Димаш Құдайбергеннің костюмі аукционда 2 млн теңгеге сатылды

8 Сәуір, 13:53 1068

Алматыда "DAULETTEN қайырымдылық қоры" ұйымдастырған қайырымдылық кеште Димаш Құдайбергеннің костюмі аукционда 2 млн теңгеге сатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш костюмді танымал әнші Алла Пугачеваның Мәскеуде өткен мерейтойына орай ұйымдастырылған "Подарок для Анны" атты шығармашылық кешінде киген. Онда Димаш Игорь Крутойдың "Любовь, похожая на сон" әнін орындады. Костюм дизайнері – Atelier Leka.

Қайырымдылық қоры тарапынан ұйымдастырылған аукционда алғашқы лоттың бағасы 500 000 теңгеден басталды. Аукцион соңында костюм 2 000 000 теңгеге сатылды. Бұл лотты қазақстандық кәсіпкер, қаржылық сауаттылық бойынша ментор Еркебұлан Әріпбай сатып алды.

Мен бұл костюмді ініме сыйлаймын. Ол 11-сыныпты аяқтайын деп жатыр. Өзі де Димаш Құдайбергенге ұқсайды. Туыстарымыздың бәрі оны Димашқа ұқсатады, - деді ол.

Бұл аталмыш кеште 2 000 000 теңгеге бағаланған ең үлкен лот болды. Сондай-ақ, қайырымдылық кешінде "GGG футболка" 1 000 000 теңгеге, қазақстандық мини-футболист, Қайрат және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Серік Жаманқұлов киген футболка 300 000 теңгеге, "Ордабасы" футбол клубының және Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің футболкасы 300 000 теңгеге сатылды. Аукционда Мұстафа Өзтүріктің қолы қойылған кітап та болды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: