Қазіргі заманда қоғамның білімге, даму жолдарына деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын табысты болу үшін міндетті түрде жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алу керек деген түсінік қалыптасқан еді. Алайда бұл түсінік қайта қаралуда. Цифрлық технологиялар, онлайн білім, өздігінен даму сияқты балама жолдар дипломның орнын басып келе жатқандай. XXI ғасырдағы білім алудың жаңа жолдары мен дипломның қазіргі қоғамдағы рөлі туралы El.kz тілшісі радиожурналист, педагог Гүлнұр Омарханқызын сөзге тартып, сұхбаттасты.
Қазіргі заман – жылдам өзгерістер дәуірі. Цифрлық революция қоғамның барлық саласын түбегейлі өзгертуде. Жаңа мамандықтар пайда болса, кейбірі мүлде жойылып барады. Бұл бұрынғыдай бір мамандықпен өмір бойы жұмыс істеудің азайып келе жатқанын көрсетеді. Цифрлық технологиялар, онлайн курстар, стартаптар мен шығармашылық индустрия дипломнан гөрі қабілетке, тәжірибеге көбірек мән беріп жатыр. Осы жағдай білім беру мен жұмысқа орналасу түсінігін түбегейлі өзгертуы де мүмкін.
Бүгінде IT, дизайн, маркетинг, кәсіпкерлік салаларында адамдар онлайн курс оқып, табысты маман бола алады. Көптеген компаниялар дипломнан гөрі нақты қабілетке, практикалық дағдыға және портфолиоға мән береді. Google, Apple, Tesla, IBM сияқты ірі корпорациялар дипломды міндетті шарт ретінде қоймайды. Қазір ең бастысы не білесің және нені жасай аласың?
XXI ғасырда бір рет оқып, диплом алып, тоқтау мүмкін емес. Жаңа технология, жаңа тренд, жаңа сұраныс маман үнемі білімін жаңартып отыруы керек. Жастар енді тек дәстүрлі оқу жолын емес, стартап жасау, фриланс, TikTok, YouTube, онлайн кәсіп сияқты балама бағыттарды да таңдай бастады.
El.kz: XXI ғасырда жоғары білімнің маңыздылығы туралы не ойлайсыз?
Гүлнұр Омарханқызы: XXI ғасырда білім тек теориядан ғана тұрмайды, ол әлемді өзгерте алатын алып күш саналады. Жоғары технология, медицина, экология, киберқауіпсіздік – осының бәрі терең білімсіз дамымайды. Қазіргі желілік қоғамда білімді адам, ақпаратты тауып қана қоймай, оны сараптайтын, қолданатын және сонымен өзгеріс жасай алатын тұлға. Демек, XXI ғасырда білімнің маңызы, табысқа жетудің, қоғамға әсер етудің, тіпті болашақты қалыптастырудың басты құралы. Мысалы, ChatGPT-ді алайық. Бұл жасанды интеллектті жасаған OpenAI компаниясының негізін қалаушылардың бірі – Илья Суцкевер. Ол бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан, балалық шағынан компьютерге құмар болған адам. Кейін Канадаға көшіп, білімін тереңдетеді. Жас кезінде нейрондық желілерді зерттеуге қызығып, әлемдегі ең үздік университеттердің біріне түсіп, ғылыммен айналысады. Нәтижесінде, оның білімі мен зерттеулері бүкіл әлемге әсер еткен технологияны жасауға көмектесті. Бұл мысалдан нені байқаймыз? Әрине, білімнің теңдессіз ғаламатын көруге болады. XXI ғасыр білімнің демократияланған заманы болғандықтан, онлайн платформалар, қысқа курстар, YouTube, Udemy, Coursera секілді ресурстар арқылы адамдар практикалық дағдыны тез әрі тиімді меңгере алады. Әсіресе IT, дизайн, маркетинг сияқты салалардың басты талабы нақты нәтиже мен портфолионың болуы.
El.kz: Диплом бүгінгі таңда адамды табысты етуге жеткілікті ме?
Гүлнұр Омарханқызы: Қоғамда дипломның қажеттілігі туралы екұдай пікір қалыптасты. Мәселен, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, бірақ өз саласы бойынша жұмыс таба алмай, мүлде басқа бағытқа кетіп жатады. Яғни экономист болғанымен, сауда жасап немесе курьер болып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Негізінен дипломы бар адам еңбек нарығында сенімді әрі білікті тұлға болып саналады. Дәстүрлі білім жүйелі ойлауға, ғылыми көзқарас пен белгілі бір салада терең білім алуға жетелейді. Әсіресе, медицина, құқық, инженерия сынды салаларда міндеттелген. Ал табысты болу үшін адамда тәжірибе, икемділік, коммуникация, технологиялық сауаттылық сияқты қасиеттер де болуы қажет. Қазір табыстың өлшемін нәтиже мен сұранысқа ие болу деп біледі. Дегенмен, табысқа жету үшін адам өзін-өзі үздіксіз дамытып отыру маңызды.
El.kz: Қазіргі жұмыс берушілер үшін диплом маңызды ма, әлде нақты біліктілік пен нәтиже ме?
Гүлнұр Омарханқызы: Көптеген жұмыс берушілер үшін біліктілік, тәжірибе және нәтиже маңызды. Диплом кей салаларда (мысалы, медицина, құқық) қажет, бірақ ІТ, маркетинг, креативті индустрияда нақты дағды басты орында тұр. Диплом алу білімінің бағыты мен біліктілігін дәйектейтін заңды құжат болғандықтан маңызды.
El.kz: Диплом бола тұра жұмыссыз жүргендер көп. Себебі не?
Гүлнұр Омарханқызы: Бұл білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасында алшақтық бар екенін көрсетеді. Кей мамандықтар еңбек нарығында сұранысқа ие емес, ал студенттерге нарыққа бейімделген дағдылар берілмейді. Тағы бір себебі, мотивация мен жеке дамудың жетіспеушілігінен де туындайды. Мәселен, оқуын үздік аяқтап, тіпті шетелде тәжірибеден өтіп келді делік. Елге келіп біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалды. Неліктен? Біріншіден, тәжірибенің болмауы. Оған университетте практиканың аз болуы, нақты жобалармен жұмыс істемеуі себеп болуы мүмкін. Екіншіден, дағдылар сәйкес келмейді. Қазір жұмыс берушілер үш тілде еркін сөйлейтін, дипломатиялық хат жаза алатын және аналитикалық талдау жасау сынды нақты дағдыларды сұрайды.
El.kz: Атақты миллиардерлердің көбі университетті аяқтамаған. Бұл нені дәлелдейді?
Гүлнұр Омарханқызы: Әрине, бұл табысқа жетудің балама жолдары бар екенін дәлелдейді. Дегенмен, мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Олар ерекше қабілетті, идеясы бар, тәуекелге бара алатын, дарынды адамдар болып келеді. Мәселен, Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобс университетке түскенімен, алты айдан соң оқуды тастап кеткен. Өзінің қызығушылығымен каллиграфия сабағына қатысып, Mac OS жүйесіне маштабталатын қаріптерді орналастырады. Нәтижесінде Apple-ді құрып, әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірін басқарды. Өзі өмірден озған кезде жеке байлығы бірнеше миллиард доллар болды. Ал Microsoft негізін қалаған Билл Гейтсті алыңыз, Гарвард университетін екі жыл оқығаннан кейін, Microsoft жобасына толық көңіл бөлу үшін оқудан шығып кетеді. Сөйтіп, Microsoft-ті дүниеге әкеліп, әлемдегі ең бай адамдардың біріне айналады. Көп жыл бойы Forbes тізімінде бірінші орында болды. Сонымен бірге, Facebook-тің негізін қалаған Марк Цукерберг Facebook жобасын бастап, оны дамыту үшін Гарвард университетінен шығып, Meta (бұрынғы Facebook) компаниясын құрып, бірнеше миллиард долларлық байлыққа жетті. Жалпы адамдардың көпшілігі дипломды тұрақты даму мен кәсіби өсу үшін маңызды құрал санайды.
El.kz: Егер диплом мүлде жойылатын заман келсе, қоғамда не өзгерер еді?
Гүлнұр Омарханқызы: Бұл мүмкін емес шығар, десек те қоғам білім мен дағдыны бағалауға көшеді. Университеттер емес, нақты нәтиже беретін орталықтар (онлайн платформалар, bootcamp-тар) алға шығатын болар. Бірақ бұл шешім теңсіздік туындатуы әбден мүмкін. Өйткені қаражаты бар қуаттылар жақсы курстар сатып алса, басқалар шет қалуы ықтимал.
El.kz: Жұмыс берушілердің университеттермен серіктестік орнатып, нақты дағдыларды үйретуін қолдайсыз ба?
Гүлнұр Омарханқызы: Әлбетте, ғылым мен өндірістің арасы алшақ болмауы тиіс. Бүгінде университеттер мен жұмыс берушілер бірге білім беру бағдарламаларын жасауды қолға алды. Мысалы, ІТ-компаниялар кодтау курстарын өткізуі, агрокәсіпорындар ауылшаруашылық тәжірибелерін көрсетуі өте маңызды. Бұл түлектің дайын маман болуына септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда диплом – білімнің жалғыз көрсеткіші емес. Ол – бір жол, бірақ жалғыз жол емес. Қазіргі қоғам үшін маңыздысы – шынайы білім, қабілет, бейімделу, өзін-өзі дамытуға деген құштарлық.
Көптеген жылдар бойы диплом – адамның білімінің, қабілетінің және біліктілігінің басты дәлелі болып саналды. Университеттерде білім алу – тек теория меңгеру ғана емес, ол бір ортада тәрбие алу, ойлау қабілетін дамыту, қарым-қатынас орнату мектебі.
Кейбір салаларда (медицина, заң, инженерия) диплом міндетті, себебі бұл бағыттарда арнайы рұқсат пен кәсіби сертификаттар қажет. Дегенмен, қазіргі таңда диплом бар адам автоматты түрде білікті деген көзқарас өзгеріп жатыр. Себебі жұмыс берушілер нақты дағды мен нәтиженің маңызды екенін түсіне бастады.
Бүгінгі таңда білім алу бұрынғыдай аудиторияда отырып оқумен шектелмейді. Кез келген адам әлемдік деңгейдегі білімді интернет арқылы ала алады.
Көптеген елдерде (әсіресе АҚШ, Канада, Еуропа) соңғы жылдары жұмыс берушілер дипломнан гөрі қабілет пен тәжірибеге көбірек мән беріп жүр. Tech саласында, мысалы, Google, Apple, IBM секілді ірі компаниялар «диплом міндетті емес» деген саясат ұстанады.
Шетелде Coursera, edX, Udemy, Khan Academy сияқты платформалар арқылы алынған сертификаттар кейбір салаларда дипломның орнын баса бастады. MIT, Harvard сияқты университеттер де онлайн курстар ұсынып жатыр.
Қазір шетелде өзіңнің жеке веб-сайтың, GitHub профилің, әлеуметтік желідегі белсенділігің және нақты жобаларың (портфолио) өте жоғары бағаланады. Кейде бұл – дипломнан да маңыздырақ.
Ірі компаниялар талап етпейді: Google, Apple, Tesla сияқты компаниялар дипломды басты талап ретінде қарастырмайды.
Көп елдерде жастар арасында «жоғары білім міндетті емес» деген пікір кеңінен таралуда. Алайда медицина, құқық, инженерия секілді салаларда диплом әлі де маңызды.
Дипломды қажетсіз деп тануға әлі ерте. Кей салаларда (медицина, құрылыс, құқық) адам өміріне жауапкершілік жоғары болғандықтан, нақты білім мен заңдық сертификаттар қажет. Сонымен қатар университеттер әлі де академиялық тереңдік, зерттеу дағдылары мен жүйелі ойлау қабілетін береді.
Бүгінгі қоғамда диплом – табыстың жалғыз жолы емес. XXI ғасырда шынайы білім, өзін-өзі дамыту, практика мен бейімделу қабілеті басты құндылыққа айналды. Диплом алуға ниеті бар адамға бұл – жақсы таңдау. Бірақ дипломы жоқ адам да өз жолын таба алады.