Десанттар арасында шаңғы жарысы өтті

Кеше, 20:41 213

Талғарда «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінің базасында шаңғы спортынан десанттық-шабуылдау әскерлерінің чемпионаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Екі күн бойы Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарының сегіз командасы құрамында 40 әскери қызметші патрульдердің командалық жарысы мен эстафетада бақ сынасты.

Атыспен жүргізілетін шаңғы жарысы – бұл әскери-қолданбалы спорт түрі. Оны әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығының ажырамас бөлігі деуге болады. Әр командадан әр түрлі жастағы бір қыз бен үш ер адам қатысты. Бұл жерде әдеттегі биатлон жарыстарынан айырмашылық әскери қызметшілер қашықтықты классикалық спорттық шаңғыларынан 2-3 сантиметрге кеңірек армия шаңғыларымен жүріп өтеді, - деді жарыстың бас төрешісі майор Марат Ағамбаев. 

Патрульдік командалық жарыстың бірінші күні командалардың ешқайсысы айыппұл айналымдарын жасауға мәжбүр болған жоқ. Бұл ретте десантшылар жақсы атыс дайындығын көрсеткенін айта кету керек.

Мұнда дене шынықтыру, ынтымақ және өзара көмек маңызды. Негізі мәре уақыты команданың соңғы қатысушысы 10 шақырымдық қашықтықты аяқтағаннан кейін анықталады. Патрульдік эстафеталық жарыста әр шаңғышыға 5 шақырымдық қашықтықты жүріп ату керек болды.

Жарыс қорытындысы бойынша алтын медальді Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов (Талдықорған қ.) атындағы 37-ші бригаданың командасы жеңіп алды. 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының (Қонаев қ.) шаңғышылары күміс, ал Райымбек батыр атындағы 38-ші десанттық-шабуылдау бригадасы қола медальға ие болды.

Жол өте күрделі әрі бедерлі болды. Әйтсе де өте әдемі және қызықты өтті. Біз бәсекелестеріміздің мүмкіндігін ескере отырып, жарысқа бір айдан астам уақыт дайындалдық, - деді жарыс жеңімпазы кіші сержант Елена Кульнева.

Дәстүр бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерге медальдар, грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Асқар Таудай
Бөлісу: