екен. Соны реставрация жасап берсеңіз деді. Мен онда ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқаратынмын. «Мынаны анықтау үшін археологтарға, арабист ғалымдарға барыңыздар» дедім. Олар, «Жоқ аға, бәрі Сізге жіберді» деді. Мен Семейдегі музейде реставратор болып істегенмін. Содан кейін мен жасап шықтым. Нәтижесін көріп әкімдіктегілер мәз болып, ғалымдарға апарып мақұлдатып келіп, аға, енді осының үлкейтілген нұсқасын жасау керек деді. Тиынның ені 70 см, диаметрі 6 метр (!) және бұл реңделген күміс болуы керек. «Үлкен үйден» түскен тапсырыс болғаннан кейін жасап шықтық. Содан 4 дизайнер бірігіп «Қазақстанның төрттігі» деген альбом жасап шығардық. Одан кейін Еуразия Ұлттық университетіндегі Л.Н. Гумилевтің музейін жасадық. Мұның да тұжырымдамасынан бастап соңына дейін басқардым. Біз жобаларды жоқ дегенде 2-3 кісі бірге жүріп жүзеге асырамыз. Неге десеңіз, біреуі компьютерші, біреуі тұжырымдамашы, енді біреуі монтаждаушы дегендей.

El.kz: Жалпы алғанда Сіздің шығармашылығыңызда кескіндеме басым ба, әлде дизайнерлік жобаларыңыз көп пе?

Ермек Сабырұлы: Кейінгі кезде әрине дизайн саласындағы жұмыстар көп. 1993 жылға дейін біз суретші-безендіруші болып келдік. Себебі дизайн деген атау бізге 1987 жылы ғана келді ғой. Оның алдында мен мастихинмен кескіндеме жазатынмын. Содан бір күні жартысын Қытай, жартысын Латвияның көрме кураторлары келіп түгел сатып алды. Біздер оған рамка, багет жасап әуре болатынбыз. Олар оның бәрін алып тастап, кенептің өзін ғана орап, музейге барып фотоға түсіріп, рұқсат қағазға мөр бастырып 50-ден астам жұмысымды алды да кетті.

Негізі менің оқығаным көркем жобалау, содан дизайн келген соң, өзі де көңіліме жағатыны сол еді, сонымен айналысып кеттім.

El.kz: Шынымды айтсам, Сіздің шығармаларыңызбен көп көрермен таныс емес сияқты. Суретші-дизайнердің шығармаларын қайдан көрсек болады?

Ермек Сабырұлы: Өзіміздің көрмелерге қатысамын. Бірақ туындыларыммен белсенді қатыса алмаймын. Көбіне көрмені басынан аяғына дейін, тіпті каталогтарға дейін мен ұйымдастырамын. Ол түсінген жанға қиын жұмыс. Әрқайсысы жүз беттен кем емес. Одан кейін Scopus журналдарына екі ғылыми мақала шығардық. Оның бәрі жүйкені жұқартатын жұмыстар.

Көрмелерді ұйымдастыру да оңай емес, ол жерде бір кісімен ғана емес, көрмеге қатысатын әрбір адаммен ақылдаса отырып, туындыларын таңдап алу, одан кейін әкімдікпен, министрлікпен келісу керек. Қарап тұрсаңыз, сырт көзге оңай көрінгенімен, оның артында қанша күш-жігер, маңдай тер жатқанын көпшілік біле бермейді.

El.kz: Қазіргі кезде мемлекеттік сыйлықтармен қатар қоғамдық марапаттар да көбейіп кетті. Өзіңіз «Біріккен Еуропа» орденінің кавалері екенсіз. Жалпы марапат, сыйлықтарға көзқарасыңыз қалай?

Ермек Сабырұлы: Менің ойымша, егер марапат, сыйлықтарды еңбегі сіңген адам алса, ол дұрыс. Дизайн саласында алып жатқандардың барлығы дерлік орынды. Мені Еуропаның орденіне Ресейдің дизайн академиясы мен Ресей дизайнерлер одағы ұсынған болатын. Ал негізгі ұсыныс хат Еуразия Ұлттық университетінен кетті, солардың сұратуымен. Неге десеңіз біз ресейлік шығармашылық ұйымдармен тығыз қарым-қатынастамыз. Бірлесіп көптеген шаралар ұйымдастырамыз. Одан бөлек Нидерланды, Германия, Англия, Түркияға барып көрме ұйымдастырып, бейнелеу өнері жайлы баяндамалар жасаған кезде, ресейліктер байқаған болуы керек, аталған орденге лайық деп тауыпты.

Ал енді Қазақстанда, дизайн саласына жақсы көңіл бөліне бастады. Әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлы келгеннен кейін дизайнерлерге жақсы көңіл бөліп, марапаттап жатыр. Мәселен, Жанат Комутов деген дизайнеріміз былтыр «Құрмет» орденін алды, одан кейін біраз адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қайролла, мен, Гүлмира Президенттің қолынан Алғыс хат алдық. Алдыңғы жылы Президенттік стипендия иегері атандым. Биыл атақты әнші Димаш Құдайбергеннің сахналық киімдерінің дизайнын жасайтын, ҚР Сыртқы Істер министрлігінің тапсырысы бойынша киімдер тігетін атақты дизайнер, профессор Қайролла Әбішев те Президенттік стипендия иегері атанды. Одан бөлек министрлік тарапынан «Мәдениет саласының үздігі» деген атақты да беріп жатыр. Бұрын ондай болмаған, шүкір. «Жақсы сөз - жарым ырыс» демекші, суретшілерге, дизайнерлерге ақшадан да құнды нәрсе ол көңіл, дұрыс көзқарас оларды шабыттандырады. Марапаттың артықшылығы жоқ деп ойлаймын.

Жақында ғана біздің Одаққа марапатқа ұсынатын тұлғалардың награда қағаздарын осы маусым айынан қалдырмай беріңіздер деген пәрмен келді. «Бұрын марапат 16 желтоқсанда берілсе, енді 25 қазанда беріледі, тездетіңіздер» деді. Сондықтан Одақтың Президиум мүшелері бәріміз ақылдаса келе марапатқа лайықты тұлғалар тізімін қарап, реттеп 15 маусымға дейін ұсынамыз. Ары қарай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қарастырады. Олар бізге салаға қатысты әйгілі дизайнерлер, одан кейін ел аузында жүрген белгілі дизайнерлер, одан соң 35 жасқа дейінгі жастарды беріңіздер деп нақты айтады. Елге сіңірген еңбек ең басты критерий саналады.

El.kz: Елге айтар тілегіңіз бар болса, жеткізейік!

Ермек Сабырұлы: Еліміз көркейе берсін! Өнермен, жалпы рухани байлықпен шұғылдану үшін еліміз аман, жұртымыз бейбіт те берекелі болуы тиіс. Сонда ғана біз үлкен жетістікке жетеміз.

El.kz: Көлемді сұхбатыңыз үшін көп рахмет. 

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: