Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дін саласындағы жұмыстың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Үкімет отырысында дін істері комитетінің қызметіне қатысты мәселе көтерілген кезде белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тілшілердің бірі министрден:
Өңірлерде діни ағымдар мүшелерімен жұмыс жүргізетін теолог мамандар бар. Оңалту шаралары елімізде он жылдан астам уақыт бойы іске асырылып келеді. Алайда назар аударуға тиісті маңызды мәселе бар: теолог мамандардың басым көпшілігінде құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсатнама жоқ. Заңнамада жеке адамның деректерін таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенімен, бұл бағыттағы жұмыс әлі күнге дейін нақты реттелмеген. Бұл мәселе алдағы уақытта қалай шешілмек? – деп сұрады.
Ведомство басшысы дін саласындағы жұмыстың жаңа тұжырымдамасы даярланып жатқанын тілге тиек етті.
Сіз өте маңызды мәселеге назар аудардыңыз. Дін саласында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді, алайда ең басты түйткіл – халықтың діни сауаттылығының төмендігі. Сол себепті ағартушылық жұмыс құпия сипаттағы қызмет түрі болып саналмайды. Қазіргі таңда біз дін саласындағы жұмыстың жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. Бұл құжат заманауи талаптарға сай, жаңа технологиялық үрдістер ескеріле отырып жасақталуда, – деді министр.