Депутат блогерлер туралы заңның не үшін керек екенін айтты

11 Мамыр 2023, 12:16 1788

Еш жерде жұмыс істеп көрмеген жастар блогер болғысы келеді. Блогер болғанның өзінде миллиардтап қаржы тапса да, салық төлемейтін азамат аз емес.  Жуырда мәжіліс депутатары осы мәселеге қатысты жаңа заң қабылдау керек екенін айтқан еді. Депутат Айдос Сарым блогерлер туралы заңның не үшін  керек екенін түсіндірді.

–  Айдос мырза, әріптесіңіз Анас Баққожаев блогерлердің мәртебесі туралы мәселе көтерді. Депутат жастардың блогерлерге еліктеп жатыпішерге айналып бара жатқанын айтты. Жалпы, сіздің блогерлерге көзқарасыңыз қандай?

– Жастайынан еш жерде жұмыс істемей жатып тек блогер болсам дейтіндердің саны көбейді. Олардың мақсаты - өз жақтастарын жинап нешетүрлі әрекеттерге барып, атақты адамға айналу. Біз университет бітірген кезде әрбір екінші азамат «заңгер болам, экономист болам» десе, қазіргі таңда көбі өнер жұлдызы немесе интернет жұлдызы болғысы келеді. Мұны әлеуметтік зерттеулер де растап отыр. Бірақ бұл мамандық қаншалықты мәңгі болатыны оның қаншалықты ақталатын дүние екені белгісіз. Әрине, физика маманы бола тұра сол сала аясында контент жасаса, экономика туралы қызықты дүние айтса, ол пайдалы контенттердің санын арттырады. Алайда, трэш-контент деген бар. Онда нешетүлі сұмдық контенттің бәрі жасалады.

–  Саяси бағытта контент жасап жүргендер ше? Былтырдан бері соғыс туралы ақпарат тарататын азаматтар саны артқан сияқты.

–  Біз қақтығыс заманда өмір сүріп жатқанымызды түсінуміз керек. Мемлекеттер мен діндер арасындағы арпалыстар бар. Түрлі деңгейдегі геосаяси ойындар да бар. Көптеген жағдайда біз халық өз еліндегі мәселе емес, Ресей мен Украина арасындағы және Қытай мен Батыстың арасындағы пайдасы жоқ дүниелерді талқылап, соның жетегінде кетеді. Мұндай кезде өз ішімізге іріткі салынып, өзімізді бір-бірімізге айдап салып, тіпті кейбір жағдайда халықты бітіспес позицияға дейін апарып отырғанын байқап отырмыз. Бұл ұлттық бірлік тұрғысынан жақсы үрдіс емес. Ішкі бірлікке мән бергеніміз жөн.

–  Еліміздегі блогерлік бағыттан қандай мәселелерді көріп тұрсыз? Заң қолданысқа енсе шешіледі деп ойлайсыз ба?

–  Біріншіден, - жауапкершілік. Әлеуметтік желі әр адамның жеке кеңістігі емес. Әр адамның ауласының іші емес. Қоғамдық кеңістік ішінде жауапкершілік болуы тиіс. Бүгінгі таңда көшеде келе жатып балағат сөз айтсаңыз сіз жауапкершілікке тартыласыз. Біреу туралы жалған ақпарат таратсаңыз оған да заң бар. Қазіргі таңда шынайы өмірдегі жауапкершілік интернет кеңістігіне еніп жатыр.

Екіншіден, әлеуметтік желіні пайдаланып, миллиардтап ақша тапқан, бірақ бір тиын салық төлемейтіндер бар. Әлеуметтік желі арқылы кезінде ұмыт болған қаржы пирамидаларын құрып жүргендері тағы бар. Қазіргі таңда кең жайылған қайырымдылық арқылы күн көріп жүргендер азаматтар бар. Меніңше, мұндай азаматтарды заңмен құрықтайтын кез келген сияқты. «Ақша таптың ба? Онда салығыңды төле». Міне, бұл салықтың мөлшері белгіленуі керек. Осы бағытты мемлекеттік органдар мен Парламент дұрыстап қолға алуы қажет. Өйткені сіз мұғалім болсаңыз, дәрігер болсаңыз да салық төлейсіз, меніңше блогерлердің де  бұл мамандықтан еш артықшылығы мен кемшілігі жоқ.

–  Заң қабылданса, талай ұтыс ойындарын ойнатып, букмекерлік кеңселерді жарнамалап байыған блогерлерді жазалай аламыз ба?

–  Егер блогер ретінде халыққа жаның ашып, жемқорлыққа қатысты зерттеу жасасаң, оның түп-тамырын қазбалап, қорытынды шығарсаң ол қоғамға пайдалы іс, оған шектеу жоқ. Ал егер бір ғана шалажансар сөзді іліп алып, адамның қателігін пайдалансаң шантажбен күн көрсең онда жауапкершілікке тартылуға тиіссің. Бұған дейін блолергер мәселесі билік тарапынан аса қатты назар аударылмай келді. Назардан тыс қалып жүргендіктен көп азаматтар пайдаланған. Қазіргі таңда жымқыру бойынша, қаржы пирамидасына қатысты көптеген сот істері жүріп жатыр. Ол жердегі қаржының есептесек, адам шошиды. Екіншіден, олар миллиардтап қаржы тапса да, салық төлемеген адамдар. Міне, осы мәселелердің алдын алу үшін депуттар тарапынан заң ұсынылды.

–  Блогерлерге қандай талап қойылуы тиіс?

–  Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс. Яғни блогердің тиісті ресми шот болуы керек. Тұтынушылардың құқығы керекті деңгейде қорғалуы қажет. Мәселен, кейбір блогерлердің оқырмандары олардың әр айтқанына қатты сенеді. Ал блогер жарнама жасап отырады. Оның қандай тауар екенін, қайдан келгенін, кім қаржыландырып отырғанын ешкім білмейді. «Бұл жарнама осылай жасалды, бұған осынша төленді» деп анық көрсетілгені абзал. Мысалы, шетелдік белгілі жұлдыздардың әлеуметтік желісінде жарнама үшін ресми түрде келісімшарт жасалады. Керекті  мөлшері қайырылдыққа, енді бір бөлігі салыққа кетеді. Бұл – әлемдік старндартта бар ереже. Былайша айтқанда, бұл жағынан біздің заң кешеуілдеп келеді.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ
Бөлісу: