Депутат Artsport бағдарламасындағы кемшіліктерді атады

15 Мамыр 2023, 13:17 889

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева балалардың қосымша білім беруі саласындағы мәселелер туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«АМАНАТ» партиясы бағдарламасының міндеттерінің бірі – балалардың қосымша білім беру қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл мүмкіндікті олардың жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі қамтамасыз ету керек еді. Алайда, бұл мүмкіндікті жүзеге асырудың тиісті механизмі әлі табылған жоқ. Artsport бағдарламасындағы олқылықтар әлі шешілмеді, ал жаңа цифрлық құралдарға қатысты жаңалықтар таң қалдырады, - дейді Екатерина Смышляева.

Депутаттың айтуынша, ата-аналар арасында орындарды бөлу процесі көз ілеспейтіндей жылдам жүзеге асады. Алматыда порталда кезек алуға 40 минут жеткілікті болған.

Шын мәнінде, мұндай «әділ» әрі заманауи тәсілді Үкімет жиі және әртүрлі салаларда қолданады. Әсіресе, барлық адамға қажет дүниеге келгенде тез болады. «Цифрландырудың» алғашқы құрбандары біздің диқандар болды. Құжаттарды тапсыру жылдамдығына қарай субсидиялар бөлінді. Бірнеше минуттың ішінде қаржы мөлшері таусылып қалды. Қаржының таусылу рекорды бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің көрсеткішін Индустрия министрлігінің жеңілдетілген несие бағдарламасы басып озды. Бұл жолы көлікті несиеге алу бәсекесі  18 секундта аяқталды. Ал бүгінгі таңда бұл әдіс әлеуметтік салаға да жетті, - дейді депутат.

Оның айтуынша, балалар контингентінің нақты есебінің болмауы қажеттілік пен сұранысты бағалауға кері әсерін тигізуде. Бір уақытта жұмыс істейтін екі ведомствоның – Мәдениет және Оқу-ағарту министрлігінің қызмет алушыларды қайталауы және төмен бағалауы байқалады. Бұл ретте бірыңғай электрондық кезек, жүйелердің толыққанды интеграциясы жоқ.

Екіншіден, тапсырыс көлемі өңірлер бойынша және өңірлер ішінде біркелкі бөлінбейді. Облыстар бойынша көлем жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты, алайда елдің әрбір кішкентай азаматы қосымша білім алуға құқылы. Үшіншіден, бағдарламаның жүзеге асуын қызметті ұсынушылардың дұрыс таңдалмауы қиындатады. Мысалы, ауылдық жерлерде аз екенін анық. Ал, мемлекеттік ұйымдардың спорт және шығармашылық тапсырыстар бойынша қызмет көрсетуге қатысуына шектеу қойылған, - дейді ол.

Төртіншіден, бүгінгі таңда жүйеде іріктеудің қандай да бір критерийлері, сабақ түрлері мен кезек  бойынша шектеулер жоқ. Сонымен қатар кездейсоқ таңдау механизмі жүзеге асырылмайды. Ең бастысы, пернетақтада саусағыңды жылдам қимылдату керек.

Осылайша, әртүрлі бизнестегі цифрландыру әрекеті көлік немесе ақша, орын мәселесін шешуге қауқарсыз. Керісінше,бәрінің ашық және жария түрде болмауы халықтың күмәнін тудырып, көңілін қалдырады, - деп атап өтті Мәжілісмен.

Сондай-ақ айтылған мәселелерді шешу үшін ведомствоаралық деңгейде жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу тәсілдерін өзгерту қажет екенін түсіндірді.

Бiр жауапты мемлекеттiк орган құрып, қосымша бiлiм беру қызметтерiн көрсетудiң бизнес-үдерiсiн қайта қарау керек. Бірыңғай тәсілді ойлап табуымыз тиіс. Бірыңғай тарифтермен жан басына шаққандағы қаржыландыру меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымдары үшін жұмыс істеуі керек. Оқу-ағарту министрлігі контингентін есепке алудың ақпараттық жүйесі негізінде бірыңғай электрондық кезек болуы керек, - дейді депутат.

Сондай-ақ балалардың жекелеген санаттары үшін орындарды бөлу тәртібінің критерийлерін бекіткен жөн екенін атап өтті. Үкімет қосымша білім алғысы келетін барлық бала үшін тең мүмкіндік жасауы керек.

Өз тарапымыздан біздің фракция осы жұмысты заңнамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге дайын, - деді депутат.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: