Дизайн-код: Астана заңсыз жарнамалардан тазартылады

3 Тамыз 2023, 01:10 1152

Астанада қала келбетін дизаин-код бойынша ретке келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бір апта ішінде қала бойынша 800-ге жуық заңсыз ілінген маңдайша мен жарнама банері алынып тасталды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдік мәліметінше, маңдайшалар мен жарнама банерлерінің алынып тастауының бірден бір себебі – олардың бәрі 2019 жылы бекітілген Астана дизайн кодына сәйкес келмейді.

Нұра ауданының әкімдігі «Астана-Жарнама» КММ-мен бірлесіп 9 тұрғын үй кешенінде («Құлагер» ТК, «Жағалау-3» ТК, «Құлагер-2» ТК, «Көркем Tower» ТК) орналасқан ШОБ субъектілерінің тілдер туралы заңның сақталуы және заңсыз жарнаманың (дизайн-кодқа сәйкес келмейтін) жойылуын тексеріп шықты. Нәтижесінде 26-28 шілде күндері 91 жарнама мен 30 маңдайша демонтаждалды.

Сол сияқты заңсыз жарнамалар мен маңдайшаларды алып тастау туралы 36 хабарлама беріліп, 3 тұрғын үй кешенінде орналасқан («Aru Qala» ТК, «Манхэттен» ТК, «Манхэттен» ТК) маңдайшаларды дизайн кодқа сәйкестендіру бойынша іс-қимыл алгоритмі табысталды.

Ал Сарыарқа ауданында заңсыз ілінген 382 жарнама мен маңдайша алынып тасталды.

Байқоңыр ауданында жыл басынан бері аппарат қызметкерлері түсіндіру және заңсыз жарнамаларды бөлшектеу бойынша 40-тан астам көшпелі іс-шара өткізді. Қорытындысы бойынша бүгінгі күні 300-ге жуық заңсыз жарнама объектісі бөлшектелді.

Қалған аудандарда да осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осылайша, бір апта ішінде әкімдік қызметкерлерінің жұмысының нәтижесінде дизайн-кодқа сәйкес келмейтін 800-ге жуық заңсыз ілінген баннерлер мен маңдайшалар алынып тасталды.

Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айында қала мәслихатымен дизайн-код бекітілген. Алайда аяқастынан пандемия басталып жұмыс кейінге шегерілген. Ал 2023 жылдың 4 сәуірінде Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қ.Тоқаев көше жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейту туралы тапсырма берген болатын.

Осы бағыттағы жауапты міндет «Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелді. Қазіргі уақытта ғимараттардың немесе құрылыстардың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру тұжырымдамасы әзірленді. Онда бизнес өкілдеріне елорданың сәулеттік сәнін бір стильге келтірудің үлгісі көрсетілген. Урбанистика орталығы мен әкімдік қызметкерлері әр ауданның кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырып, тұжырымдаманы талқылады.

Берік Арманов
Бөлісу: