Депутат Кіші Аралдың тағдырына алаңдаулы

4 Қыркүйек, 14:00 376

Депутат Мархабат Жайымбетов ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегін жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттық сауалым экологиялық апаттың бар қиындығын бастан кешіп отырған Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегі арқау болып отыр.  Кеше ғана Мемлекет басшысы жолдауда «экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі» екенін атап өтті. Арал тағдыры – адам тағдыры!!! Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас халық Кіші Арал –жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді, - деді ол.

Депутаттың сөзінше, «САТ» жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты.

Бір әттеген-айы, «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды (42 м.НГ). Айта кететін жәйт, бар ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 м. биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына жобалаушылар құлақ аспаған. Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 млрд. текшеметр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай, Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе?, - деді депутат.

Ол тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаны мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы екенін айтты.

Халықпен кездесуге барғанда көзім жетті. Айдыны қашқан теңіздегі халық Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен1,5 миллион доллар бөлінген. Бір қызығы жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей –қаражат игеріліп қойған. Оған мүдделі кім, қаржы мақсатты жұмсалды ма сауалдарды алға тартып, Қамыстыбас көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын тайға таңба басқандай баяндаған. Халық қырағы, - деді Мархабат Жайымбетов.

Депутат осы орайда келесі мәселелерді шешуді қажет деп есептейді:

Бірінші кезекте, бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі САТ түбегейлі тоқтатылсын!!! Жергілікті халық өңірде бірнеше қоғамдық талқылау мен кездесулер өткізуді, оның ашықтығын қамтамассыз етуді сұрап отыр.

Екінші, Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық Көкарал бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету.

Үшінші, Қамыстыбас көлі – аймақ жауһары, әрі өңірде экологиялық баланс сақтауда маңызы зор. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ!

Төртінші, Ақлақ су торабының құрылысы бұрын кеуіп қалған Қарашалан, Баян, Сартерен, Домалақ және басқа да көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Енді жобаның 2-ші кезеңі шеңберінде Қамыстыбас, Ақшатау, Ақсай және Қуандария көлдер жүйесі үшін осындай жұмысты жүргізу.

Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: