ƏДІЛ БИ

27 Тамыз 2014, 18:06

Бір адам далада жол жағалап келе жатса, жайылып жүрген бір топ түйеге ұшырайды.

 

Бір адам далада жол жағалап келе жатса, жайылып жүрген бір топ түйеге ұшырайды. Бұл адам өзіне жол ашпақ үшін қолындағы тайағын түйелерге лақтырып жібереді. Тайағы құрғыр ұшып барып бір түйенің көзін шығарады. Түйеші түйенің құнын даулайды. Бұл бəледен құтылайын деп түйенің көзін шығарған адам тұра қашыпты. Бір биік жардың кенерінен секіріп түскен екен, салмағымен көлеңкелеп жар астында жатқан бір бишара қартты басып өлтіреді. Мұны сол маңда жүрген қарттың баласы көріп қалады.

Жолаушы қашады, мұны қарттың баласы түйешімен қуып келеді. Сорлы қашқын бір дарианың  жиегіне  келіп  жетсе, қайықшыға ұшырайды, сасқанынан қайықшыға: «Мені дарианың ар жағына шығарып сал, бір ширек ет берейін», –   дейді. Қайықшы қашқынды өткізеді. Ал, енді қашқынның қайықшыға беруге еті жоқ. Не қыларын білмей, дағдарады.

Қайықшы қашқынды жағасынан алып жібермейді. Сүйтіп тұрғанда кейінгі екі даугер келіп жетеді. Даугер енді үшеу болады: біреуі түйенің көзін, екіншісі атасының кұнын, үшіншісі қайық пұлын сұрайды. Қашқын не қыларын білмейді.

Қайықшы қашқынға айтады: – Егер төлеуге етің болмаса, айағыңның балтыр етін кесіп бер, – дейді.

Бұлар қанша дауласса да, келісе алмай, ақырында сол маңдағы бір данышпан биге барып жүгініседі.

Би түйешіге айтады:

–  Əй, балам, бір түйені мен анадай жерге тұрғызайын, сен қолыңа тайақ алып, сол түйенің көзіне дəл тигізсең, түйенің көзі түгіл, бүтін түйенің өзін төлеуге үкім қылайын. Тигізе алмасаң өзің жазалы боласың.

Бұл сөздерді есіткен соң, түйеші ойға қалып, дауын кешіп, кетіп қалады.

Би енді қарттың баласына айтады:

–   Шырағым, мен осы адамды (қашқынды) жардың астына жатқызып қойайын, сен жарға шығып үстіне секіріп түс; егер өзіңнің салмағыңмен қашқынды өлтірсең, мен саған өз жаным- нан əкеңнің құнын төлейін, өлтіре алмасаң, өзің өлесің.

–  Бұл сөзді естіп, қарттың ұлының зəресі ұшып, құн даулаудан қашады.

Ал енді жалғыз-ақ қайықшы қалады. Данышпан қайықшыға айтады:

Мынау адамның балтырынан бір ширек ет кесіп ал, бірақ бір ширектен артық та, кем де болмасын; мұнан не артық, не кем болса, өз обалың өзіңе, басыңды аламын.

Соны естіп қайықшы қашады.

Бұл ертегіге қосымша бір билік өлең бар, соны төменде айтып өтелік.

Əділ бидің алдынан іс кетпейді,

Жебірлікті нəпсі үшін істетпейді,

Ердің құнын екі ауыз сөзбен ептеп,

Абыройын кісінің еш төкпейді.

Қылар жақсы түймедей түйедейді,

Жөнін тауып əр істің жүйелейді,

Жаман болса, төрешің ептей алмай,

Ақ ісіңді қаралап, күйелейді.

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

Бөлісу: