«Егінші – мәрт, жер – жомарт». Әрбір көктемде дала академигі Ыбырай Жақаевтың осы төл сөзі түлеп тұрады. Биыл да берекенің бастауы қалану үстінде. Күз-қыс бойы қамданған егінші сәуірдің тәуір мезгіліне маңдай тіреп, тірлігіне қызу кірісті. Жер жыртып, техникасын түгендеп, кетпенін сайлап, тұқымын тазалап отыр.
Әдеттегідей, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өңірдегі көктемгі жұмыстардың жай-жапсарын нақтылап, кестеге сәйкес тиісті тапсырмаларды беріп отырады. Бұл жолы да сол бағытта жүргізіліп жатқан іс-әрекетті байқадық. Оны басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев та растайды.
Биыл облыс бойынша барлығы 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру болжанса, оның ішінде дәндi дақылдар 97,1 мың гектарды, майлы дақылдар 5,5 мың, мал азықтық дақылдар 73,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,5 мың гектарды құрайды.
Аймақтың басты дақылы – күрішті 85,9 мың гектарға егу жоспарланып отыр. Бұл жалпы егістің 45 пайызы десе болады. Өткен жылы да осы көлемде күріш егілді.
Әрине, егіс үшін қаншама қажеттілікті қамтамасыз ету керек. Әсіресе, алдымен тұқым.
Мамандардың айтуынша, 2025 жылдың көктемгі егісі үшін облыс бойынша 22230 тонна күріш тұқымы, 1100 тонна жаздық бидай, 850 тонна күздік бидай, 46,9 тонна арпа, 1,0 тонна сұлы, 8,7 тонна тары, 32,6 тонна дәндік жүгері, 1,4 тонна күнбағыс, 99,3 тонна мақсары, 8,5 тонна соя, 19,4 тонна сүрлемдік жүгері, 9,0 тонна қант құмайы және 272 тонна жоңышқа тұқымы қамбаға құйылған.
Енді күріш тұқымының сұрыптық сарабына келсек, 1,1 тоннасы көбейтілген тұқым, 27,8 тоннасы супер элита, 231 тоннасы элита, 5204,5 тоннасы І - репродукциялы тұқым, 11396 тоннасы ІІ - репродукциялы тұқым, 3069,7 тоннасы ІІІ – репродукциялы тұқым, 2300 тоннасы ІV – репродукциялы тұқым екен Оның ішінде, сорты бойынша бөлсек, 22230 тонна күріш тұқымының 47,4 тоннасы «Маржан», 539,4 тоннасы «Сыр сұлуы», 3 тоннасы «Айкерім», 7 тоннасы «Айсара», 15298 тоннасы «Лидер», 3075,4 тоннасы «Янтарь», 210 тоннасы «Премиум», 160 тоннасы «Виконт», 1860 тоннасы «Маршал», 380 тоннасы «Каурис», 360 тоннасы «Яхонт», 290 тоннасы «Патриот» сорттары. Яғни, 11 сорт таңдалып отыр.
Ал, бүгінде егінге қажетті 64,6 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың 59,1 мың тоннасы, 74,1 мың литр гербицидтің 19,9 мың литрі сатып алынды.
Шаруашылықтар қолда бар 4 046 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын толық жөндеуден өткізді. Жыл сайын лизинг немесе басқа да сатып алу жолдарымен техникасын жаңалап келеді. Десе ескі-құсқысын амалдаған азаматтар да бар. Нақтысын айтқанда, 2024 жылы ауылшаруашылық құрылымдарымен құны 8,8 млрд.теңгені құрайтын барлығы 250 бірлік ауыл шаруашылығы машина-трактор паркі жаңартылды. Соңғы есеп бойынша аймақта 2018 трактор, 503 соқа, 261 тұқым сепкіш, 341 жүк көлігі және 923 трактор тіркемесі бар.
Облысқа 2025 жылдың көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізу үшін 10 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. Мемлекет тарапынан бөлінген арзандатылған дизель отынын жеткізуші операторлар болып 4 мекеме айқындалып отыр. Арзандатылған дизель отынынан шаруашылықтарға әр литріне 254 теңгеден 2,3 мың тоннасы таратылды.
Жалпы, күрішке дейін 3 848 гектар мақсары, 4 324 гектар жаздық бидай, 16 578 гектар жаңа жоңышқа, 200 гектар арпа, 215 гектар қант құмайы, 13 гектар судан шөбі егілді. Сонымен қатар, 49 913 гектар ескі жоңышқаның 45 278 гектары, 4 250 гектар күздік бидай тырмаланып, үстеп қоректендірілді.
Диқан көңілін күпті ететін мәселе – су. Онсыз күріштің күні жоқ. Басқарма берген мәліметке сүйенсек, 2025 жылғы 11 сәуірдегі Сырдария өзеніндегі судың жағдайы бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 697,6 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 4,8 млрд. текше метрді құрайды. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 100 текше метрі жіберілуде.
Вегетациялық кезеңде егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы су жүйелерін тазарту жұмыстары бойынша шаруашылықаралық каналдардың 81 пайызына және ішкі шаруашылық аралық каналдардың 100 пайызына тазалау жұмыстары жүргізілсе, су құрылыстарының шаруашылықаралық каналдарында 92,3 пайызы, ішкі шаруашылық каналдарының 87 пайызы және насос қондырғыларын 100 пайызы, гидробекеттердің 97 пайызы жөндеуден өтті.
Енді күріш егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады.