Дінмұхамед Қонаев пен Мұхтар Әуезовтың кездесуі

2 Шілде 2018, 10:00 7822

Қос алыптың жүздесуі

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Халқына  сыйлы,  заманының  дара  туылған  перзенті, Димаш атамыз туралы халық арасында талай жақсы естеліктер бар.

Димаш Ахметұлы мен заманының дара жазушысы Мұхтар Әуезовтың кездесуі туралы мына бір тамаша естелік «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты еңбегінде сипатталады. Қос алыптың жүздесуі Димаш Ахметұлы Риддер қаласындағы кен орынында директорлық қызмет атқарып жүрген кезде болған екен.

Дінмұхамед Қонаев жазушымен кездескен сәті туралы былайша әңгімелейді:

«Сол жылы менің есімнен ешқашан шықпас және ерекше бір кездесудің куәсі болдым. Омар Һайям айтқандай, жақсылармен әрбір жүздесуің жылға бергісіз өмір ғой. Ой, қайран Мұхаңның мүлде жөні бөлек еді ғой. Ондай ұлы адамның әрі сөзі, әр қимылы, әр ісі жанға азық, жастарға ғибрат. Көшелі кісіні көргеннің өзін айта алмай отыратын қазекемді, онымен тонның ішкі бауындай сыйлас, сырлас болған менің Мұхаң жайындағы естелігім енжар қалдырмас деп білемін.  

Жұмыс бабы сіңбіруге шама келтірген бе? Кеңсеге бас сұқсаң болды, алдың босамайды. Оның үстіне жеке шаруасымен келген кісілерді қабылдайтын күнім, уақытқа шек қойып, пәлсініп жату жоқ. Кімнің де болса құдайдан бір үміті бар, шаруам тынса деп, ол күпті көңілмен табалдырығыңнан аттайды, алдыңа келген адамға қолыңнан келген жақсылығыңды жасап, риза қылып аттандырсам деп, сен намысқа тырысып отырасың. Сондай бір қарбалас күн еді. Хатшы қыз асығыс кіріп:

– Жазушы Әуезовпін деп бір кісі қабылдауыңызға келіп отыр. Жазушы дейін десем, жұпыны киініпті. Қарапайым. Түсінсем бұйырмасын, жұмысшылармен пәленбай жылдан аралас-құралас жүрген адамдай емен-жарқын әңгімелесіп отыр,- деді.

Мен де өз құлағыма өзім сенбедім. «Апыр-ау, ұлы суреткер ат артып, тон тоздырып бір шеттегі күнгей елге де ат ізін салады екен-ау»,- деді бір ой қуаныш отын үрлеп. Сонда да секемшіл көңіл:

– Рас айтасыз ба? – деп қайталап сұратты.

Мұхаңды естуім болмаса, шығармаларын оқығанымболмаса, өмірі көрген жан емеспін. Алматыдағы №14 мектепте оқып жүрген кезімде, шамасы, тоғызыншы кластың оқушысы шығармын. Ойдың да, бойдың да өсіп, айналаңа іңкәр көңілмен көз тастап, сұлулық әлемінен сыр сабақтай бастаған шағымыз. «Қаракөз» сахнадан түспей, үлкен-кіші түгел жапырылып кеп, театрға барып жатқан. Қызық көріп мен де бардым. Әлі көз ал­дымда, Қаракөздің ролін тамаша өнер иесі, бірақ сахнадан тым ерте қол үзіп кеткен Зуһра Ата­баева, ал, Сырымды оның күйеуі Құрманбек Жандарбеков ойнады. Келістіріп ойнағандары сонша, Қаракөздің қасіретпен аяқталар тағдыры жан баласын жайбарақат қалдырмаған. Көзіне жас алмаған, әділетсіз өмірдің құрбаны болған пәк сезімге аянышпен қарамаған кісі кемде-кем еді. Онан кейін «Қаралы сұлуды», «Қараш-қараш» оқиғасын, «Қорғансыздың күнін», «Кінәмшіл бойжеткенді», «Көксеректі» оқып, Мұхаңның жазғандарына бауыр басып кеткен едім. Міне, енді ол кісінің өзімен жүздескелі тұрмын.

Жасыратын несі бар, тірі жазушымен тұңғыш рет бетпе-бет келуім, қуанышым қойныма сыймаған да шығар, қызығу да жоқ емес еді, құштар көңіл мені қабылдау бөлмесіне қарай дедектете жөнелді. Директорлық лауазым жайына қалды.

Шынында да, ол кісі бір топ жұмыскердің ортасында әңгіменің қызығына түсіп, дүниені ұмыт қалдырғандай әдемі бір көңіл күйде отыр екен. Қайдан тапқанын білмеймін, үстінде жұмысшы киімі, аяғында керзі етік.

Біз ұзақ әңгімелестік. Кеудемді мақтаныш сезімі биледі ме, әлде жеті қат жер астында жүріп, кен қазған қазақ өмірден шет қалмай, оның да өнерді, әдебиетті жанындай сүйгенін аңғартқым келді ме, әйтеуір, сөз орайы келген тұста ол кісінің жоғарыда аты аталған шығармаларын оқығанымды айттым.

– Пәлі, қазақтың көркем әдебиеті өндіріс ошақтарын аралап, тау қопарып, тас жарған құрыш білекті азаматтардың рухани әжетіне жарап жатқаны жақсы нышан, – деп саусақтарының ұшымен оң жақ танауын елеусіз көтеріп қойды.

– Өкінішке қарай, қазақ жұмысшылары саусақпен санарлық. Солардың қатарын қайтсек арттырамыз деп намысқа тырысып жатырмыз, – дедім. Ол кісі бұған елең ете қалды. Кітаптарыңызды оқыдым дегеннен бетер қуанды...  

– Бұл баршамызға ортақ міндет. Санын да, сапасын да арттыруға ұмтылсақ еді. Кәсіпке бейімделіп қана қоймай, көкірек көздері ашылар, сілкініп, дүниеге сергек қарай бастар еді. Соңынан ерген бала-шаға соған бауыр басып, жұмысшы әулетінің жаңа ұрпағы өсіп шығар еді. Тайжановтар шыңға дара шыққан шынар ғой. Әсте, шынар ұрығын етекке шашпайтын қасиеті бар. Сондай болып жүрмесе? Жә, өздеріңдей ел тізгінін ұстаған жігіттер, ендігі бар аманат өздеріңде.

– Мұха, қазақ: «Ауыр істен қорықпа, ауыр сөзден қорық» дейді екен, үлкен салмақ салып отырсыз. Қара бастың бабын емес, елдің жайын ойлай келгшен соң, маңдайы жарылған батырдай намысқа тырысамыз. Азды-көпті әрекетеміз өздеріңіздей ой тоқыған ағалардың қиялына қанат байлардай нәр болса, одан асқан оздырарымыз бар деп айта аламын.

– Тура айтпсаң да, тұспалдай отырып маған да салмақ салып тұрғаныңды түсіндім. Уақыт жазса, дәм-тұзы тартып, құйысқан көтерткен Риддер қаламға да қайрат бергендей, желпініп қайтып барамын. Құдай қос көрсе...

Біз сол жерде төс қағыстырып, құшақ айқастырып, қимай қоштастық. Шынынд да, ниетімізді құдай қос көріпті. Құда болдық. Менің асқар деген інім ұлы суреткердің Ләйлә деген қызына үйленді. Бірақ ол кісі Риддер жайлы жазам дегенін қағазға түсіре алды ма, жоқ па, кезінде қанша рет сұраймын деп жүріп, тарс есімнен шығып кете беріпті. Әдебиетші ғалымдар назар аударып, зерделесе, осы бір жұмбақтың сырын аша жатар деймін. Қанша айтқанмен Мұхаң сияқты кесек тұлға көңіл төріндегісін өзімен бірге алып кетпесі анық».        

 

Бөлісу: