«Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне деструктивті діни ағымды ұстанушылардың алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен ақша бопсалаумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түсті»,-делінген сайттағы материалда.
Осы жылдың 13 қыркүйегінде сағат 23:30 шамасында белгісіз біреулер жәбірленушіні Ақтау қаласының шағын аудандарының бірінде орналасқан жалдамалы пәтерге алдап әкеліп, тапанша, электрошокер және пышақпен қорқытып, бопсалау жолымен жәбірленушіден 8 млн теңге мөлшерінде ақшалай қаражат талап еткен және өздерінің іс-әрекетін ұялы телефон камерасына түсірген.
Бұл дерек Маңғыстау облысы Полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі және 126-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді.
Маңғыстау облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Маңғыстау облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Маңғыстау облысының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында бір мезгілде күдікті деструктивті діни ағымның төрт жақтаушысын анықтап, ұстады.
Оларға қатысты тінту іс-шаралары жүргізілді. Барлық заттай дәлелдер тәркіленді. Төрт адамнан тұратын топтағы адамдардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды, сот санкциясымен барлығы қамауға алынды.