Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Төрағасы Асхат Жұмағали Қазақстанның халық әртісі, халықаралық әнші, композитор, мультиинструменталист Димаш Құдайбергенмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Антикор мәліметінше, кездесу барысында агенттік төрағасы жемқорлықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралармен, сондай-ақ елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін Агенттік жұмысының ашықтығын арттыруға, негізгі бағыттары мен заңдылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған заманауи әдістермен таныстырды.
Асхат Жұмағали өнердің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда, адалдық пен әділдікке тәрбиелеуде, адамдардың дүниетанымына әсер етуде және парасаттылық қағидаттарын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Антикор төрағасы қоғамдағы жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру мақсатында алдын алу жұмыстарына назар аудару маңызды екенін атап өтті, - делінген мәліметте.
Өз кезегінде Димаш Құдайберген атқарылып жатқан жұмыстарға, болашағымыздың игілігі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісіне қолдау білдірді.
Тараптар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, мәдени және білім беру бастамалары арқылы парасаттылық қағидаттарын насихаттауға бағытталған қоғамдағы заңдылық пен тәртіп қағидаттарын ілгерілету шеңберіндегі бірлескен жобаларды талқылады.