Дирижерлер бәсекесі

6 Қараша 2014, 06:40

«Шабыт» XVII халықаралық өнерлі жастар фестивалі өтіп жатыр...Симфониялық оркестр дирижерлігінің екінші турына бес адам өтті.

Астана қаласында «Шабыт» XVII халықаралық өнерлі жастар фестивалі өтіп жатыр. Фестиваль номинацияларының бірі – симфониялық оркестрді дирижерлеу.

Бұл номинация бойынша байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы Қазақстандық және шетелдік симфониялық оркестр дирижерлері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқаудың алғашқы турындағы іріктеуден өткен қатысушыларға, екінші турда Астана қаласының симфониялық оркестріне басшылық ету мүмкіндігі туды.

Бірінші қатысушысы Диана Калелова оркестрдің орындауындағы Йозеф Гайднның №95 симфониясының 1-бөлімін және Петр Чайковскийдің «Ромео-Джульетта» увертюрасына дирижерлік етті. Адамзат өміріндегі ең керемет сезімге, сондай-ақ өмір қайшылықтарына қарсы наразылыққа толы бұл туынды орыс өнерінің озық үлгілеріне жатады. Сол себепті болар, оркестрдің орындауындағы «Ромео-Джульетта» увертюрасына дирижерлік еткен Диана қазылар алқасына ұнаған сыңайлы.

Одан кейін дирижерлікке шыққан Асет Абдрахманов Шуберттің және Бетховеннің туындыларын таңдаған екен. Негізі, Бетховен симфонияларында ұрандаған тираниямен күресу және еркіндікке құштарлық идеялары басым. Асет аз уақыт ішінде оркестрді жоғары темппен ойнауға шақырды. Байқаудың үшінші қатысушысы Алексей Кириченко Чайковскийдің №4 симфониясының 1-бөлімін және Россинидің «Сорока воровка» операсының увертюрасына дирижерлік жасады.

Алексей Кириченко, байқауға қатысушы:

- Мен Новосібір мемлекеттік консерваториясының студентімін. Біздің университетке Астанадан шақыру келген екен. Сөйтіп, университет басшылығы маған баруға  ұсыныс жасады. Мен бірден келісе кеттім, өйткені көптен бері Астанаға бару арманым болатын. Бұған дейін Астананы «Бүк пен шік» деген бағдарламада көрген болатынмын. Қатты ұнады. Өте әдемі, заманауи, болашағы зор қала.

Байқауға қатысу үшін бейне таспадағы жазба мен суретімді жіберу керек екен. Мен ол кезде басқа қалада гастрольмен жүргенмін. Содан жолдасым Татьяна шұғыл түрде менің достарыма хабарласып, достарым менің бейнетаспамды жіберіпті. Кейін маған өттіңіз деген хабарлама келді. Қайталап айтам, мен осында келетініме өте қуандым, өйткені бұл өте керемет қала. Әсіресе мына университет қатты таңқалдырды. Сәулеті ерекше. Жалпы Астана қаласының архитектурасы маған керемет әсер қалдырды. Мұндай қаламен мақтану керек.

 Түскі үзілістен кейін байқауды Никита Пологнюк Бетховеннің №4 симфониясымен жалғастырса, Берік Батырхан Иоганнес Брамстың «Трагедиялық увертюрасымен» аяқтады.

Байқаудың үшінші туры 6 қарашада Қазақ ұлттық өнер университетінің «Жамбыл атындағы залында» өтеді.

Бөлісу: