ДІН – БЕЙБІТШІЛІК ЕЛШІСІ

12 Қазан 2018, 04:00 2494

 «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық.»

Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік және дәстүрлі діндердің VII съезінде сөйлеген сөзінен

 

Қоғам дінсіз, дін қоғамсыз өмір сүре алмайтындығы дәлелденген аксиома. «Дін-апиын» деп Тәңірге табынушылықтың салдары саясатқа салқынын тигізеді деп үрейленген Қызыл империяның солақай сойыл тәжірибесінің кесірі мен кесапатынан әлем сабақ ұққандай болғаны белгілі. Тәңіршіл, тәубешіл халық жаны үшін қорықса да, сенімінен ажырамады, бірақ. Жалпы адам болмысы мен сенімнің арасында үзігі мықты үзілмейтін байланыстың бар екені де ақиқат.

Сонымен өткен аптада күллі әлемнің назарын аударған Қазақстанда ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 6-съезінде не талқыланды, қандай шешім, құжат қабылданды, бейбітшіліктің елшісі болған дінбасылардың пікірі қандай болды?

«Елдердің, геосаяси блоктардың арасында жаңа дуалдар мен «темір перделі» кедергілер бой көтеруде. Бірақ, ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүректерінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негізін қалауға емес, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің 6 съезінде сөйлеген сөзінде.

Мұндай пікірді әлемдік дін ұйымдарының өкілдері де қолдады. Олар әскери кешен құрылысын күшейтіп, қырып-жоятын түрлі қару-жарақтарды жасауға өлшеусіз қаражат жұмсап отырған өз елдерінің бұл әрекетіне тосқауыл қоюға мүмкіндік берер, түюлі істің түйінін тарқатар жол іздеді.   

 Генри Линч өзінің әйгілі «Дінге оралу» кітабында былай деп жазады: «Бір дінге сенген және құлшылық орындарына үзбей баратын жандарда адамдық және көркем мінез-құлық, дінге дұшпандық танытып, құлшылық орындарына бармайтын адамдарға қарағанда жақсы көрініс тапқан әрі берік қалыптасқан». Дін – адамзаттың рухани құндылығы, сенімнің ең жоғарғы шыңы, имандылықтың айнасы, сүйіспеншілік пен ізгіліктің тәрбие құралы екені талассыз. Жаһанданудың жалына қол артып,  технология қарыштаған бүгінгі заманда әлем халқының 14 пайызы бір үзім нанға зар болып, аштықтың зардабын тартуда. Ал жұмыссыздардың саны 190 миллионнан асып жығылады екен.

«Білім мен ғылымға жаппай ұмтылмай, кедейшілік пен қайыршылықты жеңу мүмкін емес. Тек білім ғана радикализм идеяларының бүкіл көріністеріне қарсы орнықты иммунитет қалыптастырудың негізі болып саналады. Бұл тұрғыда діни білімнің де маңызы орасан зор. Қазір оның платформасын әртүрлі жалған діни ұйымдар белсенді пайдалануда. Сондықтан, әлемдік және дәстүрлі діндер діни құндылықтарды саяси идеологемалардан  ажырату жөніндегі жұмыстарды атқара алар еді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент халықтар арасындағы әлеуметтік теңсіздік радикалиизм көріністерінің тууы мен белең алуына негіз болады деп атап көрсетті. Сондықтан, әлемнің саяси, рухани тұлғалары қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыруда күш біріктіруі керек деді. Әлемнің әр түкпірінен келген рухани көшбасшылар бір келісім үстелінде отырып, жер шары тұрғындарының бейбіт тірлігіне кепіл болар жол іздеді.

Әлем елдеріндегі қақтығыстар мен қырғи-қабақтықтың салдарын саралап, бейбітшіліктің бағасын ұқтыру, екі елді келісімге келтіріп, татулыққа шақыру ісінде рухани көшбасшылардың бейбітшілік елшісі міндетін атқаруы маңызды деген шешімге келді олар. «Дін бейбітшілік үшін» Бүкіләлемдік конференциясының бас хатшысы Уильям Вендли дінаралық келісім мен диалог үшін қолайлы, тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруда Қазақстан әлемге үлгі көрсетіп отыр деп атап айтты. Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстанның мемлекет басшылығы тарапынан дінге қолдаудың бар екендігін анық сезінгендіктерімен бөлісіп жатты. Қазақстан  өзін бейбітшілік пен толерантты мәдениетімен мойындатқан ел екені даусыз.

Елбасының «Әлем. 21 ғасыр» манифесі басқосуда талқыланған басты мәселе болды. Онда барлық жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуға үндеу жасалады. Қатысушылар құжатта жаһандық ауқымда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау стратегиясының бар екенін мойындады. Елбасы сенімге түскен көлеңкелі селкеудің жаһандық дағдарысын еңсеру үшін күш біріктіру маңызды деді. Ақпараттық қоғам дәуірінде бейбітшілік пен келісім идеясын жаһандық деңгейде ілгерілетіп, жаңа технология артықшылықтарын пайдалану үшін съезд базасында ақпараттық портал құруды ұсынды. Бұл портал арқылы кез-келген азамат өзінің көкейтесті сұрағын әрбір рухани, діни көшбасшыға қойып, кері байланыс орната алады. Осы арқылы ғалмтторда шығу тегі белгісіз, күмәнді сайттардан сабақ алып жүрген тұлғаларға дұрыс діни сауат пен бағдар беру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.

«Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан 18 түрлі конфессия, 3,5 мыңнан астам діни субъектісі тіркелгеніне, наным мен сенімнің түрлілігіне қарамастан, ұлттық қауіпсіздікті қамамасыз ету мен дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтап отырған бірден-бір ел. Сондықтан, түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі біздің тәжірибеміз көпке үлгі болмақ.   Елбасы конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық тәжірибесін әлемдік ауқымда кең қолдану туралы өз ойын білдірді. 

Қазақстанда ұлттық құндылықтардың отбасында, қоғам ортасында сақталуының маңыздылығына мән артылады. Сондықтан елдің әр аймағында ұлттық орталықтар құрылып, діни бірлестіктер мен ұйымдардың жұмыс жасауына еркіндік берілген. Ұлт пен ұлыстар арасындағы бір-бірінің ұлтына, тіліне, діліне, дініне құрметпен, түсінушілікпен қарауы ұлттар арасындағы татулықты нығайтып, бейбіт елдің берекесін арттыруда.

Бүгінде әлемде исламофобияның өршіп тұрғаны өзекті мәселе. Діни фанатизмнің белең алуы, күмәнді ағымдардың көбейуі - діни құндылықтар үшін үлкен қауіп. 2003 жылы Қазақстанда тұңғыш рет әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының бірінші съезді өтті. Бұл 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте болған атышулы жарылыс оқиғасы мен оған қатысты ислам дініне жағылған қара күйенің күйігі күллі ислам елдерін әбігерге салып тұрған кез болатын. Сол уақытта Қазақтан Президенті тәуелсіздігін жариялағанына 10 жылдан аса қоймаған әлем аренасындағы жас мемлекеттің алаңында халықаралық әлем діндерінің ашық пікір платформасын құрып, Исламның бейбітшілік діні екенін айтып қана қоймай, ісімен дәлелдеді. Ислам дініне жасалған қиянатты әділетсіздік деп айыптады.

Биыл Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезді Қазақстанда 6-шы рет өткізіліп отыр. Оның алғашқы жұмыс күнінен 15 жыл уақыт өтіпті.  

«Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды. «Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыра береді. Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын» – деді Қазақстан Президенті.

Қабылданған қорытынды декларацияда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі саяси және діни көшбасшылардың рөлі айқындалған. Съезд делегаттары жаһандық қауымдастықты диалог орнатып, белсенді байланыс жасауға шақырып отыр. Тек  күш біріктірудің арқасында ғана заманның сын-қатерлеріне төтеп беріп, діни дау-дамайлардың алдын алуға болады дейді олар.

Нұргүл Қалиева

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

 

 

Бөлісу: