Депутат: Демократия – талабыңды ашық қоя білу

20 Қараша 2022, 10:08 1287

Бұл сауалға Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген өз пікірін білдірді

Бүгін еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауы қарсаңында Астанада «Біздің ел - біздің таңдау» атты онлайн марафоны өтуде, деп хабарлайды El kz. 

Марафонда «Адам қызығушылықтары, адамның мүддесі бірінші орында болуы керек пе? әлде көпке ортақ мемлекеттің мүддесі маңызды ма?» атты сұраққа пікір алмасу өтті. 
Бұл сауалға Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген өз пікірін білдірді.

"Жауапкершілік идеологиясы деген болуы керек. Кеңестік дәуірде қаншалықты жақсы өмір сүрдім, дегенмен ол жерде таптық мүдде болғаны түсінікті. Ол жерде сөз бостандығы мен ой еркіндігі болмады. Демократиялық құндылықтар - ашық түрде өз талабыңды қоя білу. Оған жеткізетін түрлі жол бар. Бірақ мемлекет дер кезінде халықтың талап-тілегіне  құлақ асуы керек", - деді депутат.

Сондай-ақ саясаттанушы Мақсат Жақау азаматтық қоғамның басты қағидаларын атап өтті.

"Бізде "мемлекет бәрін жасап беру керек" деген енжар түсінік бар. Бірақ азаматтық қоғамда олай болмайды.  Мемлекет кез келген тұлғаның шаруасымен айналыспау керек. Мәселен, кәсіпкерлер нарықтық талаппен, сапалы тауар шығаруға жұмыс жасайтын болса, сапа деңгейінде бәсекеге қабілетті болса отандық өнімдер де дамиды. Білім саласы да сапа үшін жұмыс жасаса сапалы мамандар шығады. Азаматтық қоғам дамыған елдерде жергілікті азаматтар өз мәселелерін өздері шешіп отырды. Азаматтық қоғамның да берері осы ғой. Ал мемлекет осындай жағдайға мүмкіндік жасау керек", - дейді саясаттаушы Мақсат Жақау.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: