Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған сауалында қарызға белшеден батқан азаматтарға көмек көрсету үшін банктерге берешегін кешіріп, соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тануға, төлем қабілетін арттыруға арналған заңның дұрыс жұмыс істеп тұрмағанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісменнің сөзінше, аталған заң борышкерлердің ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ өтініш беруге оңтайлы жағдай жасауы тиіс еді, ал шын мәнінде бұл заң да, банкроттыққа тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ.
Қолда бар жалғыз ресурс «Е-өтініш» қосымшасы арқылы жолданған өтініштер қанағаттандырылмай отыр. Соның салдарынан өмір бойы бейнеттеніп зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер зейнетақысынан қағылып жатыр. Көпшілігінің банктер алдында төленбей қалған қарыздары бар. Сот орындаушылары бәрінің есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығу мүмкіндіктерін шектеп тастаған.
Банктерге барсаңыз, бар-жоғы 32 мың теңге зейнетақысы банк картасына түспей жатып жоқ болып кеткен, зар илеген зейнеткерлерді көресіздер. Жағдайды зерттесек, зейнетақы «кіріс көзі» болып саналады және зейнетақы әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатқызылмаған,- делінген мәліметте.
Депутат әлеуметтік қорғалған есепшоттарды ашу тек «Каспий банкі», «Халық банкі» және «Центр кредит» банктеріне бекітілгенін, бұл банктердің филиалдары тұрмақ, банкоматтары көп жерде жоқ екенін айтты.
Барлық жерде банкоматтары болмаса да, бөлімшелері бар «Қазпошта» әлеуметтік қорғалған есепшоттарды ашуға болатын тізімге енбеген. Бұл қасақана жасалған әрекет емес пе? – дейді ол.
Сонымен қатар микроқаржылың ұйымдар жұмысына да бақылау болуы керектігін тілге тиек етті.
Біздің микроқаржы ұйымдары айлықтан-айлыққа деп аз ақша беріп алдап, айналдырған 30 мың теңгені төлей алмаса да, оған он еселеп өсім қосып, қарызға батырып жатыр. Ешбір табыс көзі жоқ азаматтарға уақытша көмек болғанымен, оңайлықпен құтылмайтын қарызға айналып кететінін көпшілік біле бермейді. Бірақ, бұл біздің бұқараның тоқтығын көрсетпейді, - деді Балабиев.
Осы орайда депутат заң қабылданғанның өзінде, банкроттыққа тапсырудың неге қиындап кеткенін сұрады.
Борышкерлердің айтуынша, «Е-мобил» қосымшасы арқылы банкроттыққа тапсыру тетігі жергілікті салық органдарының құзыретіне берілген. Бұл орайда мемлекеттік органдар борышкерлердің мүддесіне жұмыс істеуі тиіс! Ал енді зейнетақы қорынан қомақты қаржыны алып, ел игілігі үшін пайдаланып жатқандықтан, зейнетақыны «кіріс көзі» деп санау – ұят емес пе? Қазақ «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген ұрпақты тәрбиелесе, қариялардың ризашылығын алмағандардың сағы сынатынын ескерген екен. Бейнеткештердің зейнетақы жинағына қол салғанымыз аздай, зейнеткерлерге зейнетақысын жегізбеуіміз елдігімізге сын болар, - деді депутат.
Мәжілісмен бірқатар ұсыныс жасады: