Депутаттар әскерилерге заңнамалық жаңашылдықтар туралы айтты

Кеше, 23:17 261

Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында мәжілісмендер Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан мен депутат Айдос Сарым әскери оқу орнының оқу-материалдық базасымен, сондай-ақ курсанттар мен мерзімді қызмет сарбаздарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысты.

Депутаттар атап өткендей, мұндай кездесулер оларға өздері қабылдайтын нормалардың тиімділігін тексеруге және заңнаманы жетілдіру үшін не талап етілетінін білуге көмектеседі. 

Қаңтар, ақпан айларында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жоспарлануда. Біз әскери қызметшілердің пікірін тыңдап, заңнамалық реттеуді талап ететін негізгі мәселелерді талқылау үшін келдік, - деді Айдос Сарым сапардың мақсатын нақтылап.

Депутаттар азаматтарды әскери қызметке даярлауды жетілдіруге және әскери қызметшілерді оқыту сапасын арттыруға бағытталған заңнамаға түзетулер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мәжіліс пен Үкіметтің жұмыс топтарының отырыстарында келісуден өткен бұл өзгерістер 2025 жылы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның жаңа редакциясына енгізілетін болады.

Кездесу барысында зейнетке шыққан кезде әскери қызметшілерді әлеуметтік бейімдеу, дипломдар сәйкестендіру және азаматтық қызметте әскери мамандықтарға сұраныс мәселелері де талқыланды.

Сондай-ақ, Алматы қаласы Әуезов және Наурызбай аудандары мектептерінің оқушыларына қамқорлық жасау туралы сөз болды. Депутаттар тәрбие жұмыстары мектеп оқушыларын үйірме қызметіне кеңінен тартумен нығайтылуы тиіс екенін атап өтті.

Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде депутаттар әскерге шақырылушылар, әскери қызметшілер және жұмылдыру ресурстары туралы сандық және сапалық деректерді есепке алу жүйесін цифрландыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ әскерге шақыруға, сарбаздар мен келісімшарт бойынша әскери қызметке үміткерлерді іріктеу жүйесін жетілдіруге байланысты тақырыптар қозғалды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: