Депутаттар халықтың кез келген мәселесін шешуге дайын болуы керек - Бекпулат Парманов

19 Наурыз 2023, 13:34 1243

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Максим Горький атындағы орыс драма театрының бас режиссері Бекпулат Парманов ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаты депутаттарының сайлауы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

«Өз елімнің патриоты, азаматы ретінде  сайлауға барып, өз таңдауымды жасадым. Себебі еліміздің өсіп, өркендеп, мақтантұтарлық мемлекет болғанын қалаймын. Театрдың бас режиссері ретінде  әртістеріме үлгі болуым керек. Олар маған қарап бой түзейтін болады. Біз Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болғанын қалаймыз. Ол үшін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, дауыс беру қажет», - деді ол.

Сонымен қатар ол депуттардың қандай болуы керек екенін айтты.

«Біріншіден, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашық саясатты ұстанатыны ұнайды. Екіншіден, сайлау аяқталғаннан кейін өнер саласынан үлкен өзгерістерді күтемін. Себебі өнердің қоғамдағы орны мен маңызының жоғарылай түскенін қалаймын. Сондықтан билікке келетін депутаттар мәдениет, өнер саласын түсінетін, оны дамыта алатын тұлғалардың қатарынан болуы тиіс. Бастысы халықтың кез келген мәселесін ақылмен, тез арада шеше білу қасиетіне ие болуы керек. Өйткені қазақстандықтар еліміздің басты байлығы екенін депутаттар ұмытпауы қажет. Егер олар еліміз үшін адал қызмет ететін болса, онда біздің мемлекет гүлдене түседі», - дейді режиссер.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: