Депутаттар ең алдымен халықтың сеніміне ие болуы керек – саясаткер

9 Ақпан 2023, 17:20 1646

Төменгі палатаның құрамы әртүрлі топтан жиналуы тиіс

Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19-наурызға бекітілген болатын. Осыған қатысты саясаткер Аман Мәмбеталиев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Саясаткер билікке келген депутаттар алдымен халықтың сеніміне ие болуы керек екенін айтады.

«Алдағы сайлауда сайланатын депуттар халықтың билікке деген сенімін арттыруы қажет деген ойдамын. Себебі қоғамда «депутаттар ешнәрсе істемей алмайды» деген пікір қалыптасқан. Жаңа депутаттар осы пікірдің қате екенін дәлелдеу керек», – деді ол.

Сонымен қатар Аман Мәмбеталиев жаңадан құрылған партиялардың да ел алдында атқарар қыруар жұмыс тұрғанын атап өтті.

«Бұрыннан келе жатқан партиялар өздерінің жұмысын нақты біледі. Олар сайлауға қатысуға ниеттерін білдіріп отыр. Ал жаңадан құрылғандары 100 пайыз халықтан шыққан партиялар деп айта алмаймын. Әрине оның ішінде мықты азаматтар да бар, дегенмен бұл жерде мемлекеттің көмегі байқалып тұр деп есептеймін. Енді оларға өздерін халықтың да, биліктің де алдында жұмыс жасай алатындарын көрсете білу керек», – деді саясаткер.

Оған қоса ол депутаттардың құрамында қандай тұлғалар болуы керек екеніне де тоқтала кетті.

«Төменгі палата жоғары палатаға қарағанда максималды тұрғыда кең болуы қажет. Яғни оның құрамы әртүрлі топтан жиналуы тиіс. Жасы, туған жері, қызметі жағынан алып қарағанда жан-жақты болғаны жөн. Сол кезде олардың плюрализммен қабылдаған шешімі – ең дұрысы болмақ», – деді Аман Мәмбеталиев.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: