Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында бюджеттік ұйымдардағы техникалық қызметкерлердің жалақасын көтеру мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен өз сауалында еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электриктер секілді қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын арттырудағы бірыңғай жүйені қалыптастыру, одан әрі дамыту және әлеуметтік кепілдемелерді қарастыру туралы бастама көтерген.
Сүлейменова техникалық қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен (жыл сайын орта есеппен 20%) артып жатқанымен, сұрақты талдау барысында өңірлер, аудандар және тіпті бір қала ішіндегі мектептер арасында жалақының әртүрлі деңгейде көтерілгені байқалатындығын алға тартты. Тиісінше техникалық қызметкерлер жалақыны арттыру тәсілінің әртүрлі болуына шағымданып жатқан көрінеді.
Еден жуушы, плотник, сантехник, аула сыпырушы, электриктерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу, еңбекақы жүйесін жетілдіру туралы түсіндірме ақпаратынан бейхабар. Осы саланың нақты ауыр еңбекті адал атқарып жүрген нағыз еңбек адамдарына жалақыны арттырудың бірыңғай методикасы сапалы түсіндірілуі қажет. Оларға еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеуді қарастыру кезек күттірмейтін мәселе, - деді депутат.
Депутат техникалық қызметкерлердің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасайтындығын, сөйте тұра оған қаражат төленбейтіндігін алға тартып, мұның еңбек заңдылығына қайшы екенін баса айтты.
Сонымен қатар жалақы тағайындауда жұмыстың күрделілігі ескерілуі керектігін де қоса кетті.
Хлор қолданатын жұмыстары күрделі техникалық персонал оған қосымша ақы қарастырылмағандығын айтуда. Бұл мәселенің шешімі қалай болмақ? Жалпы, білім беру ұйымдарында балалар арасында еден жуушылардың еңбегіне құрметпен қарауды тәрбиелеу өзекті.
Осы ретте, бюджеттік ұйымдардағы орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындаудың методикасына стаж, жүктеме, жұмыстың күрделілігі деңгейін ескеретін бірыңғай жүйе қарастырылуы тиіс және жалақыны арттыруда өңірлік және ішкі теңгерімсіздікті жою шарт, - деді ол.