Депутаттар жер сілкінісін хабарлауға жауапты тұлғаларды жазалауды талап етті

24 Қаңтар, 12:40 1489

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа сауал жолдап, жер сілкінісінен кейін қалай әрекет ету керегін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаңтардың 22-нен 23-не қараған түні Алматыда болған жер сілкінісі қаланың атам заманнан сейсмобелсенді аймақта орналасқанына қарамастан төтенше жағдай департаменті қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың мұндай табиғи апаттарға еш дайындығы жоқтығын көрсетті. Ескерту жүйесінің болмауы мен мұндай жағдайда қажетті қарапайым іс-әрекет ережесін білмеушілік елді дүрліктіріп, әуре-сарсаңға салды. Үрейлі жұрт үйінен лифтілермен де қашып жатты.  Жиналу жерлерінің қайда орналасқаны жөніндегі ақпараттың жоқтығы мен қат-қабат құрылыстың салдарынан адамдар далада тұрғанның өзінде бастарынан қауіп бұлты сейілмеді, себебі, айналаның барлығы кез-келген уақытта күйреп түсуі мүмкін зәулім ғимараттар, - дейді мәжілісмендер.

Оған қоса, тұрғындардың көбі қаладан шығып кетуге тырысқан соң, төтенше жағдай қызметінің жолын бөгеген ұзын-соңар кептелістер пайда болды. 

112 қызметінен жер сілкінісі қаупі туралы алғашқы смс-хабарламалар алматылықтарға алғашқы қуатты дүмпуден екі сағат өткен соң ғана таратылып, одан бетер түсінбеушілік тудырды. Екінші толқынға дейін іс-әрекет реті туралы егжей-тегжейлі түсіндірмелер мен хабарламалар радиодан да, теледидардан да берілмеді, ал «Ұлттық деректер орталығының» сайты мүлдем қолжетімсіз болып шықты. Ал, таңғы брифингте Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мұндай жағдайда SMS хабарламаны жаппай таратудың тиімсіз екенін, дабыл елді дүрліктірмеу үшін қосылмағанын мәлімдеді. Бірақ хабарлаудың дер кезінде болмауы мен ақпараттың мүлдем жоқтығы қаланы үрей құшағына батырды, - деп атап өтті.

Сонымен қатар, егер дабылдар елді әбігерге салса, онда Төтенше жағдайлар министрлігі алдын ала хабарлаудың автоматтандырылған жүйесіне 1 миллиард теңгеден астам қаржыны не үшін жұмсағанын сұрады.

Оған қоса, елдің оңтүстігі шайқалып жатқанда бұл жүйелеріңіз, тіпті, қыңқ етпеді. Осыған байланысты, ескерту апаттың өзінен кем дегенде бірнеше минут бұрын Android және Google мессенджерлері арқылы келгенін айта кету керек, ал, оған бюджеттен көк тиын да жұмсалмаған. Былтыр жазда «Ақ жол» фракциясы Алматы қаласының төтенше жағдайлар қызметінің жұмысымен танысып, халықты апатты жағдайда әрекет етуге үйрететін «каскадтық» жүйенің шын мәнінде көзбояу екенін сынға алған еді. Жұрттың жаппай абдырап қалуы қажетті білім мен дағдылардың жоқтығын, сондай-ақ ұйымдар мен оқу орындарында өтетін төтенше жағдайдағы жаттығулардың тиімсіздігін көрсетті, - дейді Мәжіліс депутаттары.

Сол кезде депутаттар Сейсмология ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасының әбден тозығы жеткенін де айтқан. 2017 жылы үкімет бұл ғылыми-зерттеу институтын қаржыландыруды мүлде тоқтатып, тек «Ақ жол» фракциясы араласқан соң ғана қайта жандандырып еді.

Бірақ қазірдің өзінде де жағдай өте қиын. Институт ғимараты 1989 жылдан бері жөндеу көрмеген (35 жыл!), сейсмикалық стансалардың ғимараттары өткен ғасырдың қирандыларына ұқсайды, атақты сейсмологтардың жалақысы орта мектеп мұғалімінікінен де аз... Әрине, қазір әлдебір амалдар жасалып, тиісті қаржы бөлініп жатыр, алайда, бір-екі жылдан соң барлығы қайта өзінің ескі сүрлеуіне түсуі ықтимал. Келесі төтенше жағдайға дейін. Қателескіміз-ақ келеді, - делінген сауалда.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы мынаны талап етеді:

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: