Бүгінгі Қазақстан – ғылым мен технология, білім мен жаңашылдық жолында қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Ел болашағы – білімді де зерек жастардың қолында десек, олардың арасында ғылым жолын таңдап, тың жаңалықтар ашып жүрген жас ғалымдардың орны ерекше. Олар — ел ертеңіне үміт пен сенім ұялататын, жаңалық пен жетістікке жетелейтін нағыз зияткер буын өкілдері. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жас зерттеушілердің бірімен тілдесіп, оның ғылым жолындағы табандылығы мен елге қосып жатқан үлесі жайлы баяндады.
Қазақстандық жас ғалымдар бүгінде медицина, биотехнология, жасанды интеллект, экология, математика, тарих, филология сынды түрлі салада елеулі табыстарға жетіп, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосып жүр. Олар тек отандық емес, халықаралық деңгейде де мойындалып, шетелдік конференциялар мен ғылыми журналдарда өз ізін қалдырып келеді.
Динара Писарева - Аустралия Ұлттық университетінде Ph.D. дәрежесін алған жас ғалым. Бүгінде Табиғи, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ассистент-профессоры. «Ғылымға 16 жасында келдім» дейді өзі.
Жастықтың буымен үнемі шалыс қадамдар жасап, бұрыс шешімдер қабылдай беретінмін. Дегенмен, ата-анам екінші рет жоғары білім алуыма қолдау көрсетті. Әсіресе, анамның қолдауы ерекше болды. Анаммен көп нәрсеге қатысты көзқарасымыз сәйкес келмесе де, әкем екеуі әрқашан білімге және ғылыми мансапқа деген ұмтылысымды қолдап отырды, - деп түсіндірді жас ғалым.
Динара әлеуметтік ғылымдар саласында мықты мектебі қалыптасқан Аустралияда әдістемелік білім алған.
Фото: жеке мұрағат
Динара ғылыми жұмыстарының ең маңыздысы ретінде Аустралия, Оксфорд және Финляндиядағы әріптестермен бірлескен зерттеуін алға тартып отыр. Жоба Қазақстан халқының вакцинаны қолдайтын мәтіндік хабарламаларға көзқарасын зерттеуге бағытталды.
Зерттеу жұмыстарының барысында «ата-аналардың қызамыққа қарсы екпе жасатуға дайын болуына әлеуметтік нормалар қалай әсер етеді?» деген сұраққа жауап іздедік. Атап айтқанда, халық вакцина мәселесінде кімге сенеді — дін өкілдеріне ме, әлде ғалымдарға ма? Бұл зерттеу қоғамдық денсаулық сақтау саласында тиімді коммуникациялық стратегиялар жасауға көмектеседі деген үміттеміз, - деді ол.
Кейіпкердің айтуынша, екінші жоба күш қолдану жағдайларында тәртіп сақшыларына деген сенімге арналған эксперимент. Зерттеу барысында респонденттерге полиция күш қолданатын әртүрлі сценарийлер ұсынылып, жағдайдың контекстіне қарай олардың қабылдауы қалай өзгеретіні бақылануда.
Қазақстандағы ғылыми институттармен жұмыс істеу тәжірибем аз. Ғылыми серіктестерімнің көбі - шетелде. Байқауымша, Қазақстан ғылымды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша нақты қадамдар жасауда. Бұл - өте дұрыс бағыт,-деп нақтылады жас ғалым.
Басқа елдердегідей, жас зерттеушілер мен ғылымдағы әйелдерді қолдауды құп көретінін жасырмады.
Саяси ғылым саласында ер адамдар әлі де басым. Десе де НУ-дегі әріптестерім, әйел-политологтар Сабина Инсебаева мен Камила Ковязинаны айта аламын,-деді.
Айта кету керек, Динара Писарева Nature Human Behaviour журналының ғалымдарға сенім артуға арналған жаһандық зерттеуге қатысқан болатын. Ол ғылымға, ғылыми әдіске және ғалымдардың қоғамдағы рөліне деген сенім деңгейін бағалауға арналған ауқымды зерттеу болатынын алға тартып отыр. Зерттеуге 68 ел қатысты. Оның ішінде Қазақстан, Грузия және Ресей бар. Зерттеуге шамамен 72 мың респондент атсалысты. Жобаны әлемнің түкпір-түкпірінен 214 ғалым үйлестірді.
Фото: жеке мұрағат
Ең жоғары сенім деңгейі Үндістан мен Мысырда тіркелді. Орта есеппен 4 баллды құрады. Ең төменгі көрсеткіш — Албания мен Қазақстанда. Қазақстанда сенім деңгейі 3.3 балл болды. Бұл — бейтарап көзқарас: толық сенім де емес, сенімсіздік те емес.
Біз соңғы орындардың бірінде болғанымызбен, бұл көрсеткіш барлық елдер бойынша орташа мәннен (3.6) аса көп ауытқымайды. Сол себепті жақсы нәтиже деп айтуға болады,-деді жас ғалым.
Назарбаев Университетінің ассистент-профессоры қызметіндегі Динараға студенттермен жұмыс істеу ең ұнайды. Оның айтуынша, университет студенттері - өте белсенді, сыни тұрғыдан ойлай алатын жастар.
Әріптестерімнен гөрі студенттер арасында достарым көбірек сияқты,-деп қалжыңдайды өзі.
Студенттердің анти-харассмент және гендерлік теңдік бойынша бастамаларын қолдайды.
Жақсы оқытушы болып, студент жастарды қолдағым келеді. Зерттеуші ретінде де өсу – мақсат. Себебі білгенімнен білмегенім көп. Болашақта Қазақстан үшін тәжірибелік маңызы бар, әдістемелік тұрғыдан сапалы зерттеулер жасау жоспарда бар. Студенттеріме қарап отырып, Қазақстанның ғылымда болашағы жарқын деп сенімді түрде айта аламын. Сондай-ақ, елімізде халықаралық деңгейде бәсекелесе алатын кадрлық әлеует бар екеніне сенім мол,-деп қорытындылады Динара Писарева.