Депутат ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады

8 Шілде 2023, 03:22 470

Сенаторлар Алматыда ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін сарапшылармен бірге талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жанна Асанова мен Нұрия Ниязова ҚР ҰҚК Шекара академиясының басшылығымен кездесті. Онда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында оқуын бітірген түлектерге сұраныс деңгейі, олардың жұмысқа орналасу пайызы, шекарашыларды жоғары оқу орнынан кейін және оған қосымша оқыту тәртібіне қатысты мәселелер көтерілді.

«Академия жалпы геосаяси жағдайға байланысты офицерлік кадрларды даярлауға қойылатын талаптардың да өсіп келе жатқанын ескеруі тиіс. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті Академия түлектерін Қазақстан Республикасының шекарасын қорғау жөніндегі міндеттерді абыроймен атқаруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы кәсіби құзыреттерді игеру үшін барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етуді маңызды деп санайды», - деді сенатор Асанова.

Кездесуге қатысушылар Академияның ғылыми-зерттеу қызметі және оның ұлттық қауіпсіздік пен әскери саладағы іргелі және қолданбалы зерттеулер мәселелерін де талқылады.

Сенаторлар білім беру үдерісін техникалық жабдықтау мәселелеріне, сондай-ақ Академия қабылдаған идеологиялық дүниетаным мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру шараларына ерекше назар аударды.

Перизат Саденова
Бөлісу: