Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев әкімдердің қарауында қажетті коммуналдық ресурстардың болмауына баса мән берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында осыдан бір жыл бұрын елімізді алапат су тасқыны алғанда, жергілікті әкімдіктерде не бір техника, тіпті қарапайым құрал-саймандардың болмағаны айтылған. Бұл мәселе әлі де өзекті екен.
Соның салдарынан тасқынның алдын алу жұмыстары әлсіз ұйымдастырылды. Нәтижесінде қаншама елді мекен су астында қалды. Осы оқиғадан соң біз Үкіметке жергілікті атқарушы органның коммуналдық-шаруашылық саясатын ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстарымызды жолдадық. Бұл ретте, кез келген апаттық жағдай, әлеуметтік мәселе бола қалса, таяқтың ұшы бірінші кезекте әкімдерге тиетінін білеміз. Шынтуайтында, қала және аудан әкімдерінің құзырында білім саласына да, денсаулық саласына да ықпал ету тетіктері қалмаған, - деді ол.
Сонымен қатар депутат елді мекендердің көркін кіргізетін, әкімдіктің жұмысының негізгі бағытын құрайтын көгалдандыру, абаттандыру, санитария, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және жолдарды күтіп ұстау жұмыстары кәсіпкерлік ортаға шығарылғандықтан, жергілікті жерде қиындықтар туындайтынын қоса кетті.
Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын коммуналдық қызметтер «бизнес тиімді ұйымдастырады, нарық бәрін реттейді» деп бәсекелестік ортаға берілген болатын. Бұл үрдіс еліміздің әкімшілік-басқару жүйесін, өндірістік-кәсіпкерлік мәдениетін, инфрақұрылымдық, географиялық және территориялық ерекшеліктерін және басқа да факторларды ескермей іске асты. Тек жоғары жақтан шешім қабылданып, науқаншылықпен өтті, - дейді Елнұр Бейсенбаев.
Соның салдарынан бірқатар жүйелі проблема туындаған:
Біріншіден, Үкімет көгалдандырумен жыл он екі ай айналысатын жоғары білікті мамандары және мықты материалды-техникалық базасы бар арнайы коммуналдық мекемелердің жұмысын тек бәсекелестік ортаға ғана емес, сондай-ақ кейбір қоғам өкілдеріне тікелей беру туралы шешім қабылдады. Оның ішінде, ерекше қажеттігі бар азаматтардың ұйымдарына басымдық берілді.
Өйткені көктем, күз айларында көшеттерді отырғызу, санитарлық кесу, саябақтарды күтіп ұстау, агротехникалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, инвентаризация жасау және басқа да жұмыстар жыл бойы атқарылуы қажет. Ал, жыл сайын өткізілетін конкурстар мердігерлердің үнемі ауысуына және көгалдандыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуіне кедергі болып отыр. Бұл өз кезегінде коммуналдық салада жүйесіздікті туындатып, аталған міндеттердің уақытылы орындалмауына алып келді. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп жүрміз, - дейді мәжілісмен.
Екіншіден, мұндай жағдай абаттандыру және санитария жұмыстарында да орын алып отыр. Мысалы, балалар мен спорт алаңдарының құрылысын, ауланы, жолды қардан, қоқыстан тазартуды жыл сайын тендерді ұтып алған компания жүргізеді, көбінесе олардың бұл салада тәжірибелері жоқ. Соның салдарынан балалар жарақат алған немесе қаза тауып жатқан фактілер де бар.
Сондай-ақ қалалар мен аудандарда тұрмыстық қалдықтарды жинауды, тасымалдауды бірнеше жеке компания бөліп алған. Ал, жергілікті әкімдерге қалдықтарды көму мен полигонды ұйымдастыру қарастырылған. Бұрынғыдай барлық процесті іске асыратын бірыңғай жүйе жоқ. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу өте төмен деңгейде.
Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында конкурстық рәсімдер соттағы дауларға байланысты кешіктіріліп, елді-мекендердегі санитарлық тазалау және абаттандыру мәселелері 9 ай бойы шешілмей келді. Мұндай фактілер басқа облыстарда да бар, - деп қосты ол.
Мәжілісменнің сөзінше, жағдай осы күйінде қала берсе, тұрмыстық қалдықтарды түрлері бойынша іріктеп жинау тұрмақ, қоқыстарды тазартудың өзі мұң болмақ.
Үшіншіден, бұл осы саладағы білікті мамандардың тарап кетуіне, біртұтас жүйенің ыдырауына, мамандандырылған коммуналдық бизнес-құрылымдардың қалыптаспауына алып келді.
Өйткені коммуналдық қызметтер бәсекелестік ортаға шығаратын, пайда әкелетін емес, тек шығын шығатын қызметтер. Біздің пайымымызша, осы коммуналдық қызметтерді нарыққа жіберу қате шешім болды.
Осы саладағы жұмыс сапасының төмендеуі және конкурстағы сыбайлас жемқорлық халық арасында әлеуметтік шиеленісті тудырып, орталық және жергілікті билік органдарына жиі наразылық білдіруіне әкеліп отыр, - дегенді алға тартты.
Ол кәсіпкерлік ортаға мемлекеттік функцияларды берілсе де, мемлекет пен қоғам үшін маңызды коммуналдық қызметтер мемлекет иелігінде болуы керек деп санайды.
Бұл мәселелерді шешу жолдарын да ұсынды: