Депутаттар жайылым тапшылығын азайтатын заң туралы бастама жасады

14 Ақпан, 00:33 714

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Құжат жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Заңда тозуға және шөлейттенуге қарсы күрес, сондай-ақ жайылымдарды суландыру шаралары жоспарын әзірлеу және бекіту жөніндегі облыстағы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейтуге байланысты Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер бар. Шалғайдағы мал шаруашылығы мен мал жаюға уақытша өтеусіз пайдалану үшін жер учаскесін беру жөніндегі норма алып тасталады. Заңда ауыл шаруашылығы малының санына орай жайылымның нормасын 20%-дан 50%-ға дейін ұлғайту арқылы жайылымды артық пайдаланбау шартын қатаңдату ұсынылады, - деп жазылған Сенаттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Одан басқа, ҚР Орман кодексіне орман және табиғат қорғау мекемелерін жергілікті атқарушы органдарға жыл сайын шөп шабу және мал жаю үшін мемлекеттік орман қорының учаскелері туралы ақпарат беруге міндеттейтін түзету енгізіледі. Ауыл халқының малын жаю үшін «Жайылымдар туралы» заңға елді мекеннің айналасындағы жерлердің мәртебесін күшейту мақсатында «қоғамдық жайылымдар» ұғымы енгізіледі.

Сенат комитетінің мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.

EL.KZ
Бөлісу: