Диас Тастанбеков Астанада гидропоника сыныбын ашты

12 Сәуір 2018, 12:19 8082

Мектептерге жаңа технологиялар енгізілуде

Жас ғалым-химик Диас Тастанбеков білім беру мекемелеріне автоматтандырылған әрі топырақсыз әдіспен өсімдік өсіру жобасын енгізумен шұғылданып жүр. Бұл – Диас Тастанбеков пен Арман Тосқанбаевтың бірлескен жобасы. Диас Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясында алғаш болып гидропоника сыныбын ашып, топырақсыз әдіспен өсімдік өсіруді қолға алды.

Арнайы жабдықталған сыныпта фито-жарықтандыру бойынша аэропоникалық құрылғы орнатылып, өсімдіктердің бірнеше түрі өсіріле бастады. Ең бастысы құрылғы автоматтандырылған жүйемен басқарылады, сыныптағы өсімдіктер топырақсыз әдіспен өсірілуде.

Диас Тастанбеков бұдан өзге бірнеше жобалары бар. Ол полимердің екі түрін ойлап тапты. Олар: медицина үшін биоыдырайтын және күн батареяларына арналған жартылайөткізгішті полимерлер болатын. Диас сондай-ақ «Сөйлейтін қоқыс жәшігі» жобасы мен видеосәлемдеменің авторы. Қазір Диас өзінің ең ірі жобасына өтініш беруді жоспарлап отыр. Остеосинтезге арналған биоыдырағыш импланттар жобасын докторлық еңбегі арқылы жетілдіріп, жүзеге асырмақ. Бұл жоба туралы біз алдағы уақытта міндетті түрде айтатын боламыз.

Бөлісу: