Депутаттар қандай заңдарды қабылдады?

30 Маусым 2023, 10:33 1056

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бірінші сессияда қабылдаған маңызды заңдар туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды.

Қазіргі сайланымның басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобаларының депутаттардың бастамасымен әзірленуі. Депутаттар бастамашы болған заң жобаларына сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, Ел Президентінің тапсырмалары арқау болды. Бұл ретте Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңның қабылдануы – әлеуметтік әділдік іздеген жұртшылық талабына лайықты жауап, - дейді төраға,

Ерлан Қошановтың айтуынша, ол туралы Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған. Партиялардың сайлауалды бағдарламаларына да енгізілді. Аталған мәселеге осы сессияда нүкте қойылды.

Бұл заң – заңсыз алынған активтерді қайтарудың жаңа құқықтық тетіктерін қалыптастырды. Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жаңа халықаралық үрдістер ескерілді. Ешкім де заңсыз әрекеті үшін жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды, - деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ, қоғамда және сарапшылар арасында Сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жан-жақты талқыланғанын айтты.

Мемлекет басшысы осы мәселені шешу үшін нақты тапсырма берді. Осы орайда депутаттар арнайы заң әзірледі. Заңда газды зауыттан тұтынушыға дейін жеткізудің ашық жүйесі жасалады. Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудағы кемшіліктер жойылды. Енді, жаңа заң бойынша, басқару нысанын тұрғындардың өзі таңдай алады: КСК-ны қалдыра ма, ОСИ-ді таңдай ма – оны өздері шешеді, - деді Ерлан Қошанов.

Депутаттар онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері жөніндегі заңға да бастамашылық етті. Осы сессияда кәсіптік біліктілік туралы заңмен жұмыс аяқталды. Заң Ұлттық біліктілік жүйесінің барлық элементтерін реттейді. Мәселен, кәсіптік біліктілікті дәлелдеу арқылы түрлі қызметпен айналысуға мүмкіндік береді.

Электр самокаттар қолданысы қоғамда үлкен мәселеге айналып отыр. Олардың жүрісін реттеу жөніндегі түзетулер Парламентте кең талқыланды. Ең бастысы, депутаттар қабылдаған заң жаяу жүргіншілердің де, самокат жүргізушілерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен бірге, бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағын зерттеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілді жайттың бірі еді. Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешімін тапты. Заң нормалары полигонның аумағын қауіпсіз күйге келтіріп, халықты радиациядан қорғауға жол ашады.

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды. Ерлан Қошанов Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі көңілі толмайтын кейбір мәселелерді атап өтті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: