Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин премьер-министр Олжас Бектеновке бұралқы иттердің мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жуырда Маңғыстау өңірінде орын алған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы жасөспірім итке таланып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға тек бір баланың тағдырына ғана емес, бүкіл қоғамдағы бірнеше маңызды проблеманы қайта күн тәртібіне шығарды.
Оның орнында 3-4 жастағы бүлдіршін болса, жағдайының қандай болатынын елестету қиын, – деп оқиғаның салдарының ауырлығына назар аударды спикер.
Оқиғаның резонанс тудырғаны арқасында зардап шеккен балаға облыстық ауруханада қажетті ем-шара толық көрсетілді. Алайда ауылдық жерлерде мұндай оқиғаларға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетіле ме деген сұрақ туындайды. Бұл – шешімін күтетін маңызды мәселе.
Ауылдарда ит талаған баланың бәріне дұрыс медициналық көмек дер кезінде жасалып жатыр ма, әрине жоқ! – деді спикер.
Дене жарақаты жазылғанымен, психологиялық зақымның салдары өмір бойы сақталуы мүмкін. Бұл баланың тағдырына кері әсер ететін ұзақмерзімді проблема болып қала береді. Соңғы уақытта балаларды қойып, ересектерге де бұралқы иттердің шабуыл жасауы жиілеген. Бұл қоғамда қауіпсіздікке деген сенімді төмендетеді.
Сонда бұралқы, аш иттерді тыя алмасақ, жас бала мен қорғансыз кәрілерді олардан қорғай алмасақ, біз кімбіз?! – деген өткір сұрақ қойды спикер.
Кейбір жануарлар құқығын қорғаушылардың пікіріне қатысты да сын айтылды.
Қазақстан Республикасының ең бірінші байлығы – адам, ал Мемлекеттің міндеті – әр азаматтың бейбіт және қауіпсіз елде өмір сүруіне жағдай жасау, – деді ол.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды иттер қабады. Бұл күніне 104 адамды ит тістейді деген сөз, оның кемінде жартысы – балалар.
Бұл – ресми цифрлар, қорқынышты әрі сұмдық статистика, – деп атап өтті спикер.
Парламент депутаттары бұл мәселені шешу үшін арнайы заң жобасын дайындауда. Қазіргі заңнамаға сәйкес бұралқы иттерді ұстап, стерилизация жасап, қайта босату қарастырылғанымен, бұл әдіс тиімділігін көрсете алмады.
Иесіз, бұралқы иттерді 15 күннен соң эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасы – гуманистік шешім, – деді спикер.
Мұндай тәжірибе АҚШ, Жапония, Израиль, Франция, Ұлыбритания сияқты елдерде қолданылады. Тіпті кейбір скандинавия елдерінде Ресейден бұралқы иттер шекарадан өтіп кетсе, бірден жою шаралары қабылданады.
Мәселені жүйелі шешу үшін Үкіметке ұсыныстар
Зооқорғаушы ұйымдарды тексеру: Барлық тіркелген ұйымдардың қаржыландыру көздерін анықтау;
Әлеуметтік желідегі этиканы сақтау: Парламент депутаттары мен азаматтарды қаралау фактілерін зерттеу;
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету: Бұралқы иттерді ұстап, агрессивті және жұқпалы ауру тарататындарын эвтаназиялау мүмкіндіктерін қарастыру.
Қоғамдағы басты құндылық – адамның қауіпсіздігі. Сондықтан бұл мәселе жүйелі түрде шешілуі тиіс, – деп түйіндеді спикер.
Бұралқы иттердің көбеюі – тек ветеринарлық немесе экологиялық мәселе емес, бұл – қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті проблема. Сондықтан Үкімет, қоғам және тиісті ұйымдар бірлесе отырып, нақты әрі тиімді шешімдер қабылдауы қажет.