Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Digital Almaty 2024 Халықаралық цифрлық форумына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«INDUSTRY X: БОЛАШАҚТЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЭВОЛЮЦИЯСЫ» Digital Almaty 2024 Халықаралық цифрлық форумы аясында «Индустрияның цифрлық трансформациясы» панельді отырысы өтті. Спикер ретінде оған вице-министр Жәннат Дүбірова қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы – өнеркәсіп кәсіпорындары үшін Индустрия 4.0 технологиясының артықшылықтары.
Индустрия 4.0 – бұл ақпараттық технологиялар мен өндірісті біріктіру арқылы оның тиімділігін арттыратын өндіріске деген жаңа көзқарас, – деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова.
Сондай-ақ ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі цифрландыруды жеделдету мақсатында кәсіпорындарды қаржылық жағынан да қолдайтынын айтты. Соның ішінде кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында IT-шешімдерді енгізу шығындарының 50% бірлесіп қаржыландыру жоспарлануда. Ал 8 кәсіпорынның 183 млн теңгеден астам сомаға шығындары өтелді.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, «Цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеуші өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі» 12,9%, ал жоспарлы көрсеткіш 11% құрады. Сессияда вице-министр Индустрия 4.0 технологиясын енгізу үшін қабылданған шаралар туралы да атап өтті. Технология элементтерін енгізу мақсатында Концерн Siemens және IDC сияқты шетелдік сарапшыларды шақыртып, топ-менеджерлер мен басшыларды оқыту жұмыстары жүргізілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 311 менеджердің қатысуымен 22 іс-шара ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, вице-министр өнеркәсіпті цифрландырудың басты алаңы digital.gazindustry.gov.kz және жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасы minerals.gov.kz. порталдары жайлы мәлімдеді. Ал сөз соңында Ж.Дүбірова министрліктің өнеркәсіптің Ұлттық ақпараттық жүйесін құру туралы жоспарларын бөлісті.