Діни уағызшылардың қызметін лицензиялап, асабаларға бақылау күшейту керек

Бүгiн, 15:46 156

Бурабай төрінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында құрылтай мүшесі Бекзат Алтынбеков той-жиындардағы этикалық әдеп концепциясын бекітіп, діни білімдерге бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құндылыққа құндақталған ұлттық салт-дәстүрлерімізге сызат түсті. Ал салт-дәстүр дегеніміз – ұлыстарды біріктіруші ұлы күш. Саналы мәдениет қалыптастыратын мезгіл жетті. Қазіргі жиын-тойлардағы бейәдеп сөз, анайы анекдот, ебедейсіз ойын, асабалардң мәдениетсіздігі белгілі бір ортақ қоғамдық деңгейде бақылауға алынуы қажет әлеуметтік проблемаға айналып барады. Қарағанды облыстық Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесі жергілікті өнер адамдары мен асабалармен кездесу өткізіп, көпшілік жиындардың тәрбиелік мазмұнын арттыру, тіл мәдениетін көтеру секілді мәселелерді талқылауды қолға алды. Алайда, арнайы бекітілген этикалық ереже болмағандықтан бұл жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітерлік деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеге қоғамдық бақылау тетігін күшейтіп, арнайы этикалық ереже қабылдау керектігін баса айтқым келеді. Өйткені, жиын-той тәрбиенің ең басты құралдарының бірі. Бұл әлдебіреудің қызығына араласып, қазан-ошағы мен дастарханын билеу емес, ұлттық құндылықтарды сақтаудың бірден бір жолы дегім келеді, - дейді Бекзат Алтынбеков.

Оған қоса діни уағызшылардың қызметін лицензиялау бастамасын көтерді.

Қоғамда дүрбелең тудырған мектепке орамалмен бару мәселесі де осы бейқамдығымыздан шығып отыр. Осы мәселеге мемлекеттік тұрғыдан зор мән беріп, діни оқу орындарындағы білім сапасы мен тәрбие жұмыстарының мазмұнын қатаң қадағалау керек. Осы орайда ұлттық құрылтайдағы әріптесім Қайрат Жолдыбайұлы діни білім беретін мамандар мен діни уағызшылардың қызметін лицензиялау мүмкіндігін, діни мазмұндағы әдебиеттерді арнайы маманданған дүкендерді сату бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар кейбір медреселерді қаржыландыру мәселесін де назарға алған жөн деп есептеймін. Міне, осы мәселелерді оңтайлы шешу мәселелерін бірлесе қарап, жұмыла шешім қабылдайтын уақыт жетті. Еңселі еліміздің ертеңгі болашағы үшін кейінге ысыруға болмайтын өзекті мәселе ретінде құрылтай талқысына ұсынуымның да себебі осы, - деді ұлттық құрылтай мүшесі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: