12 Наурыз 2015, 10:17
Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет» еңбегінің қолжазба нұсқасы 2011 жылы Көкшетау қаласындағы «Әдебиет және өнер» мұражайынан табылған. Тарихи, құнды кітап екендігі белгілі. Сол кітап туралы нақты музейдің директоры Нұрбек Нұралинге жолығып, сөзге тарттық.
– Сіз басқарған мұражайдан 2011 жылы Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет» еңбегі табылып, әдебиетші қауым бір қуанған ек. Сол еңбек қазір қайда және нендей күйде?
– Алдымен бұл еңбектің қалай табылғанына тоқтала кетейін. «Әдебиет және өнер» мұражайы 1989 жылы құрылды. Мұражай орналасқан ғимарат басқа меншікке өтіп, мұражайдағы өнер туындылары, жәдігерлер, әртүрлі тарихи қазыналар В.Куйбышев атындағы қалалық өлкетану мұражайына көшіріледі. Жәдігерлерге орын жетіспеді. Әсіресе, арабша сауаты бар жан табылмағандықтан сол тілде жазылған кітаптар керексіз қалды. 2009 жылы мұражайды қайтадан тірілтуге мұрындық болдым. Шағын ғимарат тауып, сонда орналасып, біраз дүниені жинастырдық. Бұл қолжазбаны Шығыстану институтының директоры Әшірбек Муминов ел аралап, құнды заттар жинап жүріп, осы мұражайдағы сирек кітаптарды ақтарып көріп, алғаш «Диуана хикмет» деген болжам жасайды. Артынан қайта соғып нақтыламақ болды. Бірақ әлдебір себептермен қайта іздеген жоқ. 2011 жылы бұл мәселені қайта көтердік. Алматыдағы біраз біледі деген адамдарға көрсеттік. Нақты дерек болмаған соң, қолжазбаны Астанаға әкеліп түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлына апардық. Ол кісі түріктанушы Иманғазы Нұрмұхаметұлына жолықтырды. Олар бір күн ішінде қолжазбаның бір бетке жуығын аударды. Қолжазба расында Қожа Ахметтің «Диуани хикмет» еңбегі екені дәлелденді. Иманғазы Нұрмұхаметұлына қолқа салып, қолжазбаны қазақ тіліне аударттық. Бастыруға қаржы да таптық. Қаржы жағынан Паң Нұрмағамбеттің тікелей ұрпағы, «Оң – олжа» компаниясының президенті, белгілі меценат Марат Нәбиев көмек берді. Марат Нәбиевке баршаның атынан алғыс білдіремін. Қaзір «Фолиант» баспасында басылып жатыр. Кешікпей жарыққа шығып қалар.
– Іске сәт! Нұрбек мырза, кітап жарық көрген соң, ары қарай қандай жоспар бар?
– Біздің мақсат кітапты аударып, бастырып дайындап, мұражайда құнды жәдігер ретінде сақтаумен қатар, ұлы ойшыл бабамыздың хикметін насихаттап елге таныту. Әзірге тек аудармасымен жұмыс істеп жатырмыз. Аударманы ғалымдар, ішкі мағналы сөздеріне үңіліп зертейді деген үміттеміз. Тарихшылар, дін зерттеушілері, өнертанушы ғалымдарға ұсынамыз. Олар не кәдесіне жаратады. Ол ғалымдармен, уақыт еншісінде...
Қолжазба қайдан, қалай келіп, қалай сақталғаны жайлы сұрағымызға, мұражайдың қор бөлімінің менгерушісі Қожахметова Сара Құзайпақызы:
– Мұражай алғаш ашылғанда, мұражайды алғашқы ұйымдастырушылар Мариям Кенжеахметова, Карим Ілиясова ағалар, ел аралап, өнер туындылары мен түрлі кітаптар жинаған. Бұл кітаптар арабша жазылғандықтан, оқитын адам болмай, құран кітаптар деп, тізімдей берген. Негізі, бұл қолжазба қәзіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Рузаевка аудандарынан әкелініпті. Себебі, арабша жазылған кітаптардың барлығы, осы ауданның ауылдарынан әкелінгені тізімде байқалады. Бұл екі аудан кезінде Көкшетау облысына қараған. Мен осы мұражайға 1990 жылдан бері істеймін. Ғимрат болмай біраз көштік. Кітаптарға қарауға мұрша болмады. Дінді жете білмесек те, арабша жазылған кітаптарды «Құран кітап» деп ұғып, көбіне орап, аяқтың астында қалмау жағын ойлап, шамамша сақтаған болдым. Сөйтіп жүргенде соның бірі, осылай құнды жәдігер болып шықты. Бұл, қолжазбамен қатар келген Құран кітаптар қәзір көрмеде тұр. Бізде біраз құнды жәдігерлер бар, – деп жауап береді.
«Диуани хикмет» қолжазбасы солтүстікке қалай келуі мүмкін. Ол жайында мұражай қызметкерлерімен, өз ойымды қортындылап мына жорамалды оқырман қауымға айтуды жөн көрдім. Қолжазба бұрынғы Көкшетау Рузаевка, қәзіргі Ғ.Мүсірепов және Айыртау аудандары ауылдарынан әкелінгені тізімде айқын жазылғанын көрдім. Олай болса қолжазбаны Сарғалдаққожа немесе оның қызы Айғаным сақтап келуі бек мүмкін. Олай деуге де негіз бар. Біріншіден, қолжазба табылған, (бұрынғы Рузаевка, қәзіргі Ғ.Мүсірепов ауданы) жерін ат төбеліндей қожалар мекендеген. Осы аудандағы Бірлік ауылы қожалар ауылы аталыпты. Тың игеру кезінде тарап кеткен. Бұл ауыл Бұхарда көп жыл оқыған ғұлама Сарғалдаққожаның ауылы екені тарихта бар. Ал, Сарғалдаққожа Қожа Ахмет Иасауидің туған інісі Садыр шайхтың ұрпағы. Шығыс Қазақстаннан әулиелігімен танылып, Абылайханға еріп, Есіл бойын мекендеп қалып қойған. Орданың имамы Абылайдан соң Ергенекті уақтың пірі, старшыны болған. Ғалымдар "қолжазба Бұхар қағазына жазылған, көшірілген жылы шамамен 16-17 ғасыр" депті. Бұхарда көшірілсе, Сарғалдаққожа Бұхарда оқыған. Туған жері мен ата бабасының мекені де сол жақ. Ал, Айғанымға келсек Айыртау ауданының Сырымбет ауылында өмір сүрген. Сондағы қоныста Айғаным өмірінің соңына дейін тұрған. Айғаным 6 тіл білген, әсіресе діни сауаты өте жоғары болған. Қонысында мешіт салдыртып, молда ұстаған. Айғаным әлем таныған ғалым Шоқанның әжесі. Уәлиханның кіші ханымы. Хан отбасында кітаптың неше түрі болғаны да мәлім. Қоныс шабуылға ұшырап өртенді, қазан төнкерісінен кейін иесіз қалды. Айғаным ұрпақтары қуғынға ұшырап, мүлкі талан-таражға түсті. Осындай қиын кезде, қолжазба ұрпақтарына, не басқаның қолына түсіп, осы күнге жеткен болар. Осы жайларды болжай келе «Диуани хикмет» қолжазбасы әкеден мұра болып қалған, әкелі, балалы Сарғалдаққожамен Айғаным ханшаның кітабы деген болжам жасауға болады. Бұл әлі де нақтылауды қажет етеді. Баспадан шығып оқырман қолына тисе, басқа да жорамалдар айтылар...
Ел тәуелсіздігінің арқасында ұлттық сана сезім, салт санамыз оянумен қатар, көне әдебиетіміз, өнер туындыларымыз, ата бабаларымыздың керектенген құнды затары табылып жатыр. Мұражайдан бойжеткен қыздың шолпысын көрген адам қызықтайтыны анық. Ұшында ұзындығы 5- 6 см. күміс жалатылған жіңішке темір бар. Сылдыры да ерекше. Бұлжіңішке темірдің бірі құлақ, екіншісі тіс шұқуға арнап жасалған екі түрлі қызметке арналған екен. Біз оны сәндік бұйым деп қана ұғамыз. Ал, оның тазалыққа да қажет бұйым екенін көпшілік біле бермейді.
Әзірлеген: Дахан Шөкширұлы Жәмші