Dinat Blog: мақсатым – қазақ қыздарының жан-жақтылығын басқаларға таныстыру

22 Ақпан 2017, 15:18 13161

Влогшы Дина Тайшыбаеваның сұхбаты

Дина Тайшыбаева – ғаламторда видеоблог жүргізетін белсенді ана. Ол өз влогтарында қазақтың салт-дәстүрлері, бала күтімі, сән, аспаздық, жас аналарға кеңес және тағы басқа тақырыптар жайлы сөз қозғайды.

– Дина, қай кезден бастап влог жүргізе бастадыңыз? Бұл бастамаға кім түрткі болды?

– Осыдан 3 жыл бұрын «Youtube» әлеміндегі влогшы қыздардың видеоларын көрген соң, өзімнің жеке арнамды ашуға бел будым.

– Өзіңіз, мамандығыңыз, отбасыңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Мамандығым бойынша халықаралық туризм менеджерімін. Өзім Алматы облысындағы Қапшағай қаласында тұрғандықтан, бала күнімнен еліміздегі туризм саласын дамытуды армандадым. Бірақ, Алматы қаласында оқып жүрген шағымда өмірлік серігімді жолықтырдым. Осылайша, 18 жасымда 26 жастағы ақыл тоқтатқан жігітке тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір, артқа 13 жыл қалдырып, бүгінде 5 баланың анасы атанып отырмын.

– Қазір «Youtube» арнасында қанша көрерменіңіз бар?

– Бүгінде әлемнің түпкір-түпкірінен 5220 көрерменім бар екен (күлді).

– «Мен қандай влогшымын?» деген видеоңызда «мақсатым – қазақ қыздарының жан-жақтылығын басқаларға таныстыру» деген екенсіз. Видеоларыңызды осы мақсатта орыс тілінде жүргізесіз бе?

– Әрине. Егер шет тілін таза меңгерген болатын болсам, онда сол тілде жүргізетін  едім. Себебі, ағылшын  тілі халықаралық болғандықтан, көптеген елдің қыз-келіншектері қазақ қыздарымен танысар еді.

– Сіз влогыңызда үйіңіздің ішін, балаларыңызды, туыстарыңызды түсіресіз. Бұған жолдасыңыз қалай қарайды?

– Жолдасымның тарапынан ешқандай қарсылық болған емес. Керісінше, мені қолдап,  қажетті аппаратурамды алып берді. Жолдасым менің влогтарымның ең басты сыншысы деуге болады.

– Ең көп қаралған видеоларыңыз қайсы?

– Осы уақытқа дейін «Казашка готовит» айдары мен «Орамал байлау тәсілдері» көп қаралған екен.

 – Влогтың сізге әкелген пайдасы қандай?

– Пайдасы дейсіз бе? Біріншіден, бұл өзіме  ұнайтын хоббиім десек болады. Екіншіден, әрдайым көрермендердің жылы лебіздерін оқығаннан кейін күні бойы көңілді жүремін (күлді).

– Қапшағайда сізді қазір көп адам танитын болар?

– Иә, Қапшағайда да, Алматыда да танып жатқандар бар. Мені көшеде танып, амандасып, тілек білдіріп жатқандарға үлкен рахмет айтқым келеді.

– Қандай шетелдік және қазақстандық влогшылардың арнасын қарайсыз?

– О-о-о, менің жазылған  арналарым өте көп болғандықтан, нақты мына шетелдік влогшының арнасын қараймын деп  айта алмаспын. Ал қазақстандық влогшылардан астаналық Айжан мен Әсияның видеоларын қызыға қараймын.

– Алдағы уақытта влоггинг арқылы табыс табуды көздейсіз бе?

– Ең басты мақсатым – жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, қазақ қыздарының жан-жақтылығын басқаларға көрсету. Әрине, болашақта сүйікті ісім табыс көзіне айналса нұр үстіне нұр болар еді.

– Есіңізде қалған ерекше пікір немесе видео түсіру барысында болған қызықты оқиғаны атасаңыз.

– Қазақстаннан алыс жерде жүрген отандастарымыздың «Шіркін, туған жерімнің даласын-ай! Қазағымның дастарханын-ай!»  деп сағына, тамсана жазып отыратын пікірлері маған ерекше ыстық көрінеді.

– Менің білуімше, сіз влогтарыңызда косметика, сәндік орамалдарды байлау әдістері, қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтасыз, түрлі тақырыптағы TAG видеолар түсіресіз. Алдағы уақытта бұдан басқа қандай тақырыптарда влог түсіргіңіз келеді?

– Алдағы уақытта көптеген көрермендердің сұрауы бойынша, 2 тақырыптағы плэйлистімді қайта жаңартып, ары қарай жалғастырсам деп отырмын. Біріншісі –  «Казашка готовит» айдары (қазақ келіншегі әртүрлі ұлттың тағамын дайындайды). Екіншісі – «Big MAMA» (ана мен бала мәселесі туралы).

– Сіз бес баланың анасысыз. Бала тәрбиесі, үй шаруасы, басқа да тірліктерге видеоблогыңыз кедергісін тигізбей ме?

– Әрине, жоқ (күлді).  Мен үшін жолдасым, бала тәрбиесі, үй шаруасы әрдайым бірінші орында және барлық әйел заты үшін солай  болуы керек деп есептеймін. 

– Сіздің ойыңызша, қазақша влоггингті қалай дамытуға болады?

– Меніңше, қазір қазақша влогтар қарқынды дамып келе жатқан сияқты. Влогшылар туралы ғаламторда көбірек жарияланса және солардың қатысуымен қызықты жиындар өткізілсе ғана халықтың влоггингке қызығушылығы арта түседі деп ойлаймын. Ал, қызығушылық болса, әлбетте, влогшылар көбейе түседі.

Әңгімеміздің соңында отбасымда қуаныш болса, менімен бірге қуанып, басыма қайғы түскенде, маған қолдау көрсетіп отыратын өзімнің «Youtube»-арнамдағы көрермендерім мен «Instagram» парақшамдағы  оқырмандарыма алғыс айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Роза Әрен
Бөлісу: