Депутаттар көпшілік құнды заттарын ломбардқа өткізіп күнелтіп жүргеніне алаңдаулы

14 Ақпан, 17:00 1146

ҚР Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Асхат Рақымжанов, Ажар Сағандықова, Наурызбай Сайлаубай қазіргі экономикалық жағдай жеке кәсіпкерлерге қиындық туғызып отырғанына алаңдап, ҚР Қаржы министрі Мәди Такиевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атына Астана қаласындағы бөлшек саудамен айналысатын базарлар мен сауда орталықтарының жеке кәсіпкерлерінен салық пен банктік комиссияларды азайтуды сұраған өтініш келіп түсті. 

Өйткені нарықтағы қазіргі экономикалық жағдай жеке кәсіпкерлерге қиындық туғызып отыр.  Олардың айтуынша, кәсіпкерлердің басым бөлігі салық төлеудің оңайлатылған режимімен жұмыс істейді. Бұл режим бойынша айналымнан 3% (пайыз) салық төлейді. Бұл кезекте бухгалтерлік есеп жүргізбегенімен, кеңсені жалдау ақысы, коммуналдық қызмет, логистика, жұмысшыға төленетін еңбекақы, тағы да басқа қызметтерге қалтасынан кететін шығын шаш етектен болып отыр.  Одан қалды, әкімдік азық-түлік бағасына мемлекеттік мониторинг жүргізетіндіктен, маржиналдылықты өз қалауымен арттыра алмайды. Көпшілігі несие-қарызға белшесінен батып отыр, біразы бизнесін өлтірмеу амалымен микроқаржылық ұйымдардан несие алған (төлем күн сайын төленеді), сонымен қатар, айдан айға өздерінің құнды заттарын ломбардқа тапсыруға мәжбүр болып жүр, - дейді олар.

Cондықтан азаматтардың кірісіне салынатын 3 пайыздық салықты таза пайданың пайызына негізделген неғұрлым әділ механизмге ауыстыруды сұрайды. Бұл тәсіл салық ауыртпалығын әділ реттеуге көмектесіп, экономикалық белсенділікті ынталандыруы мүмкін дейді.

Екінші деңгейлі банктер қосатын пайздарға келетін болсақ, мысалы, клиент Каспий кюармен (QR) төлем жасау кезінде банк 0,95 % комиссия ұстаса, картамен төлем жасалған жағдайда 2,5 %-ын, ал Каспий рассрочка және Каспий ред бойынша 10-12 пайыз ұсталады екен. Ескеру керек, Каспий ред пен рассрочкаға тауар алатын азаматтар баршылық. Сондай-ақ, банктен ақша шешіп алу кезінде де оның +1 %-ын банк ұстап қалады. Бұған наразы болған кәсіпкерлер: «Қазақстан Республикасындағы банктер әрбір транзакциядан біздің пайдамыздың 3-5 пайызын алып отыр. Жалпы алғанда, біз салықтар мен банктердің қызметі үшін 6 пайыз төлем жасап келеміз», - дейді, – делінген сауалда.

Жыл басынан бастап салық салушылар тарапынан қысым сезініп жатқандарын да айтып жатыр. Сондықтан кәсіпкерлерге бюрократиялық кедергілерді азайтуды, әкімшілік процестерге кететін шығынды азайтуды және салық салушылармен өзара іс-әрекетті барынша азайту үшін салық есептілігі рәсімдерін оңайлату мәселесін қарауды сұрайды.

Егер бөлшек саудаға түсіп отырған салмақты шұғыл жеңілдету шаралары қазірден қабылданбаса, шағын кәсіпкерлер жұмысын тоқтатудың алдында тұр. Жеке кәсіпкер ретінде еңбектеніп жатқандардың көбісі қазірдің өзінде бизнесін жаба бастаған, өйткені тауып отырған табысы мардымсыз, керісінше шығынға ұшырап, несие мен қарыздың қамытын киіп отыр әрі жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Сәйкесінше, мемлекет те жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеуге мәжбүр болады, - делінген сауалда.

Осыған байланысты депутаттар ұсыныс жасады

Бизнеске қолайлы жағдай туғызу және кәсіпкерлердің салық жүйесіне деген сенімін нығайту үшін салық салу процестерінің ашықтығын арттыруға бағытталған шараларды күшейтуді ұсынамыз. Бизнесте де, басқа салаларда да ашықтық әрі әділдік болуы тиіс.

Екіншіден, «Виза», «Мастер кардтың» орнына ұлттық төлем жүйесін енгізу керек. Қазіргі таңда шетелдік төлем жүйесі жұмыс істеп тұрғандықтан, ұлттық экономикамыздағы қаражат шетелдік жүйеге кетіп жатыр. Әр транзакциядан шамамен 0,3 пайыз ұстағанның өзінде мемлекетімізден 50 миллиардтан астам қаражат шетелдік жүйеге кетуде.

Үшіншіден, шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік бюджетке жалпы айналымынан төлеп жатқан 3 пайыз салық оларға айтарлықтай ауыртпалық салып тұр. Ендеше кәсіпкерлерді қинамай, салықты 3 пайыздан 2 пайызға азайту мәселесін қарастыру қажет.

Төртіншіден, жылдық айналым 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК-тен) асқан кезде бизнес субъектісі ҚҚС (қосымша құн салығын) төлеуші ретінде есепке тұруы тиіс. Бұл тым төмен сома, сондықтан ҚҚС (қосымша құн салығын) бойынша есепке қою шегін 48 000 АЕК-ке дейін көтеруді қайта қарау орынды деп санаймыз.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: