«Димаштың даусына ұқсайды». Оңтүстік Кореяны даусымен тәнті еткен жас әнші кім?

30 Шілде, 18:13 1870

Оңтүстік Кореяның сахнасында қазақ жігіті алғаш рет өнер көрсетті. 24 жастағы Ернұр Такен көпшілікті ерекше даусымен тәнті етіп, кәрістерді таңқалдыруда. Жас жігіттің Сеулдің орталығында ән айтқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен. Желі қолданушылар оның даусын Димашқа ұқсатып жатыр. El.kz тілшісі өнер иесін сөзге тартып, әңгімелесті.

Ернұр Такен – Қызылорда қаласының тумасы. Әнді 12 жасынан бастап айтады. Қызылорда қаласының «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжінде білім алып, одан кейін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін «Академиялық ән салу» мамандығы бойынша бітіреді.

жеке мұрағат 

Қазіргі таңда Ернұр Кореяда тұрады. Білімін одан әрі жетілдіру мақсатында ол 2022 жылы осы елге қоныс аударады. Алайда оқуға түсу қиынға соққанын айтады. Оңтүстік Кореяда тұрып жатқанына екі жылдай уақыт болыпты.

Бұл мемлекетке келудегі мақсатым жоғарғы оқу орнына түскім келді. Бірақ оқуға түсу өте қиын болды. Сонымен қатар шығармашылықпен айналысуға және жұмыс істеуге бел будым, – дейді Ернұр Такен.

Ол ашық аспан астында Сеулдің сахнасында қазақтың халық әні «Құсни-Қорлан» әнін шырқап, ерекше даусымен шетелдіктерді  тәнті етті. Бұдан өзге ол «Бір бала» , «Айқаракөз» , «Құстар әні»  сияқты халық әндерді нақышына келтіріп орындап жүр. Тек хана халық әндерін шырқап қоймай, қазіргі жастардың талғамындағы «Әндетемін», «Жолдар» сынды әндерді де шырқайды.

@takenskyyyy Поющий Казах в Корее 🫰🏻🇰🇿 #корея #казахстан #korea #seoul #korean ♬ оригинальный звук - Takenskyyy

Үлкен елде ең алғаш теңіздің жағасында ән шырқадым. Ән айтып тұрған бұл видеоны TikTok желісіне жүктеген едім, бір күн ішінде 500 мыңнан астам қаралым жинады. Соның арқасында Кореяда жүрген қазақтарға және кәрістерге танылдым. Осылайша алғаш рет Орталық Азия фестивальіне шақырту алдым. Одан соң олар  мені көптеген іс-шараларға шақыртып, ән айтып беруімді өтіне бастады, – дейді жас талант.

Ол Кореяда жүріп алғашқы жеке әнін шығарғанын айтты. Сондай-ақ көптеген ұсыныстар да түсіп жатқанын жеткізді.

Кәрістер ұйымдастырған іс-шараларға ағылшын тілінде ән айтуға көп шақырады. Бірақ мен көбіне қазақша әндерді айтқым келеді. Өйткені қазақтың әнін, мәдениетін өзге елге таныту мақсатым. Сол үшін қолымнан келгенше қазақша әндерді көп орындауға тырысамын. Репертуарымда әндерім көп. Кез келген тілде ән айта беремін, – дейді ол.

Бүгінде Ернұр қазақ тілінен бөлек орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Қазіргі уақытта корей тілін меңгеріп жүрген көрінеді.

жеке мұрағат 

Кәріс тілін аса қатты білмеймін. Аздап түсінемін. Кәрістермен көбіне ағылшын тілінде сөйлесуге тырысамын. Тіл жағынан ешқандай кедергі жоқ, – деді.

Интернетте желі қолданушылар оның даусын Димашқа теңеп жатыр. «Димаш сияқты айтады. Димаштың даусына ұқсайды екен. Әміре Қашаубаевтай қазақты әлемге таныта бер» деп жылы лебіздерін білдіріп жазып жатқан тыңдармандар қатары көп екенін байқауға болады.

Иә, көбінесе менің дауыс тембрімді Димашқа ұқсатып жатыр екен. Бірақ даусым Димаштың  даусына ұқсайды деп ойламаймын. Әрине Димаштың даусына теңеп жатса керісінше қуанамын. Мұндай деңгейге жету үшін маған көп еңбек ету керек. Димаш жеке тұлға, мен жек тұлғамын. Өзіме Димаш ағамның жолын берсін деп тілеймін, – дейді Ернұр Такен.

Жас әнші кореялықтарға қазақтың халық әндерін орындап танытып жүр. Сонымен қатар дауысын көрсету мақсатында ағылшын тілінде де әндер орындап жүргенін тілге тиек етті.

Корей халқы даусыма тамсанады және әндерімді өте жақсы қабылдайды. Кейде маған «сізге мұндай дауыспен үлкен стадион жинауға болады» деген пікірлер айтады. Олар да Қазақстан туралы біледі. Өйткені Кореяда жұмыс жасап жатқан қазақтар өте көп.Сол себепті қай кәрістен сұрасаңыз да еліміз жайлы біледі. Оның үстіне көбіне біздің ел оларға ұнайды», – деді.

Оңтүстік Кореяда тұрып жатқанына екі жылдай уақыт болған Ернұр қазір көбіне жеке шығармашылықпен айналысады. Ал бос уақытында қосымша жұмыс істейді.

жеке мұрағат

Көбіне жеке шығармашылықпен айналысамын. Іс-шара болса, соған әндер дайындаймын. Қазір өзімнің жеке әнімді жаздырып, репертуарыма жаңа әндер қосып жатырмын. Ал бос уақытымда бір күндік жұмыстарға шығып тұрамын, – дейді өнер иесі.

Ернұрдың айтуынша Корея елінде 10 жылдай өзінің туыс әпкесі тұрады. Ол кәріс жігітіне тұрмысқа шыққан.

Осы әпкемнің шақыртуымен жұмыс істеуге және Корея елінің шоу-бизнес өнерін зерттеуге барған едім. Сол жақта шығармашылықпен айналысудың ең басты себепкері әпкем болатын, – деді.

Бүгінгі таңда Корея мемлекетінде жұмыс істеп жүрген отандастарымыз көп. Олар құрылыс саласынан бастап түрлі өнеркәсіптерде жұмыс істеп, өз кәсіптерін ашып жатыр. Кәрістер де еңбекқор халық екенін айтты.

 Кәріс халқы – өте қарапайым, эмоционалды және еңбекқор халық. Таңнан кешке дейін шаршамай жұмыс істей береді. Өз елінің экономикасын өздері тынбай еңбектеніп дамытып жатыр. Оларға қазақтардың түр-келбеті ұнайды. Қазақтардың түріне қызығып қарайды, – дейді.

Ернұрдың қазіргі жоспары – отанға оралып, шығармашылығын дамыту. Кореяға тек шақыртулар келсе барып тұрамын деген ойдамын. Себебі өз елімнен жырақта  ұзақ уақыт тұра алмайтынымды түсіндім. Димаш сияқты халықаралық телевизиялық шоуларға қатысуға дайындаламын», – дейді жас әнші.

Алға қойған мақсаты көп жас әнші Музарт тобының әндері сияқты мәңгілік хит болатын туындыны жазып шығармақ ойда. Өзінің авторлық жеке әндерін шығарып, халықтың қошеметіне бөленгісі келетінін айтты. Әншілік өнер кімнен дарығанын сұрадық.

жеке мұрағат 

Отбасында екі баламыз. Алдымда ағам бар. Ол қазіргі таңда Корея елінде құрылыс саласында жұмыс істейді. Өнер жолында жүрген менен басқа ешкім жоқ. Бірақ кезінде әкем өнерге қатты қызығып, хобби ретінде ән айтатын. Сол себепті мен осы әншілік өнердің негізгі себепкері әкем деп ойлаймын, – дейді жас әнші Ернұр Такен.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: