Dior Музасы: Алла Елшін баяны

6 Ақпан 2019, 10:29 9278

Сән әлемін бағындырған қазақ қызы туралы Берлин Иришевтің кітабы жарық көрді

«Сұлу әйелдер туралы баяндар аз емес. Жиырмасыншы ғасырдың таңдаулы есімдері: Мэрилин Монро, Софи Лорен, Одри Хепберн, Грета Гарбо... Бұл кітапта жарығы еш жұлдыздан кем түспейтін, алайда көмескі тарта жаздаған – Кристиан Диор музасы Алла Елшін атын жаңғыртуға талпыныс жасалды».

04 ақпанда Астанадағы Ұлттық Кітапханада тұсаукесері өткен Берлин Иришевтің «Муза Dior. История Аллы Ильчун» атты  кітабы осылай басталады. Шынымды айтсам, қарлығаштың қанатындай қиғаш қас, қиық көз, шашы көмірдей қара, ұзын бойлы, талдырмаш келіншектің суреттерін талай рет көргенмін. Түрінен қазақтың екені айқын білінгенімен, өткен ғасырдың елуінші жылдарында қазақ қызы әлемнің ең ғаламат подиумдарында еркін жүреді деген ой басыма да келмепті. Бұл кітап жаңалық. Ол сән әлеміне имене көз салып жүрген талай қаракөзді рухтандырады деп ойлаймын. Кітап кезекті «Әлем бізді таныды» емес. Қайта керісінше, әлемге танымал музаның қазақ болуы.  Алла Елшін - дүниежүзіне танылған, сән әлемінде тренд қалыптастыра білген, 40 жыл тағынан таймаған модель. Christian Dior-дың, кейіннен Yves Saint Laurent-ның сүйікті манекеншісі. Еуропадағы ең бірінші азиялық модель. Азиялық модельдер кейіннен пайда бола бастады. Мысалы, 60-жылдары Хироко Мацумото Пьер Карденнің негізгі модельдерінің бірі болды. Дегенмен алғашқы қарлығаш Алла Елшін еді.

Сонда жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ қызы Парижге қалай келді? Алла Елшіннің әкесі Қуантхан Елшін Алматы қаласында (Верный) дүниеге келген. Мамандығы – теміржолшы, Транссібір магистралін салу үшін Қытайдың Харбин қаласына аттанады.  Харбин Ресей теміржолшыларымен салынған қала. Мұнда жер ауған ресейлік эмигранттары көп еді. Жалпы Харбин қаласының өзі кеңестік кезеңге дейінгі патшалық ресей қалашығын еске салатын. Қалада 26 православ шіркеуі, бірнеше мектеп және алты жоғары білім беру мекемесі болған еді. Осында Қуантхан жұбайы Тамарамен танысып отбасын құрады. Көп ұзамай дүниеге Алла келеді. 1931 жылы жапондар Манжчурияға басып кіреді. Осылайша Харбинді жапондар оккупациялайды. 1935 жылы Елшіндер жанұясы Шанхайға көшеді. Бұл дүрбелең басталған уақыт. Қуантхан қызы мен жұбайын тыныш жерге көшіруді ұйғарады. Осылайша кіншкентай Алла мен жұбайы Тамараны скандинавиялық параходқа салып Еуропаға жібереді. Содан кейін Алла әкесінен қол үзеді. Қуантханның батыл шешімі арқасында Тамара мен Алла Еуропада жаңа өмір бастайды. Дипломы бар дантист Тамараға мамандығы бойынша жұмыс табу оңайға соқпайды. Оның дипломына Парижде күмәнмен қарайды. Бағалы бұйымдарын сатып, Тамара 1937 жылы Рахманинов атындағы Орыс консерваториясының опера класына оқуға түседі. Осылайша Тамара опера әншісіне айналады. Бойжеткен Алланы көпшілік опера әншісінің қызы ретінде танитын еді. 1947 жылы Алла құрбысымен бірге Диор үйінің кастингіне келеді. Бұл туралы ол Chicago Tribune газетіне берген сұхбатында былай деп еске алады:

«Мен жұмыс іздеп жүрген құрбыма серік болып барған едім. Себебі ол жалғыз баруға ұялатынын айтты. Мені көріп Диор жұмыс жасау туралы ұсыныс жасады. Ал құрбым кастингтен өткен жоқ, дегенмен біз жақсы қарым-қатынасымызды сақтап қалдық». Ресейлік сән тарихшысы, өнертанушы Александр Васильев бұл маңызды кездесу туралы былай дейді: «Алла Диор үйінің кастингіне келгенде ол Диор туралы ештеңе білмейтін. Оның құрбысына бірден жоқ десе, Алланы бір бөлмеге алып келеді. Осы бөлмеде үстіне ақ халат киіп жүрген аңызға айналған модельер екенін ол әрине білмеді. Бастапқыда модельер ұсынысынан бас тартады. Кейін анасының ақыл-кеңесіне құлақ салып, келісімін береді. Диор өзге модельдерінен оны әрқашан ерекшелейтін. Оның барлық еркеліктерін кешіретін еді».

Алла Елшін және Кристиан Диор

Диор Үйінің экзотикалық жұлдызына айналған Алла көпшілік назарына бірден ілікті. Ол Еуропа және Американың бекзада ортасының гүлі болды. Баспасөз беттері Алла Елшін туралы көп жазатын еді. Мысалы The Courier Mail газетінің 18.02.1950 жылғы санында «Cristian Dior’s star mannequin» тақырыбымен заметка шыққан:

«Alla Ilitchoun, slant-eyed, twenty-three-year-old mannequin for Cristian Dior, is achieving two-fold publicity this season. First, she refused to cut her raven hair shingle length (she wears it rolled softly on the back of the neck); second, she appeared in London papers as the most photographed mannequin of the season. Alla is the daughter of a Manchurian father and a Russian mother. When I saw her a Dior’s collection, I was impressed by her snake-like glide, possibly due to her ballet dancer’s training. Dior pays her about £40 a montg, but she earns extra from other houses and from the publication fees for photographs. She often works from 8 a.m. to midnight. She is unmarried, and lives with her mother in Paris. Dior always chooses her for showing his trimmest dresses, because of her near figure – hips 35 inches, bust 36 inches, heidht five feet six inches».  (Алла Ильчун – Диордың жиырма үш жасар, қиық көз моделі бұл маусымда Лондонның басылымдарына көп талқылануының екі себебі бар: алдымен ол өзінің қалың ұзын қара шашын қиюдан бас тартып, сәннен қалғанына қарамастан шиньонда жинап жүрді жүрді. Екіншіден ол бұл маусымдағы  ең көп суретке түскен манекенші болды. Алланың әкесі манчжур, шешесі орыс. Мен оны алғаш Диор коллекциясында көргенімде оның сымбатына тамсандым. Бұл мінсіз мүсінге балетпен айналысуының арқасында жеткен болар. Диор оған айына 40 фунт төлейді, бірақ ол өзге де үйлерден, фотосессиялардан табыс табады. Ол көбінесе таңғы сегізден түн ортасына дейін жұмыс жасайды. Ол тұрмыс құрмаған және анасымен Парижде тұрады. Оның бөксесінің көлемі 89 см, кеудесі – 91 см, бойы 1,68 см – мінсіз мүсіні үшін Диор ең сәнді киімдер коллекциясын көрсетілімдеріне оны таңдайды).

Алла Елшін тек сұлу, сымбатты манекенші ғана емес, ол жеке көзқарасы қалыптасқан тұлға, талғамы биік әйел болатын. Бірде сұхбаттардың бірінде Нью-Йорк және Париждің түнгі сауық-орындарын салыстыра отырып, былай деп сипаттайды: «Латын кварталының» қонақтарына қайран қаламын. Мұндай киімдермен мен ешқайда үйден аттап баспас едім, бұдан да жалаңаш жүрген артық. Париждегі Folies Bergere қонақтары да пуритандығымен ерекшеленбейді. Алайда, олар жалаңаштануды ашық әрі екіжүзділіксіз насихаттайды». Алланың өзі подиумдарда декольте мен қысқа юбкаларды киюден қысылған емес. Ив-Сен Лоранның ашық коллекцияларын да талай көрсеткен. Алайда өмірде ол ұстамды стильді ұнататын еді. 1957 жылы Lubbock Avalanche басылымына берген сұхбатында былай депті:

«Мен өзімді свитер, кең шалбарлар мен юбкалар киіп жүргенде жақсы сезінемін. Кешкілік жолдасым екеуміз бір жаққа шыққанда мен қара түсті киімді және омырауы жабық киімдер таңдаймын».

Алла Елшін және Ив Сен Лоран

Париждің, содан соң әлемнің сәнқой бикештері Алладан кейін көзін қиғаш етіп бояй бастады. Алла Диор коллекциясымен әлемнің түпкір-түпкірін аралады. Ол модель мансабын 1967 жылы аяқтады. Дегенмен соңғы рет модель 1987 дылы Диор үйінің 40 жылдық мерейтойына орай подиумға шықты. Берлин Иришевтің «Муза Dior. История Аллы Ильчун» кітабында әлемге танылған модельдің өмір деректері, сирек суреттері, ол туралы естеліктер жинақталған. Автордың айтуы бойынша кітапты жазу барысында түрлі мистикаға толы оқиғалар орын алған.

«Жаздың жексенбі күні еді. Парижді аралап жүріп Монсо паркінде антиквариат сататын көрмеге тап болдым. Ескі жиһаздар, тұрмыстық бұйымдар, әшекейлер, картиналар. Бағыңыз жанса, мұндай жерден нағыз қазынаны кездестіруге болады. Сол күні менің де бағым жанды. Көптеген картиналардың ортасынан көзіме бір сурет оттай басылды – әдемі биінген, қастары қарлығаштың қос қанатындай, азиат екені көздерінен көрініп тұрған әйел. Бағалы киімі, құсқауырсынымен безендірілген кең жолақты шляпасы оның тегін әйел емес екенін білдіреді.  Оның жүзінен бір туыстықты сезгендей болдым. «Япыра-ау, Диор музасы – Алла Елшін емес пе?» деген ой сап етті. Бір жыл бұрын facebook әлеуметтік желісінде тегі қазақ париждік модель туралы пост жазған едім. Толқып тұрғанымды білдірмей, «бұл картинаның иесі кім?» деп сұрадым. Галерист «Иесі аноним қалуды жөн көреді» деп суретшінің есімі бар сертификатты ұсынды. Суретші - Leon Zeitlin. Картина «At the cloakroom» («Гардероб бөлмесінде») деп аталады. Бұл портретті қалайда алуым керек деп шештім. Сол күні үйге келіп француздардың L’Оfficiel  онлайн басылымынан бір мақаланы тауып алдым. Онда былай деп жазылған: «Алла, Лаки, Пралин, Таня, Рене және тағы басқаларды Кристиан Диор өзінің мәңгілік музаларым, сүйікті манекеншілерім, феяларым деп атайтын. Алғашқысы, ат жақты, езуінде күлкі үйірілген, қиық көзді Алла Ильчун өзінің экзотикалық келбетін орыс шешесі мен қазақ әкесінен алған».

Бұл алғашқы дәлел еді. Таңертең сағат 7-де актиквариат сатушыға хат жібердім: «Сатып аламын, картинаны таңғы 10-да жеткізіңіз». Сөйтіп дәл сағат онда картина менің меншігіме өтті.

Осы кітапты 21 қараша күні баспаға тапсырып қол қойған едім.  Сол күні Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жария болды. Мақаланың «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөліміндегі мына жолдарды оқыдым:

«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады... Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ, шет елдегілер де білетін болады». Мен мұны да белгі деп қабылдадым».

Кітапта Алла Елшін өміріндегі қызықты деректер көп. Оның өмірінің әр кезеңі, тұлғасының әр қыры оқырмандарды да шабыттандырады деп ойлаймын. Қош келдің, қазақтың муза қызы, Алла Елшін.

Бэлла Орынбетова
Бөлісу: